Ақ үй басшысы Дональд Трамп Daily Mail басылымына сұхбат беріпті. Бұл туралы DW басылымы жазыпты.
Сұхбатының мазмұнына келсек, Трамптың сөзінше, Ирандағы операция жоспар бойынша жүріп жатыр.
АҚШ Иран басшылығын толықтай жойды, -
депті Дональд Трамп осы сұхбатта.
Ол бұл жерде шамамен 48 адам туралы сөз болып отырғанын атап өтті. Операция басталардан бір күн бұрын вице-президент Джей Ди Вэнс Washington Post басылымына берген сұхбатында Иранмен соғыс ұзақ болмайтынын айтқан еді. АҚШ президенті Тегеранмен одан әрі келіссөздер жүргізуге ашық екенін, бірақ мәмілегерлік кездесулердің «жақын арада» өтер-өтпесін дөп басып айта алмайтынын жеткізді.
- Білмеймін. Олар келіссөз жүргізгісі келеді, бірақ мен: “сендерге өткен аптада келу керек еді", - дедім -
деп атап өтті Трамп.
The New York Times басылымына берген сұхбатында Дональд Трамп жоғарғы көшбасшы Әли Хаменеи қаза болғаннан кейін Иран басшысы лауазымына «үш өте жақсы үміткер» бар екенін айтты, бірақ кімдерді меңзеп тұрғанын нақтыламады. Сарапшылар түрлі болжамдар айтуда: олардың қатарында аятолла Хаменеидің ұлы мен республика негізін қалаушының немересінен бастап, Иранның соңғы шаһы Реза Пехлевидің ұлына дейін бар.
Бұдан бөлек, Ақ үй басшысы Ирандағы билікті беру рәсімі қандай болуы мүмкін екеніне қатысты бірнеше нұсқаны атап өтті.
Венесуэлада жасаған әрекетіміз, менің ойымша, мінсіз, ең мінсіз сценарий. Екі адамнан басқасының бәрі өз қызметтерін сақтап қалды, -
деді Трамп.
Ол кезде АҚШ әскерилері президент Мадуро мен оның жұбайын күшпен ұстап әкеткеннен кейін, ел үкіметі мүшелерінің көпшілігі Вашингтонмен ынтымақтасуға дайын екендіктерін білдіріп, өз қызметтерін сақтап қалған болатын.