Өскемен қаласында ауа сапасының күрт нашарлауына байланысты мектеп оқушылары қашықтан оқыту форматына көшеді, деп хабарлайды Malim.kz Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.
Қалалық білім бөлімінің шешімімен, 16 ақпан күні бірінші және екінші ауысымдағы 0–11 сынып оқушылары сабақты үйде отырып оқиды.
Бұл шара қалада бірнеше күннен бері жалғасып жатқан екінші дәрежелі қолайсыз метеорологиялық жағдайларға байланысты қабылданды.
Қолайсыз метеорологиялық жағдайлар (ҚМЖ) – баяу жел, тұман және инверсия секілді факторлардың жиынтығы. Мұндай кезде атмосфераның жерге жақын қабатында зиянды заттар жиналып, улы түтін түзіледі.
Мамандар ауа сапасы жақсарғанша қала тұрғындарына келесі қауіпсіздік шараларын сақтауды ұсынды:
Ашық ауада, әсіресе тас жолдар мен өнеркәсіптік орындардың жанында жүрмеу;
Өкпе, жүрек-қан тамырлары немесе аллергиялық аурулары бар адамдарға далаға шыққанда қажетті дәрі-дәрмектерін бірге алып жүру;
Үй жағдайында ауа ылғалдандырғыштарды қолдану және терезелерді тығыз жауып ұстау.
Айта кетейік, Өскемендегі экологиялық жағдай ауа райы өзгергенге дейін бақылауда болады.