Грантқа өтініш қабылдау уақыты белгілі болды
13-20 шілде аралығында грант конкурсына қатысу үшін өтініштер қабылдау басталады.
Биыл бакалавриатқа түсу үшін 73 мың грант бөлініп отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша барлық гранттың 60% техникалық мамандықтарға бөлінген. «Инженерлік, өңдеу, құрылыс салаларына» – 18 744 грант, «Педагогикалық ғылымдарға» – 12 560 грант, «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» саласына – 10 103 грант, «Жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика» бағытына – 7 388 грант бөлінген. Ал «Серпін» бағдарламасы арқылы түсушілерге 3 653 грант тиесілі, - деді Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Биыл талапкерлер өтініштерін EGov арқылы онлайн форматта немесе кез келген ЖОО-лардың қабылдау комиссиялары арқылы офлайн форматта тапсыра алады. Сондай-ақ ЖОО-ларда виртуалды қабылдау комиссиясы жұмыс істейтін болады. ЖОО-ларға оқуға түсу үшін талапкерлер жеке куәлік, ҰБТ сертификатын; 3х4 көлеміндегі фото, орта білім туралы аттестат (техникалық және кәсіптік білім беру (ТжКБ) ұйымдарының түлектері үшін диплом), № 075/у нысанындағы медициналық анықтама, жігіттер үшін әскери тіркелу куәлігін тапсыру керек және жеңілдетілген санат бойынша конкурсқа қатысу үшін растайтын құжаттар ұсынылады.