Астанада Есілдің жағасындағы мейрамхана өртенді
Өрт Ұлттық ұланның көмегімен сөндірілген
12 қазан күні кешкі сағат 20:00 шамасында Астанада Есіл жағалауындағы мейрамханалардың бірінен өрт шықты. Сол маңда қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету қызметін атқарып жүрген ІІМ Ұлттық ұланының сарбаздары оқиға орнына алғаш боп жеткен, деп хабарлайды Malim.kz.
Ұлттық ұланының баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, капитан Дархан Бәкен бастаған әскери жасақ жауынгерлері бірден мейрамхана қызметкерлерін қауіпсіз жерге шығарып, дереу өрт сөндіру қызметіне және құқық қорғау органдарына хабар берілген. Ал өзге жасақтар уақыт жоғалтпай асүйге өтіп, жарылыстың алдын алу мақсатында газ баллондарын да сыртқа алып шыққан.
Қала көшелерінің тыныштығын қамтамасыз ету кезінде Мәмбетов көшесі 3 мекенжайында орналасқан «Али баба» мейрамханасынан шыққан түтінді байқадық. Патрульдік топ бастығы лейтенант Селімжан Жансүгіровтің басшылығымен әскери жасақтар өрт аумағын қоршауға алып, тиісті шараларға кірісті. Оқиға орнына өрт сөндіру тобын шақырдық. Олармен қатар, тәртір сақшылары да жұмыс істеді, дейді Ұлттық ұланның 5573 әскери бөлімінің офицері.
Екіқабатты ғимараттағы 250 ш.м. алаңды шарпыған өрт толығымен сөндірілген.
Фото: ТЖМ