Мұхтар Шахановтың өлеңдері
Мұхтар Шаханов (2 шілде 1942 жылы туған, Түркістан облысы, Төле би ауданы, Қасқасу ауылы) — қазақ ақыны, драматургі. Қазақстан халық жазушысы.
Жігерлендіру
Сен жыладың, жігітім,
Көп көрдім деп тұрмыстың тапшылығын,
Қайтпады деп жұртқа еткен жақсылығым.
Сен жыладың,
Сезімің жасып ағып,
Кіп-кішкентай балаңды қасына алып.
Қырмызы күнім өтті деп.
Сенгенім сатып кетті деп.
Сен жыладың:
Аңғармай қалдым орды деп,
Қадамым сәтсіз болды деп,
Бір қатты соққы алдым деп,
Бақытсыз болып қалдым деп.
Сен жыладың,:
Мен бірақ селт етпедім,
Білем сені тағдырдың ерке еткенін,
Білем сені - өр көңіл, жомарт едің,
Енді бүгін... қалай бұл кер кеткенің?
Жә, жә, жарар,
Өткен күн оралар ма,
Қарау керек, бауырым, саған алға.
Басындағы бөрік пе,
Орамал ма?
Бөрік болса, ауыс тез басқа күйге,
Көз жасыңды көрсетпе жас сәбиге.
Көз жасыңды көрсетпе, сұранамын,
Әй, әй, жігіт, сен маған ұнамадың.
Жас нәресте көруге тиісті емес,
Әкесінің еңкілдеп жылағанын,
Әкесінің тым күйреп құлағанын.
Ерлік пенен ездіктің жолы қатар
Екеуінің арасы бір-ақ адым.
Көз жасыңды көрсетпе, сұранамын.
Көтер, кәне, басыңды, қалай бұның,
Мұз боп еріп кеткен бе бар айбының?
Көтер, кәне, басыңды,
Күніңді босқа өткізіп пе едің,
Тағдырың неге сыр айтты сараң?
Өмірдің барлық сәтсіздіктерін
Бақытсыздық деп кім айтты саған?
Кім айтты саған:
Тұлпарды сүрінбейді деп,
Асауды мінілмейді деп,
Ақкөйлекті кірлемейді деп,
Қара ешкі мүжіген ағаш
Қайтадан гүлдемейді деп?
Кім айтты саған:
Жұрттың бәрі мейірбан, арайлы деп,
Жұрттың бәрі шындықты қалайды деп,
Биікті ардақтайды деп,
Асылды қорлатпайды деп...
Тоқырау білмес айбыны
Адалдық деген - әлемнің ұлы байлығы.
Бетіне жиған ұятты
Әйтсе де, кейде ол кінәмшіл бала сияқты.
Тірлікте осы баланы
Өкпелететіндер бар да,
Жұбататындар бар.
Жек көретіндер бар да,
Ұнататындар бар.
Арын сатып қорлайтындар бар да,
Жанын сап қорғайтындар бар.
Қиналып бекер алаңдадың-ау,
Ойынды шығар өріске.
Өзің-ақ айтшы ғаламда мынау
Жеңудің бәрі жеңіс пе?
Жігітке арман жеткізіп пе еді
Өз сорын өзі жеңбесе.
Өмірдің барлық сәтсіздіктері
Бақытсыздық емес, ендеше!
Арыс жағасында
Өзіңмен Арыстың
Бойында таныстым.
Жайнаған гүлдей құрбым сен,
Жағада тұрдың сен.
Қайырмасы:
Жаз еді күлкің де,
Қайдасың бұл күнде,
Сені іздеп, арманым,
Сыр бойын шарладым.
Алдыңда бір бақыт,
Тұрғандай тіл қатып.
Толқынға қарап ойлана,
Әндеттің жай ғана.
Қайырмасы.
Нұр шашып көзіңнен,
Бір нәзік сезіммен.
Жібектей шашың толқындап,
Қалып ең қол бұлғап.
Қайырмасы.
Кете ме осылай,
Әніміз қосылмай.
Аяулы таңым сен едің,
Көрсем деп келемін