Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Венесуэла билігі АҚШ шабуылы салдарынан 100 адам қаза тапқанын мәлімдеді

Әлем
Венесуэла билігі АҚШ шабуылы салдарынан 100 адам қаза тапқанын мәлімдеді
Фото: Maxwell Briceno/REUTERS

Венесуэла билігінің мәліметінше, АҚШ-тың ел басшысы Николас Мадуроны ұстау жөніндегі операциясы барысында 100 адам қаза тапқан. Тағы шамамен сонша адам жарақат алған. Бұл туралы Венесуэланың ішкі істер министрі Диосдадо Кабельо мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz DW-ге сілтеме жасап.

Министрдің айтуынша, операция кезінде Мадуроның жұбайы Силия Флорес басынан жарақат алып, денесінен соққы тиген, ал Николас Мадуро аяғынан жараланған.

Қазіргі таңда екеуі де шабуылдан кейін ем қабылдап, қалпына келіп жатыр. Қаза тапқандардың арасында шабуыл кезінде өз үйлерінде ұйықтап жатқан бейбіт тұрғындар да бар. Олар әуеден тасталған бомбалардың құрбанына айналған, деп мәлімдеді Кабельо. Алайда бұл деректерді тәуелсіз дереккөздер растаған жоқ.

Бұған дейін Каракастағы билік 24 венесуэлалық әскери қызметкердің қаза тапқанын хабарлаған. Ал Куба билігі Мадуроның жеке қауіпсіздігін қамтамасыз еткен 32 кубалық қауіпсіздік қызметкерінің көз жұмғанын мәлімдеген. АҚШ әкімшілігі операция барысында қаза тапқандар саны туралы ресми ақпарат жарияламады. Дегенмен америкалық БАҚ дереккөздерге сілтеме жасап, шамамен 75 адамның қаза тапқанын жазған.

Еске салсақ, Николас Мадуро мен оның жұбайы Силия Флорес 3 қаңтар күні «Абсолютті шешім» атты әскери операция аясында АҚШ-тың «Дельта» арнайы жасағы тарапынан ұсталған.

Алдымен олар АҚШ-тың Гуантанамо әскери-теңіз базасына жеткізіліп, кейін Нью-Йоркке ауыстырылған.

5 қаңтар күні биліктен тайдырылған басшының қатысуымен алғашқы сот отырысы өтті.

АҚШ билігі Мадуроға «есірткі терроризмі», қару сақтау және венесуэлалық дипломатиялық төлқұжаттарды заңсыз сату бойынша ресми айып тақты. Атап айтқанда, ол АҚШ-та террористік ұйым деп танылған Cartel de los Soles қылмыстық тобына жетекшілік етті деп айыпталуда.

Сондай-ақ Мадуро жұбайы, ұлы және серіктестерімен бірге Колумбиядағы кокаин өндіру және тасымалдаумен айналысатын топтармен астыртын келісім жасады деген күдікке ілінген. Ал Мадуро бұл айыптаулардың барлығын жоққа шығарып, оларды Венесуэланың мұнай қорларына қол жеткізуге бағытталған сылтау деп атады.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу