Риддердегі өрт: 35 отбасы үйсіз қалды
Шығыс Қазақстан облысында орман өртеніп, бір адам көз жұмып, екі адам дене күйігімен ауруханаға түсті.
Мамырдың 10-ы күні БАҚ пен әлеуметтік желіде Шығыс Қазақстан облысындағы орманның өртке оранып, тілсіз жаудың Риддер қаласы маңындағы Лесхоз ауылына жеткендігі жөнінде ақпарат тараған. Кейіннен өрт саларынан 1948 жылғы Галина Спивакованың қайтыс болғаны, 1949 және 1980 жылғы Дмитрий Шушаков пен Юрий Дорбышевтің күйіп қалғандығы хабарланған. Шығыс Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаментінің бысшысының орынбасары Қанат Әбділовтің сөзінше, күйік шалған азаматтардың жағдайы ауыр. Қазіргі уақытта жансақтау бөлімінде жатыр.
«1949 жылы туған Дмитрий Шушаковтың денесінің 80 пайызын күйік шалған. Жағдайы ауыр. Қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Денесінің 80 пайызы күйген 1980 жылы дүниеге келген Юрий Дробышевтің жағдайы орташа ауыр. Қазір ол травмотология бөлімінде», - деді Әбділов.
ШҚО полиция департаменті бастығының орынбасары Елдос Закимовтың сөзінше, өртке байланысты «Өзгенің мүлкін абайсызда жою» бабы ойынша қылмыстық іс қозғалған. Күдіктінің кінәсі дәлелденсе ол 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
«10 мамырда ҚР ҚК-нің 204-бабының 2-бөлігі (ауыр зардаптарға және аса ірі залалға әкеп соққан отты абайсызда қолдану арқылы бөтеннің мүлкін жою) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті 35 жастағы бұрын сотталмаған Риддер қаласының тұрғыны. Қазір полиция департаменті арнайы тергеу тобын құрды. Олар бейне бақылау камераларының видеоларын тексеріп жатыр. Егер күдіктінің кінәсі дәлелденсе, ол 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін», - деді Закимов.
Риддердер қаласының Рүстем есімді тұрғыны өрттің кәуәп отынан шыққанын айтады. Оның сөзінше, орманда шашлық пісіргендер оттарын өшірмей кеткен.
«Біз өрттің шашлық отынан шыққанын естідік. Таныстарымның айтуынша, орманда шашлық жасағандар оттарын өшірмей кеткен. Содан өрт шығып, ол Лесхоз ауылына дейін бірақ жеткен. Бастапқыда қорқынышты болды. Бірақ кейіннен өртті әрең дегенде өшірді», - дейді Рүстем.
Ормандағы өрт салдарынан бес бірдей көше отқа оранып, 31 үй жанып кеткен. 35 отбасы баспанасыз қалған. Бұдан бөлек, бес автокөлік пен бір көлік жөндеу орталығы өртенген. Өрттен келген шығын есептелініп жатыр.