Шағбан айының қай күндері ораза ұстаған дұрыс?

Malim Админ

  • 23.03.2021

Шағбан айы – шамасы келген мұсылманға көптеп нәпіл ораза ұстайтын ай. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзге айлардан гөрі осы Шағбан айында көбірек ораза ұстайтын болған.

Сахаба Усама ибн Зәйд оның себебін сұрағанда Ол (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бұл айда барлық істер әлемдердің Раббысына көтеріледі. Менің де істерім Алланың құзырына аузым берік болған күйде көтерілуін қалаймын», - деп жауап берген екен [1].

Дегенмен, қанша күн әрі қай күндері ораза ұстау керектігі риуаяттарда нақты айтылмаған. Сондықтан да, қанша күн ұстаймын десеңіз де өз еркіңіз. Мәселен, дүйсенбі мен бейсенбі күндері ауыз бекітсеңіз болады. Сондай-ақ, Шағбан айының 13, 14, 15 күндері, яғни, «үш ақ күндері» ораза ұстаған дұрыс. Әсіресе, Шағбан айының 15 күні күндіз ораза ұстап (28-наурыз), түнін (Бараат түні, 29-наурыз) ғибадатпен өткізгеннің сауабы мол.

Бір «әлсіз хадисте» былай делінген: «Шағбан айының ортасы болғанда түнін ғибадатпен, ал күндізін оразамен өткізіңдер. Алла Тағала сол күні күн батқанда дүние аспанына түседі де былай дейді: «Менен кешірім тілейтін пенде бар ма, кешірім етейін? Менен ризық-несібе тілейтін пенде бар ма, ризығын арттырайын? Ауру-сырқауға шалдыққан бар ма, саулық берейін?» т.б. осылай таң атқанша жалғасады»[2].

Осы тұрғыда, кейбір мұсылмандардың өткен Рамазан айынан өтелмей қалған қаза оразалары болса, осы айды пайдаланып, соларды да өтеп алғандары абзал. Алла Тағала жасаған құлшылықтарыңызды қабыл еткей!

[1] Нәсәи – 2357 хадис

[2] Ибн Мәжә: Сүнән - №1388 хадис

muftyat.kz

MalimBlocks
Қадір түні оқылатын дұғалар