Эндоскопист дәрігер: Ата-ана салғырттығынан өңешін күйдірген балалар көбейді

Өңештің тыртықты тарылуы салдарынан бала  тамақ іше алмай, қиналып  қалады

Олжас Қасым

  • 19.06.2023

         Эндоскопия қазіргі уақытта клиникалық педиатрияның ажырамас бөлігі. Бүгінгі таңда ол медициналық мекемелердің  барлығында қолданылады. Эндоскопия арқылы ішкі ағзалардағы өзгерістерді визуалды бағалауға, әртүрлі ауруды ерте анықтап,  емдеу нәтижесін жақсартуға болады.  Медицина қызметкерлері күніне орай, заманауи эндоскопиялық зерттеу және ота түрлерін меңгерген білікті маман, туа біткен ақауларға хирургиялық операция жасайтын  Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының балалар хирургы – эндоскопист дәрігері Нышанбек Рәтбекұлы Шыланбаевпен сұхбаттасқан едік.

- Нышанбек Рәтбекұлы,  медицина саласы, оның ішінде аса жауапты, тәуекелді қажет ететін балалар хирургиясы  бағытын таңдапсыз.  Жалпы, осы мамандықты игеруіңізге  не себеп болды? Қалай келдіңіз аталған салаға?    

- Балалар хирургиясы бағыты бойынша  еңбек ету бала кезден бергі арманым. Оның себебі де бар. Өйткені, туған кезімде өзім де балалар хирургиясы бөлімінде жатып, ем алыппын. Өсе келе мен де науқас балаларға көмектессем, қиындыққа тап болған жандарды емдесем деген ойға бекіндім.

- 2021 жылы Белоруссияның   Минск қаласында тәжірибе жинап, тағылымдамадан өткен екенсіз...

- Біздің елде балалар хирургиясының деңгейі Ресеймен шамалас. Бірақ, салыстырмалы түрде олардан қалыс қалып келеміз. Беларусь мемлекетін таңдаған себебім, орыстардан гөрі олар жақсы үйретеді. Эндоскопия бағытында Беларуссия Ресейден озығырақ. Сол жақтан үйреніп келген білім-тәжірибемізді қазір отандық медицинада қолданып жатырмыз.    

- Эндоскопия бөлімі қызметі туралы айтып берсеңіз. Заман талабына сай медицина да бір орнында тұрмайтыны белгілі. Қандай диагностикалық және хирургиялық технологиялар, құрал-жабдықтар қолданасыздар? Балалар эндоскопиясы саласында қандай да бір жаңалықтарыңыз бар ма?

- Эндоскопия бөлімі тыныс алу, асқазан-ішек жолдарын толығымен қарайды. Туа біткен ақаулар, жүре келе пайда болған дерттер болады. Тыныс жолдарында кінәрат болса бронхоскопия жасау арқылы заманауи түрде зерттеп, диагностикалаймыз.  Сол сияқты асқазан, ішек жолдарын да толығымен зерттеуге мүмкіндік бар. Соңғы заманауи технологияны 2021 жылдан бері қолданып келе жатырмыз.  Яғни эндоскопиялық аппараттар жаңаланды.   Соған сәйкес, алға жылжу үрдісі басталды. Бөлімше жылына 2500 пациентті емдеп шығарады. 

- Клиникада 2022 жылдан бастап Қазақстанда алғаш рет балаларға асқазан түтігін орнату отасының жаңа түрі енгізілді. Эндоскопиялық құрылғы көмегімен операцияны денені кеспей-ақ жасауға болады ғой.   

- Біздің өмірімізде тамақтану маңызды рөл атқаратыны белгілі.  Тамақты сіңіру, оның асқазан-ішек жолдарына түсуі, қорытылғаннан кейінгі энергетикалық құндылығы бар.  Егер асқазанға тамақ түспеген жағдайда бүкіл ағза функциясын дұрыс атқара алмайды және істен шыға бастайды. Дәл осы әдісті қолдана бастағанымыз –бірінші кезекте ДЦП-ға шалдыққан балалардың өздігінен тамақ жұта алмай қалуы. Аталмыш мәселе  бізге қозғау салды. Өз бетінше ас қорыта алмағандықтан, дәрігерлер оларға зонд қойып, сол арқылы ғана тамақ бере алады. Ал зондты ұзақ уақыт ұстаса ол асқазанды теседі, сосын үлкен инфекциялық ауруларға алып келеді.  Ата-ана үшін ыңғайсыздық туғызады.  Соған байланысты Қазақстанда алғашқы болып біз асқазанға тікелей түтікті кеспей-ақ эндоскопиялық аппарат көмегімен салуды бастадық. Содан бері ДЦП-ға ұшыраған балалар лек-легімен бізге келіп жатыр. Бір жылдың ішінде 11 емделуші операция жасатты. Соның жартысынан көбі ДЦП-мен ауырған.  Осы ем арқыла балаларға тамақтану өте ыңғайлы болды. Мұрында зонд тұрмайды. Түтікпен тамақ берсе ол бірден асқазанға түседі де адамның жалпы жағдайы жақсара бастайды. Бұдан бөлек химиялық күю біз үшін үлкен проблема.

Көптеген химиялық тазалағыш заттардың бәрі кең қолданыста. Бұл үй ханымдарына жақсы. Алайда, тазалықтың артында балалардың соны байқамай ішіп қоюынан кейінгі тағдыры жатыр. Улы затты ішіп қойған соң, 2-3 аптада баланың өңеш тесігінің толығымен тарылып, бітеліп қалады. Ондай бүлдіршіндер тамақ іше алмайды. Біздің институтбұрғылау операцияларын заманауи технологиямен жасайтын клиниканың бірі. Сондықтан, зардап шеккен ұл-қыздар бізге қарай ағылады. Өңеш тарылып, мүлдем бітеліп қалған жағдайда балаға тамақ беру мүмкін емес. Сондай кезде біз бұрғылау операциясымен өңешін ашып аламыз да, асқазанға түтікті қойып қоямыз.  Сонда ата-анасы су іше алмай қалса түтікпен жіберіп отырады да, бала жағдайы нашарламайды.  Емделгендердің жағдайы жаман емес. Ешқандай асқыну болған жоқ. Енді оны ары қарай дамытпақшымыз.

ДЦП-мен ауыратындар уақыт өткен сайын көбейіп жатыр.  Олардың ата-анасы тамақтанудың машақатын әбден көрген. Бала өздігінен тамақты жұта алмайды, қасықпен берген асты түкіріп тастайды. Өзіне керекті энергииясын ала алмай қиналады. Асқазан өзін өзі жеп, бүлдіршін мүлдем арықтап кетеді.

- Бұл әдіс басқа да ауруларға қолданыла ма? 

- Мысалы, бізде қатерлі дертпен  ауыратын  екі науқас диагностикадан өтті. Өңешін онкологиялық ісік қысып қалған.  Олардың асқазанына бірден түтік қою керек. Онсыз тамақтану мүмкін емес. Негізінен осы үш жағдайда түтік қойылады.   Көбіне ДЦП-ға, сал ауруына шалдыққан балаларға  екпін түсіріп жатырмыз.         

- Қазір балалар арасында асқазан-ішек, туа пайда болған өкпе аурулары секілді дерттер жиі кездесіп жатыр. Оларды  қалай анықтайсыздар?  

- Туа пайда болған өкпе аурулары көбейіп келеді.  Бұрын ондай жағдайдағы балалар шетінеп кете беретін. Себебі, оны диагностикалайтын заманауи технология болмады. Қазір медицинаның мүмкіндіктері кеңейгендіктен,  өкпенің қалыпты құрылыстары ауытқыса эндоскопия арқылы көзбен көріп, анықтай аламыз.  Дер кезінде операция жасалса ол балалардың өкпесі қабынбай, тірі қалады. Өмірі қалыпты болып кетеді.  Кейбір жағдайларда бір өкпе мен екінші өкпенің орындары ауысып кетеді. Бұл туа пайда болады. Мысалы, оң өкпеде үш бөлік болса, ондай ұл-қыздарда екі-ақ бөлік болады.  Керісінше, сол жақ өкпесінде үш бөлік кездеседі.  Ол кейін кішкентайлардың дем алуына қатты әсер етеді. Эндоскопиямен оны дер кезінде анықтаймыз.  Соған сәйкес науқасқа жиі бақылау жасаймыз. Өкпесін жиі тазалап отырса жақсы болып кетеді.  Кішкентай балалар қақыру, жөтелу деген функцияларды білмейді.  Сондай қиындықтан алып шығу үшін жиі тазалап отырсаңыз оңалады. Негізінен бұл процес 6-7 жасқа толғанша жасалады. Ары қарай бала қақыру, жөтелу қызметін өздігінен жалғастырып  кетеді.

- Эндоскопист-дәрігер ғана емес, балалар хирургы екенсіз. Қандай операциялар жасайсыз?

- Негізінен кеуде ағзалары мәселелерімен айналысатын хирургпін. Мұны торакальды хирург дейді.  Өңештің проблемалары маған жақын. Біріншіден, онымен айналысатын маман жоқ. Екіншіден, өңеш қорқынышты ағза. Сәл қателік жіберсең өңеш күйіп, жарамсыз болып қалады.

- Ондай қиын жағдайлар орын алып тұра ма?

- Әлемдік статистика бойынша, өңештік хирургияда ондай жағдайлар 2 пайыз шамасында болады. Сондықтан, біз одан қашып құтыла алмаймыз. Жылына өңеш дертімен 100 шақты бала қаралуға келеді. 9 жылдан бері осы салада жұмыс істеп жүрмін десем, 900 бала емнен өткен. Арасында бір-екі бала  біз айтқан мәселеге ұшырайды. Оны  жасыра алмаймын.  

Қазір онкологиялық аурулар өршіп тұр. Сол дерттерді де эндоскопия арқылы зерттейміз. Ем алушының  өкпесіне кіріп, кесусіз-ақ бір бөлігін алып шығамыз да диагноз қоямыз. Бұрын бір түйір биопсия алу үшін науқастың кеудесін толықтай ашатын. Қазір жағдай оңалды.          

-  Химиялық сұйықтықтарды абайсызда ішіп қойып, ас қорыту органдарына ауыр зақым келген балалар  аз емес. Оларды дерттен айықтыру үшін қандай амал-әрекеттер жасайсыздар?  Жылына қанша бала келіп түседі? Ата-аналарға балалар қауіпсіздігі туралы айтып өтсеңіз...

- Ата – аналар тазалық сақтаймын деп жүріп сол үшін қолданылатын химиялық заттарды балаларының ішіп қойғанын байқамай қалады. Содан кейін өңештің тыртықты тарылуы салдарынан бала  тамақ іше алмай, қиналып  қалады. Осындай балаларға біздің орталықта 100 –ден астам өңешті кеңейту оталары жасалады. Ата-аналарға айтарым, перзентіңіздің денсаулығын ұмытпау керек. Химиялық тазалағыш заттарды мейлінше баланың қолы жетпейтін жерге қойған дұрыс. Статистикаға сүйенсек, 1 мен 5 жас аралығындағы балалар осындай улы сұйықтықтарды ішіп қойып, өңешін күйдіріп, зардап шегеді екен.  Балаларға жылтыраған заттардың бәрі қызық. Ұрысқанды, ескертуді қабылдамайды. Осы қарапайым ережені ұстансаңыз болды, ешқандай зардап шегу болмас еді. Өңешін күйдірген балаларды дер кезінде медициналық көмекке алып келген дұрыс. Мысалы, көп жағдайда өңештің күйгенінен балалар ұзақ уақыт үйде жатып қалады, дәрігерге уақтылы қаралмайды. Соның кесірінен біз өте қиын жағдаймен бетпе бет келеміз. Сондықтан, өте ұқыпты болу керек, бала жүрген жерде химиялық заттарды қоймаған жөн. Балалар хирургі ретінде айтарым – ата-аналар ұл-қызын алдын ала медициналық тексеріске әкелуге  бей-жай қарайды. 1 ай, 6 ай және 1 жыл ішінде міндетті түрде баланы дәрігерге көрсету қажет. Хирургтің консултациясын алу керек.  Сол кезде бала бойындағы туа біткен ақауларды ертерек анықтауға болады. Дер кезінде ем жасалса баланың мүмкіншілігі жақсарады.  

-  Жалпы, елімізде «Балалар хирургиясының» ахуалы қалай? Бұл салада кәсіби біліктілігі жоғары хирургтер қаншалықты қалыптасқан?

- Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы балалар хирургтерін оқыту бойынша алдыңғы орында тұр.  Жыл сайын 10-нан астам маман даярланып шығады. Бірақ, материалдық жағдайына байланысты шыдамай шығып кететіндер аз емес. Кадр тапшылығы соған келіп тіреледі. 

- Әңгімеңізге рахмет!