Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиевті қабылдады, деп хабарлайды Malim.kz.
Кездесуде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы және Президенттің бұған дейін берген тапсырмаларының орындалуы талқыланды.
Нариман Төреғалиевтің айтуынша, соңғы үш жылда облыстың өңірлік жалпы өнімі 13,6 пайызға өсіп, 2026 жылғы 1 қаңтарда 5 триллион теңгеге жеткен. Былтыр өңірге 874,5 миллиард теңге инвестиция тартылған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 16,6 пайызға көп.
БҚО-да ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Жуырда Қарашығанақ кен орнында жылына 5 миллиард текше метр газ өңдейтін зауыттың құрылысы басталады. Жобаның құны – 1,7 триллион теңге. Сондай-ақ жыл соңына дейін Жайық өзені арқылы өтетін көпірдің құрылысын бастау жоспарланған.
Соңғы үш жылда облыста жалпы құны 138 миллиард теңге болатын 121 әлеуметтік нысан салынды. Осы кезеңде 1542 шақырым автожол жөндеуден өтті. «Сырым» автокөлік өткізу бекетін жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр, ал келесі жылы «Тасқала» бекетін жаңарту жобасын бастау көзделген.
Өңірде төрт теміржол вокзалы салынып, жаңғыртылып, ел игілігіне берілді. Былтыр ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 320 миллиард теңгеге жетті.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 1414 жоба қаржыландырылып, 2 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылған. Ал «Қаладан – ауылға» бағдарламасы бойынша мыңнан астам адам ауылдық жерлерге қоныс аударған. 218 отбасы баспанамен қамтылып, әлеуметтік қолдау шараларына ие болды.
Мемлекет басшысы өңірді одан әрі дамыту, коммуналдық инфрақұрылымды жедел жаңғырту және тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.