Мұғалімдер менен тезірек құтылғысы келетіндей көрінетін - инклюзивті білім беру
Инклюзивті білім беру – адамның физикалық, психикалық, интеллектуалдық және өзге де ерекшеліктеріне қарамастан, адамның жалпы білім беру жүйесінде болуын қамтамасыз ететін білім беру формасы. Инклюзивті білім беруге сәйкес, бала оқу процессіне емес, керісінше білім берудің формасы мен қарқын баланың қажеттілігіне икемделуі керек.
Мүгедектігі бар балалар үшін білім берудің мына түрлері де қолжетімді:
– Үйден оқыту;
– Қашықтан оқыту;
– Арнайы мектептер мен интернаттар;
– Жалпы білім беретін мектептердің түзету сыныптары.
Аида үйінің жанындағы жалпы білім беретін мектепте жұрт қатарлы білім алып жүрді. Бірінші сыныпты енді бітірген Аидаға оқу жылының соңында балалардағы церебралды паралич диагнозы қойылып, бұл оның қозғалысына қиындық келтіре бастаған. Осыдан соң мектеп әкімшілігі оны 5 сыныпқа дейін үйден оқу режиміне ауыстырады. Әдетте балалар сабақ оқудан шаршап, мектептен қашса, Аида достарын көру үшін, партада отырып білім алу үшін бірнеше рет үйден мектепке қашып кеткен.
«Мұғалімдердің келетін нақты бір уақыты жоқ еді, бірде келеді, бірде ұмытып кетеді. Олардың үйге келгенін күтпей, мектепке қашып кетіп жүрдім. Үш жыл бойы осы режимде «білім алдым». Ауыл мектебін бітіріп, бесінші сыныпта Алматы қалалық 2 арнаулы мектеп-интернатына ауыстым. Өзім сияқты балалардың ортасына тап болдым. Жақсысы – интернатта ешкім бір-бірін кемсітіп, келеке етпейтін. Өкініштісі интернатта әлі 11 жылдық оқу жоқ. 9 сыныпты бітіріп, қайта ауылыма қайттым. Таң қалғаным, мұғалімдерім де, достарым да мені жылы қабылдады».
фото Аиданың жеке архивінен
Аида қазір Алматыдағы техникалық колледждердің бірін тәмәмдап, Алатау облыстық ХҚКО жұмысқа кіргелі жүр. Арадан бірнеше жыл өтсе де, үйден оқыған жылдарын ашумен, ренішпен еске алатынын байқадық. Ол елдегі инклюзивті білім беру іс жүзінде мүлдем әлсіз, баланы кемсітуші ретте өтеді деп есептейді. Айтуынша, мұғалімдер үйден оқитын мүгедектігі бар оқушылардың білім алуына селқос қарайды.
кейіпкердің жеке архивінен
Кейіпкеріміз үйде немесе арнайы сыныптарда оқыту мүгедектігі бар балаларға одан әрі қысым жасап, қоғаммен байланысына кедергі келтіреді деп есептейді.
«Өкінішке қарай, басты екі қаладан өзге өңірлерде инклюзивті білім беру деңгейі өте төмен. Материалдық жетіспеушілік мәселесі әлі өзекті».
БҒМ 2020 жылға берген статистикасына сәйкес, елімізде 139 887 айрықша білім беруге мұқтаж адам бар. Аймағамбетов мәселе 2025 жылға дейін шешілетінін айтады. Министр сөзінше, алдағы 4 жыл ішінде мүмкіндігі шектеулі жандарды қабылдайтын мектепке дейінгі білім беру мекемелері 70%, мектеп, колледж бен ЖОО үлесін 100% жеткізу жоспарланып отыр.