Конституциясы жат тілде жазылған ел: кінәлі билік пе, даяшы ма?

Мемлекеттік тілге деген биліктің қарым-қатынасы - "қазақ қазақпен қазақша сөйлессін" дегеннен асқан емес.

Алмас НҮСІП

  • 15.06.2022
"Қазақстандағы тіл саясаты қандай болу керек?" пікірталасы. Фото: forbes.kz

Қоғамда айтыла-айтыла жауыр болған және уақыт өте келе бір кездегі фанаттарының өзі жүре тыңдайтын, селқос қарайтын проблемалар болады. Қазақстан жағдайында – бұл тіл мәселесі. Қазақ тілі. Осы күні азаматтық және қоғам белсенділері тарапынан жиі айтылатын «отвлекающий маневр» үшін бір кездері билік қолдан жасап, одан әрмен ушықтырып жіберген деген де пікірлер бар. Қалай дегенде де, Қазақстанда тіл мәселесі бар. Және ол жақын арада шешіле қоймайды.

 

Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін

Қоғам билік шешпейтін мәселені өздігінен шешуге талпынады. Қазір қазақ тіліне қатысты да осындай бір «күрестер» жүріп жатыр. Әлеуметтік желілерде «тек қазақ тілінде қызмет көрсетуді талап етуге»; «орысша сөйлесе тек қазақ тілінде жауап беруге» шақырған желі қолданушылары аз кездеспейді. Бірақ, мұндай агрессиялық әрекеттер өзі де екіге жарылған қоғамның арасын алшақтата түсуі мүмкін. Яғни, билік араласпай мәселе шешілмейді.

Қазақстандағы тіл саясаты дегенде экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев айтқан «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» дейтін лозунг еске түседі. Мұндай ұрыса отырып айтатын «насихатты» басқа емес, президенттің айтуы қаншалықты орынды? «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы Дос Көшім бұл туралы:

«Бұл сөзді басқа емес, президенттің айтуы ең болмаса саяси тәсіл дегенге де келмейді. «Біз бәрін қазақша жасайық деп едік, халықтың өзі сөйлемейді» деген тым қарабайыр әдіс. Әңгіме тек сөйлесуде емес, әңгіме мемлекеттік тілдің барлық жерде қолданылуында. Сол қажеттілікті заң арқылы тудыруда. Назарбаев ол жағына аяғын аттап басқан жоқ. Осыдан 5-6 жыл бұрын, үкімет пен парламент қазақша сөйлеу керек деген сөз айтты. Мұны мен айтсам жарасады, қоғам қайраткерлері айтса жарасады, бірақ, президенттің сондай ойы болса, қолында құзірет бар ғой, неге заң арқылы жасамайды? Оны қарапайым адамдар да айта алады, ал, президенттің, парламенттің мүмкіндігі басқа, олар айтпайды, олар сол мәселені дұрыс деп шешсе, оны заңға айналдырады, жарлық береді. Бұл керек десеңіздер биліктің екіжүзділігі», - дейді.

Қазір әлеуметтік топтар арасында шиеленіс күшейіп, тіл мәселесі саясиланып кетті еген пікірлер бар. Бұл туралы өткен аптада PaperLab зерттеу орталығы ұйымдастырған тәуелсіз сарапшылардың пікірталасында да айтылды (бұл пікірталаста біз үйреніп қалған «жертво»-лық көңіл-күй болмағандықтан сол жиында болған журналистер ашып жазбады, сол себепті біз бұл жиынға кеңірек тоқталамыз). Пікірталасқа қатысқан А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғылыми қызметкері Қуатбек Дүйсенов қазір қазақша контентке байланысты біраз мәселе шешілген, негізгі проблема құқықтық мүмкіндік жағынан шығып отыр дейді. Олар осы тұрғыда арнайы зерттеу де жүргізіпті.

«Зерттеу барысында біз шамамен 20 кодекс пен 22 заңды қарастырып, аталған құжаттарда «қазақ тілі және мемлекеттік тіл» деген тіркестің кездесуін статистикалық тұрғыдан талдадық. Байқасақ, мемлекеттік тілдің құқы көрсетілген заң – 2016 жылы қабылданған «Жер қатынастары» туралы заң екен. Бұл заңда қазақ тілінің қорғалуына жанама түрде 2016 жылы өткен жер митингілері себеп болған. Себебі мұнда жоғарыда көрсетілген тіркес 44 рет қайталанады. Ал «Еңбек» кодексінде «қазақ тілі, мемлекеттік тіл» деген тіркес мүлдем жоқ. Яғни, сіз балабақшаға, мектепке, артынан университетке барасыз, ал оқуды аяқтап, еңбек нарығына келгенде сіздің қазақ тілін білу дағдыңыз бен қазақша түйіндемеңіз жарамауй қалуы мүмкін. Себебі мемлекет тарапынан сіздің мемлекеттік тілде жұмыс істеу құқыңыз қорғалмаған. Мәселен, кейбір IT компаниялар белгілі бір лауазымдарға хабарландыру жариялайды. Ал хабарландыру ағылшын немесе орыс тілінде беріледі. Осылайша, бір ғана хабарландыру еңбек нарығындағы 70% қазақтілді азаматтардың құқығын шектеп отыр. Сол үшін қазір мемлекеттік тілдің құқықтық тұрғыдан қорғалуы өте маңызды мәселе», - дейді ол.

 

Конституцияның өзі алдымен орысша жазылған

Қазақстанда орыс тілін білу – жай ғана артықшылық емес, басымдық. Қазақ тілді жастар жұмыс іздеу кезінде дәл осы тіл мәселесіне келгенде моральдық тұрғыда аз қысым көрмейді. Әрине, ақыры белгілі бір деңгейде үйренуге мәжбүр болады. Қазақ тіліне деген қажеттілік те дәл осындай деңгейде жасалуға тиіс деген көзқарас осыдан туындайды.

Қоғамдағы қазақ тіліне деген сұраныстың жоқтығы ең алдымен биліктің өзінен басталып отыр. Бұл туралы тағы бір спикер Steppe&World баспасының бас редакторы Назгүл Қожабек айтты.

«Тіл саясатына келгенде мемлекет ең алдымен істеуге тиіс  мәселе – ведомстволардан шығатын хабарламаны алдымен қазақша жаздыру. Осы мәселе қолға алынбай, қазақ тілінің сапасы мен қолданылу аясы туралы ештеңе айта алмаймыз. Конституцияның өзі орысша жазылып, қазақшаға аударылған. Тіпті, қазір Конституцияға енгізілетін өзгертулер мен толықтырулар да алдымен орысша нұсқада жасалып, қазақшаға аударылған. Мемлекеттің тілге саясатына деген қарым-қатынасы осы деңгейде».

Қожабек ведомсволар қазақ тілінде ақпарат тарату үшін орасан шығынға ұшырайтынын айтады. Өздері орысша жазған құжатты қазақ тіліне аудару үшін бір, оны тарату үшін екі, түсіндіру үшін үш шығындалады. Өйткені, бұл аударма құжат мүлде түсініксіз – қазақ сөздерімен орысша жазылған қойыртпақ. Ішкі құжат айналым – алдымен қазақша жазылып, содан кейін орыс тіліне аударылмай бұл мәселе алдағы 10 жыл ішінде шешіледі дей қоярдай ешқандай үміт жоқ...

 

Кассир мен даяшыдан қазақша сөйлеуді талап ету

Мемлекеттік тілді дамыту туралы қаншама бағдарлама, қаншама бастама көтерілді. Енді бүгін қарасақ, осы уаққа дейін айғай-аттанға салып, тілдің жоғын жоқтап келгендердің көпшілігінің әрекеті – тілдің құрып бара жатқанын айтып дабыл қағу, сөзі – «мәңгүрт қазақтарға» кіжінуден ары аспапты.

Мемлекеттік тіл туралы заң қабылданарда парламент пен үкімет орыс тілі мен қазақ тілі қатар қолданылсын деп біраз даурыққан. Сол кездеШерхан Мұртаза айтқан «жыланның ғана екі тілі болады» деген сөз біздің тіл қорғаудағы басты ұранымыз болып келді. Бірақ, бұл да Назарбаевтың «қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» дегені секілді, айтқанға, жылағанға ғана жақсы сөз. Мектептегі бала қазақ тілі туралы шығарма жазады, осы екі сөзді міндетті түрде келтіреді. Жас журналист қазақ тілі туралы мақала жазады – әлгі екі сөздің бірін тақырыпқа шығарады... Оны мемлекеттік тілді дамыту тақырыбы бойынша тендер алып отырған газет пен сайт сәл түзетіп, шығарып береді. Жыл сайын мың-миллиондаған іс-шара өтеді – бәрі мемлекеттік тілді дамыту үшін.

«Мемлекеттік бағдарламалардың кемшілігі – нақтылық жоқ. Нақты қандай мақсат қойылды, өткізілген (өткізілмек) іс-шараларға нақты қандай талап қойылады, мемлекеттік тілді дамыту бағдарламаларындағы басым бағыттарды белгілегенде нақты қандай көрсеткіштерге сүйенеді... Мәселен, «қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту үшін 2018 жылы 300 млн бөлінді» дейді, болды. Енді сұрақ туындайды: Неге 300 млн?  Оған өткізілген «іс-шаралар» қазақ тілінің қолданылу аясын қаншалықты кеңейтті? Бұл сұрақтың бәрі жауапсыз қала береді», - дейді әлеуметтік лингвист Анна Климченко.

Климченко күмән келтірген мәселе – шенеуніктердің есебі үшін жасалатын сүйкімді цифрлар. Мемлекеттік сансыз бағдарламалардың нәтижесінде қазақ тілін еркін меңгергендер саны 2019 жылы 90%, 2020 жылы 95%-ды құрайды деген. 2018 жылы қазір қамауда жатқан Арыстанбек Мұхамедиұлы (сол кезде мәдениет және спорт министрі) бұл межеге «жақындап» та қалған: 83 пайыз! Бірақ, бұл да әшейін сөз, былайғы уақыттың өзінде сөзі шашырап, берекесі қашып сөйлейтін министр бұл цифрды келтіргенде нақты қандай көрсеткішке сүйенгенін айта алған жоқ.

Тілді дамыту үшін 2019-2020 жылдары 19 млрд теңге бөлініпті. Бірақ, оның нақты неге, қалай жұмсалғаны айтылмайды.

«Олар ештеңені ашып айтпайды. Бар болғаны 7 млрд теңге жұмсалғаны жазылады. Қалған 12 млрд теңге қайда кетті? Мен үшін күтпеген жағдай болған – 19 млрд- тың 2 млрд теңгеден астамы мемлекеттік тематикалық және топографиялық карталарға, географиялық каталогтарды қазақша жазуға жұмсалған. Ал, қазақ тілін тегін оқыту курстарына  млрд теңге ғана бөлінген. Бұлардың бәрі «есебі берілген» шығындар. Ал, қалған қаржының қайда кеткенін табу мүмкін емес».

Сарапшылар айтқан тағы бір проблема – бізде бұрын жүргізілген бағдарламалардың берген «жемісі» туралы айтқанның өзінде жай ғана «іске асырылғаны» айтылады, бірақ, одан нақты қандай нәтиже шықты, кемшін тұсы қандай болды деген зерттеулер жүргізілмейді. 100 шақты қазақ тілін оқытатын тіл орталықтары бар, 2019 жылы 71 мың адам осы курстан өтіпті, бірақ, бұл жерде де ешқандай нақты ақпарат жоқ, қаншалықты үйренді, үйренгенге дейінгі деңгейі қандай болды, одан соң қалай болды? Мемлекет ақша бөледі, оны жаппай игереді, бірақ, бағалау мүмкіндігі қарастырылмаған.

Үш тілде білім беру жүйесі де осылай болды. Ағылшын тілінде сабақ өтеді деді, сөйтті де, бастап кеп жіберді. Бірақ,  физика пәнінің ағылшын тіліндегі оқулығы болған жоқ, ағылшын тілін білетін мұғалімдер де болған жоқ, оларға өз саласы бойынша ағылшын тілін үйрететін бағдарлама да болған жоқ – ештеңе болған жоқ, яғни, үш тілде білім беру моделіне көшуді алдын ала дайындықсыз бастады да кетті. Біраз мұғалім ауыл мен қаланың арасын шаңдатып, курстардан өтіп, сенделіп біраз жүрген соң, өз өзінен ұмыт болды да кетті.

Мемлекеттің тіл саясатындағы ұстанымы осындай болған соң, арзанқол дәмханалардағы даяшы мен шағын дүкендегі кассирден қазақ тілін талап ету – қызыл кеңірдек дауды өршітпесе, мәселені шеше қоймайды.

Тым асқақ идеялар алысқа апармаса, қарапайымнан бастау керек. Қарапайым іске асыруға болатын мақсаттар – әлеуметтік желілердегі, мобильді қосымшаларды, тегтеуге жалғау жалғанбайтыны проблема. Визуалды қарым-қатынастағы бұл кемшілік те қазақ тілін жарым-жан етіп көрсетеді. Бұл жайлы талқылауға қатысқан «Қазақ тілі» халықаралық қауымдастығының мүшесі, аудармашы Мақсат Рамазан айтты. Олар да өз бетінше әлеуметтік желіні қазақшалауға тырысып жатыр, бірақ, мемлекеттік билік араласпаса шешілмейтін мәселе жетерлік.

 

Қазақ тілі TOP-100-ге кіреді

Жиында көпшілік мән бермей қалған бір тақырып – қазақ тілінің әлемдік статусы туралы болды деуге болады. Әбден құрып қалды, өліп барады деген айғай-аттанға үйреніп қалған қоғам үшін бұл да үлкен жаңалық: қазақ тілі қолданушыларының саны бойынша 100 озық тілдің қатарына кіреді.

«Қазақ тіліндегі контентке байланысты, мемлекет неге аудармайды, мемлекеттің аударған аудармалары неге сапасыз деп, қаншама қызу талқылау жүрді. Шенеуніктер, зиялылар тіл туралы үлкен пафоспен айтады. Тіл – ұлттың жүрегі, ұлттың діңгегі, тілге төніп тұрған қауіп – ұлтқа төніп тұрған қауіп деген дискурс бар. Бірақ, соның ішінде рационал нәрсе өте аз. Мәселен, әлеуметтік лингвист Жұлдыз Смағұлова «қазақ тіліне қатысты моральды паника көп, шын мәнісінде қазақ тілі қолданушыларының саны бойынша 100 озық тілдің қатарына кіреді», дейді. Бізде тіл мәселесін қоғамның назарын басқа жаққа аудару үшін пайдаланады. Тіпті, тіл үшін соншама миллиардтар жұмсаудың да қажеті жоқ дейтіндер бар», - деді модератор, әлеуметтанушы Серік Бейсембаев.

Бұдан ары қарай айтылған әңгіме де, арнайы қарап, зерттелген көрсеткіштер де мүлде басқа картинаны алдыға тартады. Қараңыз:

«1995 жылы үздік 100-дікке кіретін түркі тілдерінің ішінде 6 тіл - түрік, әзірбайжан, өзбек, қазақ, ұйғыр, татар тілдері болды. Ал, 2019 жылы бұл тізімнен татар мен ұйғыр тілдері қысқарып кетеді. Ал, қазақ тілі 1995 жылы 95 орында болса, 2019 жылы 89 орынға көтерілген».

Иә, сарапшылар айтқандай, біздің тіл тек өміршеңдігін сақтап қана қоймай, ары қарай дамып келеді. Біз өзіміз сөйлеп жүрген қазақ тілінің осындай ерекше статусқа ие қуатты тіл екенін білмейміз. Әрине, қазақтың шешен болғанын, қазақ тілінің сұлу, бай тіл болғаны туралы бәріміз айтамыз, бірақ, ең қарапайым статистикадан хабарсызбыз.

 

Қазақ тіліндегі құжаттар және екі тілде түсінісу

Тағы бір сауалнама нәтижесі – 30-40% жауап берушілер отбасында екі тілде де сөйлей беретіндерін айтыпты. Тіл мәселесін шешудің оңай жолын – Конституциядағы орыс тіліне қатысты бапты алып тастағаннан гөрі, осы ұстаным төңірегінен іздеп көрсе қайтеді деген де ұсыныс айтылып қалды. Оның мәнісі – әркім өз ойын еркін жеткізетін тілде сөйлей берсін, бастысы тіл табысса болды. Бұл қаққа жарылып тұрған қоғамды жақындастырар еді деген әңгіме. Алдымен осы деңгейге жетіп алсақ, ары қарай тілге қатысты комплекстерден арылар едік, реформа оңайға түсер еді  дейді.

Бірақ, қазір қоғам өз өзінен осы форматқа ауысып бара жатқан сияқты. Өйткені, барлық жерде екі тілде де қызмет көрсете береді. Әрине, ара-тұра орыс тілін білмейтін қазаққа қазақ тілін білетін қазақ таба алмай, қиналып қалатын кездер болады. Ара-тұра принципті түрде қызмет көрсетуден бас тартатындар кездесіп қалады, бірақ, оларды қоғамның өзі-ақ талап тастайды. Мұндағы мәселе қоғамнан гөрі мемлекеттік басқару жүйесінде болып тұр. Назгүл Қожабек құжат түрінде көрсетілетін қызметтің сапасы жайлы, оны түсінудің қиындығы жайлы айтты.

«БҰҰ-ның конвенциясын қазақша оқып көріңізші, түк түсінбейсіз, мен амал жоқ орысша оқуға мәжбүрмін. Мен жарайды, орыс тілін білем, ал, орыс тілін білмейтін адамдар қайтеді? Не қазақшасын ұқпайды, не орысшасын түсінбейді, ақыры БҰҰ конвенциясынан хабарсыз болып шығады. Біз ақпарат алу құқығын шектеп отырмыз. Қиянат жасап отырмыз», - дейді.

«Қазақ тіліне толық ауысқанға дейінгі аралық уақытта осындай методикалар қолға алыну керек» деген ұсыныс айтылды.  Тіл мәселесіндегі кедергіні жою үшін «балаңды қазақша оқыт, қазақша балабақша бер» деген талап та тым бір жақты. Мәселен, орыс тілді қазақ баласын қазақша балабақшаға берді делік. Мұндағы басты мәселе – онда тек қазақ тілінде қызмет көрсетеді. Қазақша білмейтін бала тек қазақ тілді ортаға түседі де, стресске түседі. Орыс тілділерге арналған қазақша балабақшалар ашу керек...

Біз қазақ тілді және орыс тілді болып бөлініп, екі бөлек әлем болып қала береміз бе? Бұл Қазақстан үшін ғасыр сұрағы болып қалмай ма деген қорқыныш та жоқ емес.

«Әлеуметтанушы ретінде айтатын болсам, біз қазақ тілінің мәселесін көтерген кезде дискуссияның көбі негізінен қазақ тілінде сөйлемейтінерді кінәлаумен аяқталып жатады» – бұл пікірталас модераторы айтқан сөз. Расында, бізге тіл саясатына қатысты көзқарасты өзгерту керек сияқты...

Байланысты жаналықтар

АҚШ солтүстіккореялық хакерді тапқан адамға қомақты сыйақы тағайындады

26.07.2024

Зауыттағы апат: Ерлан Нығматулин өндіріс нысанын қандай ақшаға салды?

25.07.2024

Газа секторы: Хан-Юнис қаласына Израиль танктері шабуылдады

24.07.2024

Борис Джонсон Дональд Трампқа Украина мен Ресейді татуластыру туралы ұсыныс айтты

23.07.2024

Байден сайлауға қатысудан бас тартты

22.07.2024

Ковид жұқтырған Байден сайлаудан бас тартпайды

19.07.2024
MalimBlocks
АҚШ солтүстіккореялық хакерді тапқан адамға қомақты сыйақы тағайындады

АҚШ-тың әділет министрлігі солтүстіккереялық Рим Чон Хёкті қатаң айыптап отыр. Тараптың мәліметінше, ол Andariel хакерлік тобының құрамына енген. Ал оны елдің арнайы қызметі тұрақты бақылап, қадағалауға алған.

Зауыттағы апат: Ерлан Нығматулин өндіріс нысанын қандай ақшаға салды?

Өткен аптаның соңында Қарағанды YDD Corporation ферроқорытпа зауытында қайғылы жағдай орын алды. Өндіріс орнындағы №1 пеш өртеніп, сегіз жұмысшы зардап шеккен. Өкінішке қарай, 25-шілде күні алған жарақаты салдарынан екі адам қайтыс болды.

Газа секторы: Хан-Юнис қаласына Израиль танктері шабуылдады

Газа секторының Хан-Юнис қаласына Израиль әскері шабуыл жасады. Al Jazeera-ның мәліметінше, денсаулық сақтау министрлігі 84 палестиналық қаза тауып, 329 адам жарақат алған.

Борис Джонсон Дональд Трампқа Украина мен Ресейді татуластыру туралы ұсыныс айтты

Ұлыбританияның экс-премьер-министрі және Украинаға әскери көмек көрсетуде белсенді қолдаушы Борис Джонсон британдық "Daily Mail" басылымына жазған бағанында бірқатар жайттарды алға тартты. Мақалада ол Дональд Трамп қайта сайланған жағдайда Украинаны құтқара алатынына сенім білдірген.

Байден сайлауға қатысудан бас тартты

АҚШ президенті Джо Байден жақтастарының кеңесін алып, сайлауға төрт ай қалғанда Дональд Трамппен додаға түсуден бас тартты.

Ковид жұқтырған Байден сайлаудан бас тартпайды

АҚШ президенті Джо Байден қараша айында өтетін сайлаудағы үміткерлігіне қатысты партиялық жаңа мәселелерге тап болды. Жағдай қиындағанымен қатар, ол ковид жұқтырып, сайлауалды іс-шараларын тоқтата тұруға мәжбүр.