Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын Ресейден оралған әскери бөлімді салтанатты түрде қарсы алды. Пхеньянда өткен рәсімде ол шетелдік миссиядан қайтқан инженерлік әскердің «ерекше ерлігін» атап өтіп, оларды мемлекеттің абыройын асқақтатқан жауынгерлер деп бағалады. Бұл туралы КХДР-дың ресми ақпарат құралдары хабарлады.
Әскери бөлім биыл тамыз айында Ресей аумағына жіберілген. Солтүстік Корея тарапы олардың Ресейдің Курск облысында соғыс жағдайында инженерлік әрі әскери міндеттер атқарғанын мәлімдеді. Мемлекеттік телеарналар таратқан бейне кадрларда сарбаздардың ұшақтан түсуі, Ким Чен Ынның жараланған әскери қызметкерді құшақтауы және халықтың қошеметі көрініс тапқан.
Ресей Қорғаныс министрлігінің дерегінше, солтүстік кореялық әскерилер Украина тарапынан жасалған шабуылдарды тойтаруға және аймақты минадан тазартуға белсенді қатысқан. Мәскеу мен Пхеньян арасындағы өзара қорғаныс келісімі аясында КХДР былтыр Ресейге шамамен 14 мың сарбаз жіберген. Батыс пен Украина дереккөздері бұл миссия барысында мыңдаған адам қаза тапқанын айтады.
Алайда Ким Чен Ын өз сөзінде тек тоғыз сарбаздың қаза тапқанын мәлімдеп, олардың өлімін «жүректі ауыртқан қаза» деп атады. Қаза болған әскери қызметкерлерге КХДР Батыры атағы беріліп, бөлімше «Бостандық пен Тәуелсіздік» орденімен марапатталатыны жарияланды.
Солтүстік Корея соңғы айларда Ресей жағында соғысқан әскерилерін ашық түрде мадақтап келеді. Бұған дейін мемлекеттік БАҚ-та Ким Чен Ынның шетелдік операцияларға қатысқан сарбаздармен кездесуі, сондай-ақ табыттарды мемлекеттік тумен жабу сәттері көрсетілген еді. Сарапшылар бұл қадамдарды Пхеньянның Мәскеумен әскери-саяси одақты нығайтуға бағытталған ашық сигналы деп бағалайды.