Карантин: Тоқаев 8 миллиард долларды қайдан алды?

Елнұр Бақытқызы

  • 19.03.2020

Мұнай бағасы құлдыраған тұста елде төтенше жағдай жарияланып,  Нұр-Сұлтан мен Алматы карантинге жабылды. Бұл республикалық бюджетке қалай әсер етеді? Елді жұмыссыздық жайлап, экономика дағдарысқа ұрына ма? Ұлттық қордағы қаржы елді дағдарыстан алып шығуға жете ме? Осы сұрақтарды экономист, Eximar форсайтинг агенттігінің жетекшісі Айман ТҰРСЫНХАНҒА қойып көрдік.

– Айман ханым, мұнай бағасы күрт құлдырағандықтан, бюджет мұнай түсімінен қағылатыны анық. Осындай онсыз да қиын кезеңде төтенше жағдай жарияланып, ойын-сауық, қызмет көрсету саласындағы шағын және орта кәсіп жұмысы тоқтап қалды. Оны былай қойғанда, республикалық бюджетке салық түрінде ақша құятын негізгі қала – Алматы мен Нұр-Сұлтан карантинге жабылды. Бұл экономикаға қалай әсер етпек?

Мұнай-газ секторы мен тау-кен өндірісінің ішкі жалы өнімдегі үлесі – 17 пайыз. Мұнай бағасы екі есе арзандады, демек, валюта түрінде түсетін табыс та екі есе, яғни 8,5 пайызға азаюы тиіс. Бірақ тәуелсіздіктен бері қарай мұнай-газ саласының елдің ішкі жалы өніміндегі үлесін сараптай келе мынаған көз жеткіздім: мұнай бағасы жоғары болған кездің өзінде ол саладан түсетін салық түсімдері айтарлықтай өспеді. Ал мұнай бағасы құлдыраса, одан түсетін салық түсімдері күрт төмендейді. Мысалы, 2011-12 жылдары мұнай бағасы қымбат еді, тіпті барреліне 120 долларға дейін шарықтаған кезі болды. Ол уақытта мұнай-газ секторының ішкі жалпы өнімдегі үлесі 45-47 пайызға тең болды. Бұл кезеңде біз расымен шикізатқа тәуелді едік. Алайда мұнай бағасы артынша біртіндеп төмендей бастады. Әуелі 90 долларға, кейін 80 долларға төмендеп, былтырғы жылдың аяғында 65 долларға жетті. 2020 жылдың басында мұнай бағасы 62 доллар болатын. Үкімет 2019-2020 жылдардағы бюджетті қабылдағанда мұнай баррелінің бағасы 55 доллар деп есептеді. Үкіметтің жағымсыз сценарийі бойынша, мұнай баррелінің бағасы асып кетсе 45 долларға түседі деп болжалды.

Қысқасы, 2012 жылдан бері мұнай бағасы екі есе құлдырады, ал мұнай-газ саласының ішкі жалпы өнімдегі үлесі 45 пайыздан 17 пайызға дейін азайды. Бұл екі есе де емес, екі жарым есе азайды деген сөз. Ал салық түсімдеріндегі осы саланың үлесі 5 есе азайды. Бұл пропорционалды көрсеткіш емес.

Мұнай бағасы әлі де түсіп жатыр. Сауд Арабиясы үшін мұнай бағасы әлі 10 пайызға түссе де, яғни 22 доллар болса да, ол тиімді, өзін-өзі ақтайтын баға болып қала бермек. Меніңше, мұнай бағасы әлі де арзандай бермек. Неге десеңіз, карантинге жабылған елдердің экономикасы, қызмет көрсету, сауда саласының ізінше өнеркәсіп орындары құлдырау үстінде. Сондықтан мұнайды тұтынушы ірі елдерді арзан мұнай бағасы құтқарып қалмақ. Тіпті мұнайды артығымен сатып алып, қор жинап қоюы мүмкін. Сол себепті мұнай бағасы арзан күйінде қалады. Бұдан тез арада шығамыз деп ойламаймын. 1988 жылы мұнай бағасы төмендей бастады, КСРО ыдырағанда 20 долларға жетті. Ал 1993-95 жылдары тіпті 8,5 доллар ғана болатын. Дәл осы кезеңде Қазақстанға мұнай-газ саласына келе бастаған шетелдік инвесторлармен келісімшарттар жасалды. Мұнай бағасы төмен болғандықтан, өнім бөлінісі жөніндегі тиімсіз келісімшарттар жасалды. Қазақстан жағына тиесілі мұнай түсімдеріне ғана салық салынатын. Ал бұл өндірілетін мұнайдың 16 пайызы ғана. Яғни экономика сол 16 пайыз мұнайдың ғана пайдасын көрді. Қысқасы, мұнай өзіміздікі болғанымен, оның қызығын басқа елдер көріп отыр. Біз шикізат колониясымыз. Мұнай саласындағы өнім бөлінісі жөніндегі келісім бойынша, мұнай-газ секторындағы компаниялар алатын тауар-өнімдердің 25 пайызы, қызметтің 50 пайызы, жұмыстың 70 пайызы отандық болуы керек. Бірақ ол еш жерде орындалмайды. Сондықтан мұнай-газ саласы шағын және орта бизнесті өркендетіп, экономиканы дамытқан салаға айнала алмады.

Енді коронавирусқа қатысты енгізілген төтенше жағдай мен Алматы мен бас қаладағы карантинге тоқталайық. Алматы экономикасының негізі – қызмет көрсету және сауда саласы. Қала экономикасындағы сауда-саттық пен қызмет көрсету секторының 67 пайызы келіп кететін клиенттерден пайда табады. Яғни олар қашықтықтан қызмет көрсете алмайды. Егер карантин бір айға созылса, біз аймақтық жалпы өнімнің 15 пайызынан айырыламыз. Карантин ең көп дегенде үш айға созылуы мүмкін, өйткені үш айдан асып кетсе, экономика тоқырайтынын халықаралық тәжірибе көрсетті. Карантин үш айға ұзартылса, аймақтық жалпы өнімнің 30-35 пайызынан айырылуымыз мүмкін.

– Төтенше жағдай, екі қаладағы карантин кесірінен республикалық бюджетке қанша ақша түспей қалады?

Алматы – донор қала, республикалық бюджетке түсіп жатқан салықтардың 28 пайызын Алматы қамтамасыз етеді.

Бас қала да үш жылдан бері бюджеттің донорына айналды. Өйткені ұлттық компаниялардың бас кеңселері сол қалада. Астананың экономикасы квазимемлекеттік секторға негізделеді. Құрылыс саласының да айтарлықтай үлесі бар. Қала жабылғандықтан, құрылыс енді тоқтап қалады. Ал құрылыс саласының аймақтық жалпы өнімдегі үлесі – 15 пайыз. Демек, аймақтық жалпы өнім де 15 пайызға қысқарады деген сөз.

Бізде салық үш қоржынға түседі. Жергілікті салық, яғни көлік, жылжымайтын мүлік, жеке тұлғалар төлейтін салықтар ­­– 2 триллион теңге. Ал шикізат емес сектордың салықтары – қосымша құн салығы, кеден төлемдері, корпоративті табыс салығы республикалық бюджетке түседі. Шикізат саласындағы барлық салық ­­­ұлттық қорға түседі. Ол шамамен 1,65 триллион теңге.

Егер карантинге қатысты дағдарыс үш айдан асса, онда республикалық бюжетке жоспарлы салықтың 30-50 пайызы түспей қалуы мүмкін. Яғни республикалық бюджет 7 триллион теңге болса, онда оған 2-3 триллион теңге түспей қалады деген сөз.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "елбасы саясатының арқасында елде 90 миллиард доллар көлемінде халықаралық резерв бар" деді. Бұл ақша бізді дағдарыста құтқарып қала ала ма?

– Бұл қағаз жүзіндегі ақша. Бұл қаржы түрлі инструменттерге инвестицияланған. Бізде Ұлттық қор 61 миллиард долларға тең. Мұнай бағасы жоғары болған кезде Ұлттық қордың активтері 74 миллиард долларға жеткен. Яғни біз соңғы бес жылда 12-13 миллиард доллардың басына су құйып, жұмсап жібердік. Бұл – бір. Екіншіден, бизнесмен Статидің ісі бойынша Ұлттық қордың 22 миллиард доллары бұғатталды. Ол іс әзірге шешілмеді.

Тағы бір мәселе, Ұлттық банктің алтын-валюта резервтері тұтынушы кәрзіңкесін қамтамасыз ете алмайды. Алтын-валюта резервтері – 21 миллиард доллар. Шын мәнінде, бұл аз. Дүниежүзілік банктің есептеуіне салсақ, елдегі қор үш айлық импортты толықтай жабатын көлемде болуы керек. Бұл тұрғыдан алғанда, елдегі қор үш айлық импорт көлемін жаба алады. Дегенмен тағы бір өлшем бар. Ол – тұтынушы кәрзіңкесін сатып алу қабілетінің паритеті. Дүниежүзілік банктің есептеуінше, ол жан басына шаққанда 22 мың долларға тең болуы тиіс. Сатып алу қабілеті паритетіне шақсақ, онда алтын-валюта резерві шамамен 50 миллиард долларға тең болуы керек. Ал бізде ол көрсеткіштен екі есе аз болып тұр.

Енді мынаны қараңыз. Тоқаев "халықаралық резервтер 90 миллиард долларға тең" деді. Қазақстанның жалпы халықаралық резервтері Ұлттық қор активтері және алтын-валюта резервтерінен тұрады. Ұлттық қор активтері 61 миллиард доллар, алтын-валюта резервтері 21 миллиард доллар, яғни резервтер 82 миллиард доллар. Сонда қалған 8 миллиард долларды Тоқаев қайдан алды? Егер ол Бірыңғай зейнетақы қорындағы активтерді меңзесе, онда билік халық қалтасына қолын салмақ деген сөз.

– Төтенше жағдай, мұнай бағасының құлдырауы, қысқасы, осы дағдарыс халыққа қалай әсер етеді?

– Меніңше, барлық компаниялар жұмыс орнын сақтамайды. Адамдар жұмысынан айырылып қалуы мүмкін. Бұл –­­ бір. Екіншіден, осы кезеңде жұмыс берушілер жалақыны толық төлемеуі мүмкін. Яғни адамдар табысынан айырылады. Сосын көптеген компаниялар жабылып қалуы ғажап емес. 2016 жылы шағын және орта кәсіп нысандарының 50 пайызы жабылып қалған. Ал бізде шағын және орта бизнес – халықты жұмыс орнымен қамтамасыз ететін негізгі сектор.

Рас, бізде резервтер бар. Бірақ мәселені жүйелі түрде шешу керек. Ал бізде тек уақытша шешімдер ғана қабылданады. Мәселен, салықтан онсыз да айырылатыныңды білесің бе, орта және шағын бизнесті жыл аяғына дейін салықтан босатып, салық амнистиясын жарияла. Тұтынушы кәрзіңкесіндегі негізгі 19 өнім түрі, 10 қызмет түріне қосымша құн салығын алып тастау керек. Бірінші кезекте қажет, өте маңызды, отандық өнімдерді шетелге экспорттауға дәл қазір тыйым салу керек. Өйткені девальвация болғандықтан, өндірушілерге бұл өнімді шетелге шығарып сатқан тиімді. Бірақ оны санкция, тыйым салу әдістері арқылы емес, дұрыс баға белгілеу арқылы тежеу керек. Тауар бағасына не кіреді? Оны өндіретін шағын және орта бизнестің салығы және несиесі. Бағаны белгілеудегі салық 13-14 пайыз десек, қалғаны несие жүктемесі. Ал елде несие өте қымбат.

­– Несие демекші, Ұлттық банк базалық ставканы түсіру орнына көтеріп жіберді. Қазір ол 12 пайызға тең. Бүкіл әлемде орталық банктер несиені арзан пайызбен беріп, экономиканы өсіру үшін ставканы түсіріп жатса, Ұлттық банктің керісінше әрекет еткенін қалай түсінуге болады?

– Ұлттық банк монетарлы саясатпен емес, 2007 жылдан бері монетаризммен айналысып отыр. Ұлттық банк базалық ставканы көтерсек, нарықтағы ақша массасын басқарамыз деп есептейді. Сонда несие құны қымбат болады, ақша аз құртылады, инфляция тежеледі деп санады. Бірақ несие қымбат болғандықтан, бұл шағын және орта бизнеске тікелей әсер етеді. Сөйтіп, олар өнімдеріне баға белгілегенде, сол қымбат несиені есепке алады. Нәтижесінде бәрібір халық зардап шегеді.

Ұлттық банктің базалық ставкасы жоғары болса, онда екінші деңгейлі банктердің де несие ставкасы жоғары болады. Мәселен, Ұлттық банктің базалық ставкасы 12 пайыз болса, онда банктер оның үстіне 4-6, тіпті 8 пайыз қосып белгілейді. Яғни инвестицияларға қажет ақшаны банктерден шамамен 18-20 пайыздық ставкамен аласыз деген сөз. Ал тұтынушылық несиелердің пайыздық мөлшерлемесі тіпті аспандайды. Тұтынушы несиенің пайыздық мөлшерлемесі екі есе жоғары болады, сөйтіп, несиенің ставкасы 40 пайызға дейін жетеді.

Монетаризм тұтынуды ынталандырса, монетарлы саясат өндірістің дамуына жағдай жасайды, инфляцияны тежейді. Монетаризмге салынған билік бағаны базар аралап, саудагерлерді жазалап, әкімшілік шаралар арқылы тежегісі келеді. Ал монетарлы саясатта бағаны нарық өзі реттейді.

– Тоқаев шағын және орта бизнеске 300 миллиард теңге бөлінетінін мәлімдеді. Бұл карантин мен төтенше жағдайда шығын шегетін бизнеске көмектесе ала ма?

­– 300 миллиард теңге орта және шағын бизнесті қолдап, қаржыландыру жүйесін жолға қойып, өндіріс орындарын ашу орнына жағдайды онан сайын ушықтыруы мүмкін. Тоқаев 300 миллиард теңге Ұлттық қордан бөлінеді, орта және шағын бизнеске 6 пайызбен беріледі деді. Бұл қаржы "Даму" қоры немесе "ҚазАгро" арқылы бөлінуі мүмкін. Бұл ақша азық-түлік, фармация сияқты бірінші кезекте қажет салаларға емес, туризм тәрізді салаға кетіп қала ма деген қауіп бар. Сосын бұны ірі бизнес лоббистері мен олигархтар пайдаланып кете ме деген қауіп жоқ емес. Солай болса, онда кедейлер онан сайын кедейленіп, байлар байи түседі. 2007-2008 жылдардағы дағдарыс кезінде Forbes тізіміне кіретін миллиардерлердің дәулеті еселене түсті. Мен бұл жерде "Қазақмыс", Еуразия тобы мен Халық банкіне қатысы бар адамдарды айтып тұрмын. Халық қанша пайызға кедейленсе, олар тура сонша есеге байи түсті.

Мына дүбәра кезеңде осы олигархтар мен бірді-екілі ірі банктің иелері пайдаға кенеліп, ұтып кетуі мүмкін. Өйткені банктер төтенше жағдай кезінде ұтылып жатыр. Банктердегі несие портфелі 14 триллион теңге. Төтенше жағдай кезінде жұрт несие пайыздары мен несиені кешіктіргені үшін салынатын айыппұлдан босатылады. Несиенің орташа пайыздық ставкасы 22 пайыз десек, банктер қатты шығынға батады. Міне, осы кезде ірі жүйеқұраушы банктер үкіметтен "бізді құтқар" деп көмек сұрауы мүмкін. Көмек сұрағанда да, бізде 32 банктен ішінен үнемі үкіметке алақан жаятын бірнеше банк қана бар. Ол – Құлыбаев, Өтемұратов пен ара-арасында көмек сұрайтын Бейсембаевтың банктері.

– Әңгімеңізге рахмет!

МАТЕРИАЛДЫ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ

 

 

 

Байланысты жаналықтар

Ресейден заңсыз кіргізілмек болған 171 тонна картоп кері қайтарылды

21.09.2024

Алматы облысында 11 адам сібір жарасын жұқтырған

10.09.2024

Алматы облысында сібір жарасы бойынша карантин жарияланды

05.09.2024

15 қыркүйектен бастап қайта бетперде киеміз бе? ДСМ жауабы

03.09.2024

Еліміздің әуежайларында маймыл шешегіне қарсы жаттығулар өтті

21.08.2024

Жаңа жылдан Ashyq "көктер" үшін жабық болады

28.12.2021
MalimBlocks
Ресейден заңсыз кіргізілмек болған 171 тонна картоп кері қайтарылды

Шекарада екі күнде 12 заңбұзушылық анықталған

Алматы облысында 11 адам сібір жарасын жұқтырған

Ауруханаға жалпы 16 адам жатқызылды

Алматы облысында сібір жарасы бойынша карантин жарияланды

Бактериологиялық зерттеулердің нәтижелері белгілі болды

15 қыркүйектен бастап қайта бетперде киеміз бе? ДСМ жауабы

Еліміздің әуежайларында маймыл шешегіне қарсы жаттығулар өтті

Оқу-жаттығу барысында шартты түрдегі маймыл шешегі ауруы тартылды

Жаңа жылдан Ashyq "көктер" үшін жабық болады