Софы СМАТАЕВ. Неткен шексіз қазақта шыдам деген
***
Жанымды жүр үңгілеп басқа бір мұң,
Қастерлетіп қадірін қасқағымның.
Жүрегімнің атойшыл дүрсілдері
Естіртпейді өксігін бастағы үннің.
Алдандым ба Жалғанның жалғанына,
Іліндім де мұңсыздың қармағына,
Өкінішпен қол бұлғап кетем бе енді
Елдің де емес,
өзімнің арманыма.
Сиғыза алмай бақ, сорды маңдайыма,
Бұлт астында бозарған таңдай ыға,
Қайда кетіп барамын қалт-құлт етіп,
Зарды тиеп, ән саулар таңдайыма.
Қазым кетті кеудемнің көліндегі.
Зор қайғысы көңілімнің желіндеді.
Азаматтың азабын арқалаушы ем,
Тез екен-ау пенденің жеңілмегі.
Жо-жоқ, жүрем жұмыр жер жиегімен,
Домбырамның шегі бар, тиегі мен.
Үңгілеймін мұңыммен түн түнегін,
Адалдыққа әлі де иемін мен.
ӨКСІГІМ ІШТЕН ТҰРДЫ ҰЛЫН
Қондырмай көзге Ай, Күнді,
Жоғалтып алдым айбынды.
Кеудемнің кегі бүлкілдеп,
Шайқайды үнсіз қайғымды.
Жамылып қара жан Көгі,
Таба алмас менен Данконы.
Еңкеймес ерін ез қылып,
Өсірсе құл ғып маңқа Елі.
Таба алмай кілтін Ақ Үйдің
Үрейдің ізін танимын.
Жағамнан бүріп барады
Жалғаны мынау пәнидің.
Кәрімен «Кітапхананың»
Жұғынын жаттың жаладым.
Кедейі – тым бай өлкенің,
Өгейі – туған даланың.
Қос қолға тізгін ілдіріп,
Баз кешті шындық шыңғырып.
... Бабамдай батыл ақырмай,
Өксігім іштен тұрды ұлып.
ҚАШАН КҮЛЕМ
Қашан күліп, желкілдеп қуана алам,
Аумай қалсам жел қуған дуанадан.
Өз бағына өзгені ортақ қылып,
Өз сорына оранып туа ма адам?
Қанағатсыз емес ем,
Еркім бүтін.
Тез сөндіріп кетіп ед өртімді кім?
Суық бойдан суық ой сорғалайды,
Көкіректе күңіреніп шертілді мұң.
Уысымнан сусытып шынды мына,
Төзе берсе шыдамым сұмдығына,
Қайтсем енді қу жанды азат етем,
Ие берсем басымды құлдығына.
Сәнді өмір мен сал тірлік қалды адыра.
Ар, иманды табам ба жаннан, сірә.
Майлы қасық қашанғы бола берем,
Өзімді емес, өзгені алдандыра.
Уәде етсе билігім мұрты күле,
Баса берем бағынып бүлкіліме.
Тас-талқан ғып тағдырды тастар ма екем,
Құлақ асып Құдайдың күңкіліне.
Ой түнегін ұмтылмай тілуге де,
Күлімдеуге жарамай, күлуге де.
Ит қорлыққа көндіккен қазақ болсам,
Неге дайын болмайын үруге де.
ҚАҚ ЖАРАР БҮТІН ХАЛЫҚТЫ
Алдамшы тірлік азғырып,
Үмітті көміп күдікпен.
Уәдемен құрғақ мәз қылып,
Жасытып жанды үгіткен.
Баяғы зорлық тынбайды
Түйгіштеп соққан желкеден.
Бағзыдай әлі мұң, қайғы
Өзімнен өзім жеркенем.
Биліктің даусы көбейді
Қос тұстан зекіп бір Елге.
Бітесе зармен көмейді,
Кеудеге жігер түнер ме.
Білмей қап кімнің бар-жоғын,
Оған да бұған жалтақтап,
Таба алмай ардың тар жолын
Жүрміз бе әлде ор таңдап.
Төрелер төрде жанықты,
Қаузап ап дертін сіреспе.
Қақ жарып бүтін халықты
Салар ма теке тіреске.
Жүрегім әбден шошынды,
Айта алмай алдан күтерін.
Ұқпаса ешкім осымды,
Өңештен шықпай бітер үн.
ЖҮН ҚЫЛДЫМ ЖҮЙКЕМДІ
Жүн қылдым жүйкемді қашап, тіліп,
Өп-өтірік ырзалық жасап күліп.
Мыңқ етпеймін кірмелер ырысымды
Көмейлетіп жұтса да асап, тығып.
«Оңайлатам қиынды!» десе көсем,
Тәнті болып әлгіге есе бөсем.
Қайғы әкелген ғасырым еңсемді езіп,
Көсемдердің құлқына көшеді есем.
Күйзелуім көміліп өңешімде,
Арым, барым жоқпенен теңесуде.
Өжет үнді көмейден бір суырсам,
Қалар ма едім ер болып Ел есінде.
Соқыр ойды жіберсем сорғалатып,
Ілесер ме шыбын жан жорғалатып.
Қайран ғұмыр ойраннан жол табар ма,
Әлде ол шіркін тынар ма сорға батып?
Бір ілікке үмітшіл сүйкенді дем,
Тепшіп тігіп алсам деп жүйкемді мен.
Мұңсыздарым миымды шаққан кезде
Шаңқылына солардың үйкелді Әлем.
ХАҚ ПЕНЕН ТАҚҚА БАС ҰРМАН
Жоғалттым үміт, арманды,
Қараңғы көктен Күнді ұрлап.
Жаныма жамау жалғанды,
Кеудемде сарнап мұңлы ырғақ.
Жауқазын бөккен сайлардан,
Таба алмай балаң ізімді.
Жапырағын желпіп жайды орман
Күңірентіп күйік ызыңды.
Сес қашқан.
Дел-сал тұл бойым.
Қалт та құлт аяқ басқаным.
Шошу мен сасу – мүлде ойым
Шама жоқ сақтау бас қамын.
Ащы мен тәтті ернімнен
Тұшынтпай білем кеткенін.
Мазақ боп азапқа ердім мен
Өкісігін жұтып өкпенің.
Бұлқынбай жатыр жүрегім
Түйрейтін жайдың тасындай.
Жанымның тапсам бір емін,
Өтер ем, тіп-тік кетер ем,
Хақ пенен таққа бас ұрмай.
ЖҮРЕКТІ ЖҰЛҚЫНДЫРЫП
Аласұрған жүректі жұлқындырып,
Тазалар ма ем кеудемнің жұртын қырып.
Сүйгенімнен күйгенім көбейген соң,
Ішкі кегім ақсияр мұртымда ұлып.
Тұсар ой мен жігерді жасқаншақтық,
Қан кідірер ондайда тасқан шапшып.
Құзырына құнсыздың көз сатасың
Құл тірлігің бүрген соң бастан қақшып.
Құздан қарғып өтетін өрлігіңді,
Таптап жатқан сестіні көр бүгінгі.
Ішкі дертті өрт қылып атқыза алмай,
Өткізесің күрсініп әр күніңді.
Айлаң да жоқ, амал жоқ ақыруға,
Қыжырланып қайратты шақыруға.
Тарылады дүниең түнек басқан
Шамаңды да келтірмей бақыруға.
Аласұрған жүректі нетсем екен,
Түрілер ме түнегім кетсе көкең.
Бұрқанысым өзен боп тасыр ма екен,
Тас төбемнен тағы да тепсе бөтен?
СІЛКІЛЕ, ТАҒДЫР!
Сілкіле, тағдыр, сілкіле,
Мұң жина, шер төк күлкіме.
Шеңгелді бүрші аямай
Бүркіттей түскен түлкіге.
Үрейдің кейде асты шын.
Тұзаққа мендік басты ұсын.
Қасқайып көзден от шашып,
Болайын бейне тас мүсін.
Көп болсын небір сынағың,
Жетеді төзім, шыдамым.
Мұп-мұздай суық санамнан
Өрт болып лаулап шығамын.
Сілкілеп тағдыр мәнсіз ғып,
Маңдаймен талай жар сүздік.
Қылыштай соққан балғамен
Мықты боп тулар әлсіздік.
Сілкіле, тағдыр, жұл мені,
Тірілтер сонда жыр мені.
Семсер боп сені түйресін
От-жалын сезім тілдегі.
АДАМ ЕДІМ
Періште де пері емес, адам едім,
Сенуші еді, еруші ед маған Елім.
Қара бұлтқа орантып, сәулемді ұрлап,
Бағасыз ғып қойды ғой «бағалы» ерім.
Жақпайды оған жасырмай сынағаным,
Көріп тұрсам, неге айтпан сұғанағын.
Арым – барым болған соң,
Жанымды илеп
Жағынудың тапқызбас бір амалын.
Шыдай алмай
Кеткенде ол данасынып,
Ар, иманым түршікті аласұрып.
Әділеттің қыл мойнын күнде үзгенде
Қазақтай боп қалды ғой дала сұлық.
Бұлқынамын.
Бұйығып жата алмаймын.
Кеудеме оқ боп қадалды қатал қайғым.
Дабыл кегім дауыл боп бір тұтанбай
Ұлы құл боп кеткен тұл отандаймын.
Адам едім, періште, пері де емес,
«Жүгін!» дейтін шаршатты кәрі кеңес.
Арыстан боп Айға алыс атыла алсам,
Құл тірліктің табармын кәріне егес.
САҒЫНДЫМ БА?
Сағындым ба даламды, жүрек немем
Дүбірлейді бір тылсым тілекпенен.
Ащылардай жусанның исін аңсап,
Жұтып газын қаланың жүдеп келем.
Сағыныш қой – сағымды төбелерім –
Сағымда олар шайқалған кемелерім.
Аларым көп аулымның аймағынан,
Белгісіздеу ал бірақ не берерім.
Сағыныш қой – сан жүрген соқпақтарым,
Соқпақтарда тығылып көп қапты арым.
Іздеп барсам табар ма ем ар, иманды,
Белден басып кетем бе аттап бәрін.
Сағыныш қой – балалық бал күндерім,
Бал күндерім тергізген ал гүлдерін.
Жанды соғып ат қылып жете алам ба,
Жығылар ма құмына сал сүлдерім.
Көре алам ба даламды, ене алам ба,
Айырылдық қой даладан ел аманда.
Басқызбаса туған жер топырағын
Шет ел асыр, ей, Жалған, мені онан да.
ТИЕР ТЕҢДІК
Тиер теңдік, шығар күн арайланып,
Мына бізге шуақ боп тарай қалып,
Алшаң басып кірерміз арқаланып,
Ағы, көгі аралас Сарайға нық.
Ұмытармыз өкпенің өшкенін де,
Төбемізді құй қазып тескенін де,
Ілесерміз дәстүрді жаңғыртатын
Салтанаты өзгеше көшке мүлде.
Ұмытармыз өксікті өсегін де,
Кілем жапқан тұлпар қып есегін де.
Отырармыз ООН-ның қақ төрінде
Ұлы халық, дөйлердің есебінде.
Талақ дерміз өткеннің бәріне біз,
Жалғасады әріге берідегі із.
Біз жетер ек, жетер ек зор мақсатқа
...Қозып кетіп жүрмесе кәрі неміз...
ҮРКЕМІН
Үркемін кейде ендігімнен мен,
Айрылып қалардай елдігімнен мен.
Тар ниет қысқан қысқа тілекті көрсем,
Не пайда маған кеңдігіңнен, Әлем.
Жанымды мұңмен кептедім білем,
Өкпе мен кекпен көктедім кілең.
Жанарын жаздың қара бұлт бүркеп,
Көз жасын Көктің төккенін білем.
Үркемін, рас, күндерімнен мен,
Іңкәрлік таппай үндерімнен мен.
Ақтармай іштің қап-қара шерін
Жараса қалам жын, перілеріңмен.