Ақын Қалмаханбет Мұқаметқали өлеңдері

МҰҒАЛІМГЕ МЫҢ АЛҒЫС
Оянғанда шабытым,
Ой келеді түйдектеп...
Әліпбиді танытып,
Әріптерді үйреткен.
Терең әрі тұнық та,
Теңіздейін қуаты.
Кірген кезде сыныпқа,
Күлімдеп тек тұратын.
Кемелдіктің жүйесін –
Көрсететін жолды ізгі.
Ұлағаттың иесі,
Ұстазымыз – ол біздің!
Жарқын да, ақ пейілді,
Жиі айтатын сөзіңіз.
Анамыздан кейінгі,
Ақылшымыз – Өзіңіз!
Алға аттап бір адым,
Асқарға да шығармыз.
Білім берген мұғалім,
Бәріңізге мың алғыс!!!
ҚАР ЖАУҒАН КҮН
Ақ төсекте ақ көрпеге оранып,
Ұйықтап кеттім тәтті түске бөленіп.
Әлде дала жатыр ма екен жаңарып,
Түсімде ылғи әппақ қарды көремін.
Ақша қарды жүр балалар сағынып,
Соны айтады інілерім, досым да.
Сыртқа шықсам, көзіме нұр шағылып,
Қара жерге қар жауыпты расында.
ҚУЫРМАШ
Бірлік жайлы еске алсақ,
Бауыр екен бес саусақ.
Біріншісі – Бас бармақ,
Билік айтып басқармақ.
Балаң үйрек кекілді,
Бойшаң бала секілді.
Ортан терек намысты,
Ойлап отыр әр істі.
Шылдыр шүмек ақылды,
Шәй ішуге шақырды.
Ең кішкене Бөбекті
Еркелету керек-ті.
Бас бармаққа күн-түні
Бақтырамыз жылқыны.
Балаң Үйрек ие де
Бетпақтағы түйеге.
Ортан Терек отарды
Ойжайлауға апарды.
Шүлдір Шүмек, сиыр бақ,
Шабындықты шиырлап.
Тек кішкене Бөбектің
Тапсырмасы бөлек тым.
Болма жалқау, бастысы,
Бізге дәмдеп ас пісір!
...Қара көже бүгінгі ас,
Қуыр-қуыр-қуырмаш!
Қуыр-қуыр-қуырмаш,
Қолдың басын жұмып, аш!
ЖЕҢІС ПЕН ЖЕМІС
Атана ма бекер Ер,
Ауыр шығар тым, иә?..
Зілтемірді көтерер
Зор иықты Илья.
Күшті әрі қайратты,
Күшенбейді ол, күледі.
Бұлшық еті ойнап тұр,
Білеу-білеу білегі.
Атын естіп әр қиян,
Алақайлап шақырсын.
Болғанымен чемпион,
Балаларға – ақылшы!
Таза ауада қыдырды,
Тағы жасап жаттығу.
Жиі-жиі жүгірді,
Жалқауланған жоқ күні!
Өнеге еді бұл, міне,
Өзімшілдер ұқпады.
Алма бақты көрді де,
Айналсоқтап шықпады...
Қылығы оның қызық-ақ,
Құбылтпайық текке ойды.
...Бір қолымен үзіп ап,
Бес алманы жеп қойды!..

Самое читаемое
