Жастар саясаты. Сотты болған жастар мемлекет қолдауына мұқтаж
Жастар – елдің ертеңі, мемлекеттің болашағы. Сондықтан, жастардың білім алуына, ғылымды игеруіне, құқығы мен бостандығының тапталмауына ғана емес, жастардың кәсіп меңгеруіне, өзі қалаған жұмыспен айналысуына, денінің сау болуына мемлекет мүдделі.
2015 жылы «Мемлекеттiк жастар саясаты туралы» заңның қабылданып, Жастар саясаты жөніндегі кеңестің Президент жанындағы кеңестер қатарына қосылуы сондықтан. Елдегі басты жобалар мен реформаларды жүзеге асырудың негізгі қозғаушы күші болғандықтан, жастар саясатын жүзеге асыратын кеңеске де үлкен жауаптылық жүктелген. Жастарға байланысты өзекті мәселелерді зерттеп, зерделеп отырғандықтан, дәл осы кеңес Мемлекет басшысына мемлекеттiк жастар саясатын жетiлдiру жөнiнде ұсыныс айтуға, енгізуге міндетті. Кеңес тарапынан қолға алынған ауқымды іс-шаралар нәтижесінде талай жаңа бастамалардың қолданысқа енгізілгенін айта кеткеніміз жөн. Соның ішінде жаза басып, абайсызда сотты болған жастарды қоғамға бейімдеп, ортаға оралтудың орны бөлек.
Қылмыс орбитасына тартылған жастардың түзелуіне мүмкіндік беру, түзеу мекемелерінен шыққан, пробациялық бақылауда тұрған жастарды жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып белгілі бір мамандыққа баулу, жаңа кәсіп игеруіне жол ашу да жастар саясаты бойынша атқарылуы тиіс маңызды шараның бірі. Өйткені, қылмыс жасап, сот үкімімен жазасын өтеген азамат та – мемлекеттің бір өкілі. Қателесіп, қиыс жолға түскеніне қарамастан оның да мемлекет қамқорлығында болуға, мемлекеттік органдардан көмек күтуге құқығы бар. Ең бастысы, жастар саясатын жүргізіп отырған кеңес те бұл міндеттемені назарынан тыс қалдырмай келеді.
Айталық Алматы қаласы Алатау ауданының пробация қызметі әкімдіктің жастар саясаты жөніндегі бөлімімен бірлесе отырып, талай салауатты іс-шараға мұрындық болып келеді. Алматы қаласы Алатау аудандық ПҚБ-нің аға инспекторы, әділет капитаны Ж.Сайпилмүліктің айтуынша, пробациялық бақылау есебінде тұрғандар арасында жастар аз емес. Ал сотты болған, жазасын өтеп келген азаматтарға қатысты қоғамның теріс пікірі әлі өзгере қойған жоқ. Сондықтан, мұндай азаматтардың жұмыс табуы, жаңа өмір бастауы оңай емес. Демек, жастарды қалыпты өмірге оралту бойынша жұмысты халықтың оларға деген көзқарасын өзгертуден бастаған жөн.
-Қылмыстық теріс әрекеті мен қылмысы үшін жазасын алған жастардың бәрі қатыгез, адамдығы төмен, жамандық жасауға бейім десек қатты қателесеміз. Олардың да арасында құқықтық сауатының аздығынан қателік жасағандар мен абайсызда қылмысқа себепкер болғандар жеткілікті. Біз оларға қылмыскер деп қарамай, біреудің мәпелеп отырған ерке баласы, бауыры, жанашыры, сүйеніші деп қарауымыз керек. Олардың түзелуіне, ортамен ортақ тіл табысуына жағдай жасауымыз керек. Ет жақыны жазасын өтеп келген азаматтарға да өте қиын. Қоғам олардың да жағдайын түсініп, қолдау көрсеткені дұрыс. Біз осылайша жастардың қайта қылмыс жасамауының, теріс жолға түспеуінің алдын аламыз, - дейді әділет капитаны Ж.Сайпілмүлік.
Алматы қаласының жастар саясаты бөлімі мен Алатау ауданы пробация бөлімінің қолдауын көрген, жанашырлығын сезінген жанның бірі – Бағдат Әсенғазыұлы.
-Алматыдағы политехникалық колледжде оқып жүргенде досыммен бірге Есік қаласына бардық. Жасым он сегізде толған соң, ата-анамның шектеулеріне көп бой ұсына бермейтін едім. Сол жолы да сұранбай кеттім. Досымның үйіне барған соң кешкілік кафеде отырдық. Біраз спирттік ішімдік іштік. Түн болғанда Алматыға кетуім керектігі есіме түсті. Көлік тоқтаған. Оның үстіне оған төлейтін ақша да жоқ. Содан досым Есіктің шыға берісіндегі үйден екі велосипедтің тұрғанын көргенін айтты. Көп ойланбай, екеуміз әлгі үйге барып, шарбақ ішінде тұрған велосипедті міндік те кеттік. Көршілері бірден полицияға хабар берген екен, Есіктен көп ұзамай-ақ жолда қолға түстік. Кейіннен жәбірленушіге мүлкін қайтарып, моральдық залалды төледік. Ісіміз аудандық сотта қаралып, пробациялық бақылауға алындым, – дейді Бағдат.
Осы сәттен бастап жас жігіттің өмірі бірден өзгерген. Білім ордасы сабаққа келмегенін айтып, оқудан шығарған. Пробацияда тұратынын білген соң ешкім жұмысқа алмаған.
– Жұмыс таппай қиналып жүргенімді пробациядағы қызметкерлерге айттым. Алатау ауданы пробация бөлімі ұйымдастырған шаралардан қалмадым. Әсіресе «Сен қоғамға керексің!» деген кездесу маған үлкен ой салды. Ертеңіме үміт сыйлады. Осы жиында сотталып келгеннен кейін өз кәсібін ашқан, отбасын құрып, қалыпты өмір сүріп жатқан азаматтардың оқиғаларын тыңдап қанаттанып қайттым. Сосын өзім сұранып жүріп жұмыс жәрмеңкелеріне қатыса бастадым. Сондай шараның бірінде автоэлектрик мамандығын үйренуге болатынын, ол үшін стипендия төленетінін, әрі курсты бітірген соң жұмысқа тұруға болатынын білдім. Оқыдым, басында Қаскелеңдегі бір техникалық жөндеу орталығында үйренуші болып жұмысқа тұрдым. Екі жыл тәжірибе жинаған соң, әкемді үй жанынан жөндеу орталығын ашуға көндірдім. Басында тек көлікті көтеріп тұратын құрылғыны алуға қаржымыз жеткен. Қазір көлікті жөндеуге қажетті құралдың бәрі бар. Әкем де жұмысын тастап, менің шаруамның бір штіне көмектесіп жүр, – дейді өміріндегі оң өзгеріспен бөліскен Бағдат Әсенғазыұлы.
Ақтарыла айтқан бұл оқиға да түзелем деген талай жасты жаңа өмір бастауға ынталандырары анық. Жақында Алматы қаласы Жетісу ауданының пробация бөлімінің арнайы жиынына қатыстық. Мұнда бақылау тізімінде тұрған төрт жүзге жуық сотталғанның 212-сі 19 -35 жас аралығында. Жиында арнайы мамандығы жоқ, жұмысқа тұрмаған жастардың мәселесі талқыға салынды. Әсіресе, сотты болғаннан кейін отбасынан айырылған жастардың өз балаларына алимент төлеуге мүмкіндігі жоқ. Осыны ескере отырып пробация бөлімі адамдарды жұмысқа орналастыру, оқыту және біліктілігін арттыру бойынша кешенді шаралар жоспарын жасаған. Жиында жұмыспен қамту орталығының маманы Е.Жақыпова орталық тарапынан атқарылатын қызметтермен таныстырып, жұмыссыз тұлға ретінде тіркелудің ретімен таныстырды. Әсіресе ENBEK.KZ электрондық еңбек биржасы порталы арқылы онлайн-режимде тіркелу жастарға жеңіл. Бүгінде бұл портал нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойынша мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырады. Сондай-ақ еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша оқыту мәселесі жолға қойылған. Тек жастар осы мүмкіндікті тиімді пайдаланса болғаны.
-Мұндай кездесулер сотталған азаматтардың өз қателіктерінен сабақ алып, түзелуіне мүмкіндік туғызады. Қазір біздің жұмыспен қамту, белгілі бір кәсіпе дағдыландыру бағыттындағы жұмысымыз жоспарға сәйкес жалғасып келеді. Жұмыс тапқысы келетіндерге тұрақты түрде жәрдемдесетін боламыз» -деп атап өтті Еркеш Жақыпова. Әсіресе орталық жастар саясаты шеңберіндегі қолдау шараларына басымдық бермек.