Президенттің реформалары Түркістан өңіріндегі мәслихаттардың жұмысын жандандырды

Malim Админ

  • 20.11.2023

Өздеріңізге белгілі, Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығына сәйкес, биылғы жылдың 19 наурызында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтті. Бұл сайлау бұрынғы сайлаулардан өзерек болды. Оны қоғам да сарапшылар да айтып жатыр.

2023 жылғы 19 қаңтарда Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға сәйкес Парламент палаталарының төрағаларымен және Премьер-Министрмен кеңескеннен кейін Мәжілісті тарату және өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату туралы қаулыларға қол қойғанын мәлімдеді.

«Мәжіліс депутаттарының кезектен тыс сайлауы 2023 жылдың 19 наурызында өтеді. Барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарын сайлауды Орталық сайлау комиссиясы тағайындайды. Баршаңызды азаматтық жауапкершілік танытып, сайлауға белсенді қатысуға шақырамын. Өздеріңіз білесіздер, мен былтырғы қыркүйектегі Жолдауымда Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауын биылғы бірінші жартыжылдықта өткізуді ашық ұсынған болатынмын. Осылайша, бұл бастама жарияланған сәттен бастап дауыс беру күніне дейінгі кезең алтыдан асады. Партиялардың сайлау науқанына дайындалуға бұрын-соңды көп уақыты болмаған. Ол  Мәжілістің және мәслихаттардың кезектен тыс сайлауы – конституциялық реформаның жалғасы. Былтырғы референдумда халқымыз бұл реформаға қолдау білдірді. Соның нәтижесінде еліміз өкілді билікті жаңа, әділ әрі ашық бәсекеге жол ашатын қағида бойынша жасақтауға көшкенін баса айтты. Енді Мәжіліс депутаттарының 70 пайызы партиялық тізім арқылы, ал қалған 30 пайызы бір мандатты округтерден сайланады. Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы мәслихат депутаттары да аралас жүйе бойынша сайланады. Депутаттардың 50 пайызы бір мандаттық жүйе арқылы, 50 пайызы партиялық тізім бойынша өтеді. Ал аудан және облыстық маңызы бар қалалардағы мәслихат сайлауында азаматтар бір мандатты округтерден шыққан кандидаттарға дауыс береді. Осылайша, Мәжіліс пен мәслихаттар жаңа үлгі бойынша жасақталады. Сонда сайлаушылардың мүддесі жалпыұлттық және аймақтық деңгейде толық қорғалады. Өкілді билікке түрлі көзқарастағы азаматтардың келуіне мүмкіндік туады. Азаматтық қоғамның одан әрі дамуына айтарлықтай жағдай жасалады» деген Қасым-Жомарт Тоқаев  сондай-ақ, Конституциялық реформа аясында саяси партияларды тіркеу рәсімі жеңілдетілгенін де атап өтті.  Атап айтқанда, партия мүшелерінің санына қатысты талап өзгерді. Оның төменгі шегі төрт есе төмендеп, 20 мыңнан 5 мыңға дейін азайды. Партиялардың әр аймақтағы өкілдерінің саны кемінде 600 адам болуға тиіс еді, ал қазір 200 адамға дейін төмендетілді. Осы және басқа да жүйелі шаралардың нәтижесінде елімізде жаңа партиялар саны артты.

Сонымен бірге сайлау бюллетеніне «бәріне қарсымын» деген бағанның енгізілуі өте маңызды шешім болды. Партиялардың Мәжіліске өтуіне қажетті дауыстың төменгі шегі 7-ден 5 пайызға дейін азайды. Бұл да – елімізді демократияландыру жолындағы айрықша мәні бар қадам. Сайлау үдерісіне қоғамның түрлі өкілдерін барынша тарту үшін заңнамаға басқа да тың өзгерістер енгізілді. Мысалы, депутаттық мандаттың 30 пайызын әйелдерге, жастарға және ерекше қажеттілігі бар азаматтарға бөлу заң жүзінде бекітілді. Мұның бәрі саяси бәсекені күшейтеді, саяси жүйенің ашықтығын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ саясаткерлердің жаңа буынының қалыптасуына жол ашады.

«Қазақстанда қарқынды және жан-жақты жаңару үдерісі жүріп жатыр. Бұл сайлау қоғамдағы өзгерістердің көрінісі ретінде саяси жүйеміздің одан әрі жаңғыруына зор ықпалын тигізеді. Қазір әлемде дәл осындай ауқымды өзгерістерді қолға алған мемлекеттер көп емес.Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы мемлекеттік билік институттарын жаңғырту жұмыстарының қорытынды кезеңі болмақ. Осылайша, «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидаты толық іске асады.Біз бір ел, бір халық болып, Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз. Осы жолда түрлі сын-қатерді еңсеріп, көптеген маңызды міндетті бірге атқаруымыз керек. Мен баршаңызды азаматтық жауапкершілік танытып, Мәжіліс пен мәслихат сайлауына белсене қатысуға шақырамын», деді Президент.

Түркістан өңірінде сайлау жоғары деңгейде әрі ашық өтті. Халықтың белсенділігі жоғары болды.  2023 жылғы 19 наурызда Түркістан облыстық мәслихатының бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша сайланатын депутаттарының сайлауы болып өтті. Сайлаушылардың тізімдеріне 1 168 728 азамат енгізілді. Дауыс беруге 611 955 сайлаушы қатысты, олардың ішінде есептен шығару куәліктері бойынша 780 сайлаушы дауыс берді, дауыс беруге арналған үй-жайлардан тыс 4 371 сайлаушы дауыс берді. Кандидаттардың жалпы саны – 81. Жаңа мәслихатқа ауқымды міндеттер жүктелді. Парламент те жаңадан жасақталды. Ел Президенті  VIII шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясында алдағы жоспарларды бекітті.

 

«Мен бір жыл бұрын, осы ғимаратта халыққа жолдауымды жарияладым. Еліміз үшін аса маңызды сәтте саяси жаңғыру бағдарламасын ұсындым. Бастамаларымыз жұрттың шынайы қолдауына ие болды. Оған былтырғы референдумда айқын көз жеткіздік. Біз тәуекелге бел буып, бірден іске кірістік. Бір жылдың ішінде ауқымды жұмыс атқарылды. Конституциялық реформа арқылы бүкіл жүйені өзгертетін қадамдар жасалды. Президент жеті жылға бір рет қана сайланатын болды. Сондай-ақ Парламенттің құзыреті мен қызметі қайта қаралды. Депутаттардың рөлі едәуір күшейді. Конституциялық Сот құрылды. Бүкіл сот жүйесіне түбегейлі реформа жасау басталды. Адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғауға қатысты жұмыс жаңаша сипат алды. Азаматтардың саяси өмірге емін-еркін араласуына жол ашылды. Реформаларымыз «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидасына негізделді. Бұл қағида – мемлекетіміздің басты тірегі. Референдумнан кейін Конституцияның жаңа талаптарына сай билік тармақтарын түгел жаңғыртуға кірістік. Халықтың да көптен күткені осы еді. Конституциялық өзгерістерге сәйкес Президент сайлауы, Сенат, Мәжіліс және мәслихаттар сайлауы өтті. Референдумды қосқанда бір жылға жуық уақыттың ішінде өте маңызды 5 саяси науқан өткізілді. Оның бәрі аса күрделі кезеңге тұспа-тұс келді. Қаншалықты күрделі болса да, біз еліміз үшін өте қажет жолды қысқа мерзім ішінде жүріп өттік. Қазақстанның жаңарып, жаңғыра бастағанына жұрттың көзі жетті. Кешегі сайлауда партиялармен қатар көптеген азаматымыз бір мандатты округтен өзін-өзі ұсынды. Осылайша, халқымыз маңызды өзгеріске өз үлесін қосуға дайын екенін дәлелдеді. Елімізде жаңа азаматтық, саяси мәдениет қалыптасып жатыр. Мен сайлауға белсене қатысқан барша азаматқа алғыс айтамын. Бұл науқан, шын мәнінде, бұрынғыдан ерекше, өзгеше болды. Сайлау науқаны шынайы бәсеке жағдайында, ашық өтті. Үгіт-насихат кезеңін және дауыс беру барысын ақпарат құралдары жан-жақты көрсетті. Партияларға, үміткерлерге бірдей мүмкіндік берілді. Мұны отандық және шетелдік байқаушылар да айтып отыр. Қандай да бір саяси ұйымға артықшылық берілген жоқ. Президент ешбір партияның мүшесі емес. Облыс әкімдері партия бөлімшелеріне жетекшілік етпейді. Жоғары лауазымды қызметкерлер партия тізімінде болған жоқ. Яғни, барлық партиялар сайлауға бірдей жағдайда қатысты. Сайлаушылар да, үміткерлер де айрықша белсенді болды. Саяси партиялар әр аймақта ел назарын өзіне аудару үшін тартысқа түсті. Бірнеше рет тікелей эфирде партиялар арасында қызу және тиімді пікірталас болды. Бұл – демократиялық қоғам үшін қалыпты үрдіс. Мұның бәрі Қазақстанда ашық азаматтық қоғамның нығайып келе жатқанын көрсетті. Сайлау науқаны кезінде көптеген орынды сын, байыпты ұсыныс айтылды. Біз айтылған салмақты ұсыныстарды міндетті түрде зерделейміз.

Бәсеке жоғары болғандықтан, сайлау нәтижесін алдын-ала болжау мүмкін емес болды. Оның қорытындысы еліміздің нағыз көппартиялы мемлекетке айналу жолында маңызды қадам жасағанын көрсетті. Мемлекет басшысы ретінде айтарым, Мәжіліске көзқарасы әртүрлі саяси ұстанымдағы күштер келді деп есептеймін. Алғаш рет ұзақ жыл бойы оппозицияда болған партия Парламентке өтті. Біз осының бәріне ауқымды саяси реформаның арқасында қол жеткіздік. Партияларды тіркеу мәселесін реттейтін заңнаманың өзгеруі де бұған септігін тигізді. Енді партиялар еліміздің болашағына зор ықпал ететін саяси үдерістің басы-қасында жүретін болады. Мәжіліске бір мандатты округтен де депутаттар сайланды. Яғни, Парламентке түрлі әлеуметтік топтан шыққан өкілдердің келуіне жол ашылды. Сондай-ақ ұзақ жылдан бері алғаш рет өзін-өзі ұсынған үміткерлер депутат атанды. Бірқатар азамат партия атынан шыққан үміткерлерді тартысты бәсекеде жеңіп шықты. Осылайша, елімізде демократия дәстүрі жаңа деңгейге көтеріліп, нығая түсті. Саяси күштердің бәріне бірдей мүмкіндік берілетініне азаматтардың сенімі артты. Еліміздің жастары әрдайым менің айрықша назарымда екені баршаға мәлім. Мен билікке ойы озық, білімді жастар келуі керек деп үнемі айтамын. Өскелең ұрпақты ел ісіне баулу – өте маңызды мәселе. Олар қоғамға жаңа құндылықтар әкелуге тиіс. Сайлау кезінде жас кандидаттар бірігіп, өз тобын құрғаны белгілі. Осы одақтың белсенді мүшелері Парламентке және мәслихаттарға өтті. Осылайша, өкілді билік тармағына саясаткерлердің жаңа буыны келіп жатыр. Жастар мұны елімізді дамытуға берілген бірегей мүмкіндік деп бағалауы қажет», деді Мемлекет басшысы.

Сайлауда әйелдердің және ерекше қажеттілігі бар жандардың Мәжіліске өтуіне жағдай жасалды. Саяси науқан қоғамдағы әрбір азамат Парламентке мүше бола алатынын және «әлеуметтік лифт» жұмыс істейтінін  аңғартты.

Түркістан өңірінде сайлау нәтижесі бойынша сегізінші шақырылымдағы облыстық мәслихаттың бірінші сессиясы 2023 жылғы 30 наурызда өтіп, жаңадан сайланған 46 депутатқа («Аманат» – 33, «Ауыл» – 4, «Ақ жол» – 4, «Respublica» – 2, партияда жоқ –  3) төсбелгілері табысталды.

Сонымен қатар, алғашқы сессияда 3 тұрақты комиссия құрылып, олардың төрағалары сайланды.

Атап айтқанда:

1. Бюджет, экономика және ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясы (15 депутат) құрылып, оның төрағасы болып Тұрысбеков Мағауия Сексенбайұлы;

2. Әлеуметтік-мәдени даму, мемлекеттік-құқық, жергілікті өзін-өзі басқару және депутаттық этика мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясы (15 депутат) құрылып, оның төрағасы болып Сәлімов Алмас Алтайұлы;

3. Кәсіпкерлік, құрылыс, инфрақұрылымды дамыту,
жер қатынастары және табиғатты пайдалану мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясы (15 депутат) құрылып, оның төрағасы болып Көшенов Сұлтан Бахытұлы сайланды.

Сондай-ақ облыстық мәслихатта «Amanat», «Ақ жол» партияларының фракциялары құрылып, «Amanat» партиясының фракция жетекшісі болып Үмбетәлиев Алтынсары Дүйсенбекұлы,  «Ақ жол» партиясының фракция жетекшісі болып Нышанов Қанат Нұрбекұлы сайланды.

Жаңадан сайланған мәслихаттың 4 айда атқарған жұмыстары жөнінде өздеріңізбен бөлісу сәті келіп отыр. 

Жалпы, елдiң алдында тұрған экономикалық және әлеуметтiк мiндеттердi орындауға ықпал етуде мәслихат маңызды рөл атқарады.

Осы мақсатта, 2023 жылы облыстық мәслихаттың  4 сессиясы өткізіліп, түрлі салаларға қатысты маңызды мәселелерді реттейтін 53 шешім қабылданды, оның ішінде 9 шешім (нормативтік құқықтық акт) облыстық Әділет департаментінде мемлекеттік тіркеуден өтті. Сонымен қатар сессияларда облыстық бюджетке өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, тиісті жылдың облыстық бюджеті 2 рет нақтыланды. 2023 жылы облыс бюджетінің көлемі 1 триллион 325 млрд. теңгені құрады. Бюджеттің 58,5 % әлеуметтік салаға бөлінді. Бұл өз тұсында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар міндеттерді шешуге септігін тигізді.

Осы тұста айтып кететін мәселе, сессияда қабылданған әрбір шешім алдын-ала мәслихаттың тиісті тұрақты комиссияларында егжей-тегжейлі пысықталып, талқыланды.

Ағымдағы жылдың 4 айында облыстық мәслихаттың:

- бюджет, экономика және ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының 6 отырысы өткізіліп, 16 мәселе қаралды;

- әлеуметтік-мәдени даму, мемлекеттік-құқық, жергілікті өзін-өзі басқару және депутаттық этика мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның 4 отырысы өткізіліп,  36 мәселе қаралды;

- кәсіпкерлік, құрылыс, инфрақұрылымды дамыту, жер қатынастары және табиғатты пайдалану мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның 4 отырысы өткізіліп, 23 мәселе қаралды.

Тұрақты комиссиялардың отырыстарында облыстық бюджетті нақтылау, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелерді қабылдау, облыс әкімдігі жанындағы ведомствоаралық комиссиялардың дербес құрамына өзгерістер енгізу, облыстық әкімшілік аумақтық құрылысы және атқарушы органдардың есептерін тыңдау туралы мәселелер қаралды.

Жоспар бойынша бүгінгі күнге дейін тұрақты комиссиялар:

-  облыс әкімдігінің мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының іске асырылу барысы жөніндегі есебін;

-  облыстық мәслихат төрағасының мәслихат  қызметін ұйымдастыру, депутаттардың сауалдары мен сайлаушылардың өтініштері бойынша атқарылған жұмыстар және облыстық мәслихат аппаратының қызметі жөніндегі есебін;

- облыс әкімдігінің және облыстық тексеру комиссиясының 2022 жылға арналған облыстық бюджеттің атқарылуы жөніндегі есебін;

- Түркістан облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының 2022 жылғы атқарған жұмыстары жөніндегі есебін;

- Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының басқармаға жүктелген міндеттер мен функциялардың атқарылуы жөніндегі есебін тыңдады.

Осы мәселелерді зерделеу мақсатында құрамына депутаттар енгізілген арнайы уақытша жұмысшы комиссиялар құрылып, барлық аудан, қалалардағы спорт нысандарына және жолдарға жүргізілген жөндеу жұмыстарына зерделеу жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде тиісті басқармаларға ұсыныстар енгізді.

Мәслихат өкілді орган ретінде халықты толғандыратын проблемаларды шешу үшін жергілікті атқарушы органдарға депутаттық сауалдар жолдап, оның орындалуын үнемі бақылауда ұстап отырады.

2023 жылы жергілікті атқарушы органдарға 154 депутаттық сауал жолданған. Оның 86-ы немесе 56% қанағаттандырылып, орындалған.

Ал, қалған 68-і орындалу үстінде немесе заңнама талаптарына сәйкес түсініктемелер берілген.

Жалпы 154 депутаттық сауалдың:

- 25 пайызы тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, құрылыс, инфрақұрылым (ауыз су, газ, жол, электр энергиясы) саласына;

- 20 пайызы қаржы және экономика саласына;

- 16 пайызы білім саласына;

- 4 пайызы денсаулық саласына;

- 3 пайызы әлеуметтік салаға, қалғаны өзге де салаларға қатысты.

Облыстық мәслихат аппараты қызметінің маңызды бағытының бірі – азаматтардың өтініштерімен жұмыс.

2023 жылы жеке және заңды тұлғалардан барлығы   73 өтініш келіп түскен, оның ішінде 59-ы жеке тұлғалардан, 14-і заңды тұлғалардан. Барлық келіп түскен арыз-шағымдар бойынша қолданыстағы заңнама шеңберінде жұмыстар жүргізіліп, өтініш иелеріне мерзімінде жауап берілді.

Сонымен қатар 2023 жылы облыстық мәслихат аппаратының кеңсесіне 757 құжат келіп түсті. Келіп түскен кіріс хат-хабарларды қабылдау, талдау, жүзеге асыру жұмыстары жүргізіліп, мәслихат құзыретіне кіретін мәселелер бойынша 678 шығыс хат-хабарлар жолданды.

Өздеріңізге мәлім, халықтың ұсыныс тілектері бойынша қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуде мәслихаттардың орны ерекше.

Осы орайда, есепті кезеңде тұрғындарды толғандыратын мәселелер бойынша облыстық мәслихат қабырғасында өзімнің төрағалығыммен 6 жиын өткізіліп, тиісті органдарға 17 хаттамалық ұсыныстар ( ауылшаруашылық саласы бойынша - 10, энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық  саласы бойынша – 3, кәсіпкерлік және өнеркәсіп саласы бойынша – 1, спорт саласы бойынша – 3 ) берілді. Бүгінде ол ұсыныстардың 8-і орындалып, 9-ы бойынша жұмыс жүргізілуде.

Одан бөлек, облыстық мәслихат депутаттары халықтың түрлі топтарымен тұрақты негізде кездесулер өткізіп, сайлаушыларды жеке мәселелері бойынша арнайы қабылдаулар ұйымдастырды.

Есепті кезеңде депутаттар 100-ге жуық қоғамдық қабылдау өткізді.

Осындай жеке қабылдаулар мен кездесулерде көтерілген мәселелер бойынша құзыретті органдарға шаралар қабылдау үшін тиісті хаттар жолданды.

Бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Еститін мемлекет» тұжырымдамасында барлық мемлекеттік органдар жұмысының ашықтығын қамтамасыз етуді басты назарға қойып отыр.

Осы тұста, Түркістан облыстық мәслихаты қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету және маңызды мәселелер бойынша қабылданған шешімдермен  халықты ақпараттандыру мақсатында есепті кезеңде өткізілген барлық 4 сессияның онлайн-көрсетілімдері «Youtube» платформасында көрсетілді және бейнежазбасы сақталды.

 Мемлекет Басшысының Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарына сәйкес, ақпараттық насихаттау жұмыстарын барынша жандандыру мақсатында арнайы Медиа-жоспар бекітілді.

Медиа-жоспарға сәйкес, мәслихат депутаттары есепті кезеңде мәслихат тарапынан қабылданған аса маңызды шешімдерді, еліміздегі айтулы оқиғалар мен қол жеткізген жетістіктері туралы республикалық және жергілікті БАҚ-та          20-ға жуық материалдар жариялап, телеарналарға сұхбаттар берді. Сондай-ақ, «Facebook», «Instagram» әлеуметтік желілеріндегі мәслихаттың және депутаттардың жеке парақшаларында 300 жуық материал жарияланды.

Жалпы, облыстық мәслихатта жұмыстар жоспарға сай іске асырылуда. Депутаттардың барлығы хал-қадірлерінше ел өміріндегі өзекті мәселелердің шешілуіне атсалысып, белсенді жұмыс жасауда.  

Өздеріңізге жаңа шақырылымдағы облыстық мәслихаттың 4 айда атқарған жұмыстары қысқаша баяндалды.

Әлі алдымызда атқарылатын жұмыстар қыруар. Ол жұмыстар жылдық жоспарымызда белгіленген.

Ең бастысы, Президентіміздің Жаңа, Әділетті Қазақстанды құру идеясы аясында халыққа жайлы орта қалыптастыру, тұрғындардың        әл-ауқатын көтеру, әділетті экономика құру сынды саяси-әлеуметтік бастамаларын іске асыруға белсенді атсалысатын боламыз.

Атап айтқанда, ауылды жерлердегі білім беру ұйымдарының ғимараттарын жаңарту, үш ауысымды мектептердің мәселесін шешу, денсаулық сақтау ұйымдары ғимараттары және медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, елді мекендерді ауыз сумен қамту, тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық жүйелерін жаңарту, ауыл шаруашылығы өнімін арттыру, жұмыссыздықты азайту жолында өз құзыретімізде тиісті шешімдер қабылдайтын боламыз.

Одан бөлек, атқарушы органдардың есептерін тыңдап, тиісті ұсыныстар енгіземіз. Осы жылдың соңына дейін                8 мемлекеттік органның (облыс әкімдігі, ауыл шаруашылығы басқармасы, білім басқармасы, сәулет және қала құрылысы басқармасы, экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы, полиция департаменті, білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті, ветеринария басқармасы) есебін қарау жоспарланған.

«Алдымызда айрықша маңызды міндеттер тұр. Біз жан-жақты жаңғырту жұмысын күшейтуіміз қажет. Сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық даму барысына тың серпін беруіміз керек. Еліміз ұзақ уақыт бойы қолайлы сыртқы ахуалға арқа сүйеп келді. Неше түрлі тұжырымдамаларға, бағдарламаларға сенді. Атқарылған жұмыс туралы жалған есепке сенуге мәжбүр болды. Алайда аса маңызды, өзекті мәселелер назардан тыс қалды. Халықтың тұрмыс сапасы әлі күнге дейін жақсы емес. Құқықтық әділетсіздік белең алды. Бай мен кедейдің арасы алшақтай түсті. Алдағы бес жылда Үкімет және Парламент осы негізгі мәселелердің шешімін табуы қажет. Біз еліміздің белдеуін бекемдеп тартуымыз керек. Экономикада және әлеуметтік салада жылдар бойы жиналып қалған түйткілдер бар. Оның барлығын ретке келтіруіміз қажет. Сол үшін жұрттың бәріне бірдей жаға бермейтін, бірақ тиімді әрі қажетті шешімдер қабылдау керек болады», деген болатын Президент.

Жалпы, алдағы уақытта Президентіміздің алдымызға қойған міндеттерін, реформаларын орындауға бар күш-жігерімізді салып аянбай еңбек ете беретін боламыз. Сонымен қатар сайлауалды бағдарламамыздағы жұмыстарды кезең-кезеңімен атқара береміз. Өйткені, бізге сенім білдірген халық алдында үлкен жауапкершілік бар екендігін жақсы сезінеміз.

Нұралы Әбішов,

Түркістан облыстық              

мәслихатының  төрағасы                                                        

Байланысты жаналықтар

Ұлттық ақпараттық кеңістігіміз потенциалды сепаратистерден тиісінше қорғалмаған

25.07.2024

Аятжан Ахметжан: Министр Бейсембаев сынаған адамын ата жауы санайды

22.07.2024

Нұрбай Кеңесбекұлы: Ұлттық ұлан патриот жастарды шыңдайтын құрылым

30.06.2024

Төрехан Майбас: Бізді осы күнге алып келген - қазақшылығымыз!

28.06.2024

Тіл корпустарын әзірлеу және жетілдіру ісі – аса маңызды тарихи-мәдени іс-шара

27.06.2024

Аңсаған Мұстафа: Ұлттық нақыштағы киім ұлттық сананың оянуына себеп

25.06.2024
MalimBlocks
Ұлттық ақпараттық кеңістігіміз потенциалды сепаратистерден тиісінше қорғалмаған

Қазір ақпараттық, ментальды, гибрид, когнитивті соғыс тәрізді көптеген  ұғым пайда болды.

Аятжан Ахметжан: Министр Бейсембаев сынаған адамын ата жауы санайды

Министрлік ол  шешімнің күшін  жойып, мектепке құжат қабылдайтын уақытты 1-қыркүйекке дейін созды

Нұрбай Кеңесбекұлы: Ұлттық ұлан патриот жастарды шыңдайтын құрылым

«Жас бүркіт» деп аталатын 7 спорттық әскери-патриоттық клубы жұмыс істейді

Төрехан Майбас: Бізді осы күнге алып келген - қазақшылығымыз!

Тәңіріміз сыйлаған құтымыздың Иесі болуымыз керек!

Тіл корпустарын әзірлеу және жетілдіру ісі – аса маңызды тарихи-мәдени іс-шара

Қазақ тілінің корпус қорын арттыру, ішкі функцияларын жетілдіру ғылыми тұрғыдан да, тіл болашағы тұрғысынан да өте маңызды әрі өзекті.

Аңсаған Мұстафа: Ұлттық нақыштағы киім ұлттық сананың оянуына себеп

Ұлттық нақышты киім-кешекке принт түрінде түсіріп, ұлттық сананы жаңғырту жолдарын іздеген дарынды суретші, ұлт жанашыры Аңсаған Мұстафамен әңгімелесудің сәті түсті.