Қазақстандық файтер Бақдос Олжабай АСА Лигасынан шығарылды
Оны ұйым басшылығы қарсыластары мен ұйымға құрмет танытпады деп санайды
АСА Лигасының вице-президенті Магомед Бибулатов Бақдос Олжабайды ұйымнан шығару туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.
Ұйым әлеуметтік желідегі ресми парақшасында бұл шешім спортшының салмақ өлшеу рәсіміне қатыспауы және расталған себепсіз жекпе-жекке шығудан бас тартуына байланысты қабылданғанын жазды.
Бибулатовтың сөзінше, бұл Бақдостың жекпе-жектерді бұзу жағдайы алғаш емес және мұндай мінез-құлық Лигада лайықсыз деп саналады.
Өз қарсыласыңды, ұйымды және өз еңбегіңді құрметтеу керек, деп қосты ол.
Бақдостың өзі де әлеуметтік желідегі парақшасында осыған қатысты жазба қалдырды.
Менің жекпе-жегім болмайтын болды. Салмақ түсіріп жатып өзімді қатты қинап, денсаулығым сыр берді. Менің жекпе-жегімді күткендеріңізді білем. Айып етпеңіздер. Келесі жолы бұндай қателікті жібермеймін. Лига және қарсыласым, кешіріп қойыңыздар. Аздаған түсініспеушілік болды, айып етпеңіздер. Маған сенім артқан кісілерге қолдауларыңызға рахмет, Алла раз болсын!, деді ол өз жазбасында.
Фото: bagdos_olzhabai