Мамайдың айыбы жеңілдеді
"Демпартияны" тіркей алмай жүрген Жанболат Мамай ақпан айынан бері қамауда жатыр.
Қаңтар оқиғасынан кейін ұсталған тіркелмеген "Демократиялық партия" жетекшісі Жанболат Мамайға тағылған айып жеңілдетілді. "Жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды" деп айыпталған белсендінің айыбы "Бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу" бабымен алмастырылды. «Бұл жөнінде сәрсенбі күні Еуропарламенттің адам құқығы жөніндегі шағын комитет отырысында сөйлеген белсендінің әйелі, журналист Инга Иманбай хабарлады», - деп жазады Азаттық радиосы.
Иманбайдың айтуынша, күйеуіне тағылған бап 24 қазанда алмастырылған. "Тағылған айыптардың абсурд екенін түсінген билік халықаралық қысым нәтижесінде бостан-босқа жала жауып отырғанын мойындауға мәжбүр болды", дейді ол.
Бұған дейін бірқатар халықаралық адам құқығын қорғау ұйымдары Қазақстан билігін Жанболат Мамайды босатуға шақырған. Тамыз соңында Қазақстанға келген Еуропарламент депутаттары Астананы белсенділерді қудаламауға, оның ішінде Мамайды босатуға үндеген.
«Сайлаудың алдында, үлкен қысымның арқасында Жанболаттан ауыр баптар алынды, бірақ, десек те Жанболат әлі қамауда отыр. Қазір Жанболат үш бап бойынша әлі қамауда: ол жаңағы 400-бап, 378-бап ("билік өкілін қорлау") және 274 ("жалған ақпарат тарату"). Бұлардың барлығы шын мәнінде орта деңгейдегі қылмыс болып саналады. Ол үшін тергеу изоляторына қамамайды, бірақ десек те Жанболат әлі де қамауда отыр», – дейді Инга Иманбай Азаттыққа берген сұхбатында.
Жанболат Мамай биыл ақпан айында Қаңтар құрбандарын еске алу жиынында ұсталған. Инга Иманбай күйеуін Қаңтар оқиғасын ұйымдастырушылардың бірі ретінде "жаппай наразылық ұйымдастырды" деген тағы бір айып тағылғанын да айтқан. Мамай бұл айыпты жоққа шығарып, өзін саяси қудалауға ұшырағанын мәлемдеген.