Тоқтар Әубәкіров: Бұл не деген Конституция?
Содан кейін бәрінен шықтым, бәрінен кеттім.
Көптен тебе көрсетпей кеткен қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер, ұшқыш, Кеңес Одағының батыры Тоқтар Әубәкіровты кеше астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада өткен бір жиыннан көріп қалдық. Жиын – Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өткен академик Оразалы Сәбденнің «Ойлы сөз», «Книга мысли» және «Әлем, түркі өркениеті: Қазақстан және болашақтың концепциясы» атты кітаптарының тұсаукесері болатын. Көпшіліктің алдына жиі шыға бермейтін, шықса да сөзге сараң Халық қаһарманы қоғамдағы кейбір мәселелерге қатысты өзінің көзқарастарын тілге тиек етті. Сонының ішінде соңғы кезде қоғамда ренессанс тудырған Конституция жайлы да өз пікірн ашық айтты. Тоқтар Оңғарбайұлы бұған дейін де бұл мәселені көтергенін және соның кесірінен шеттетілгенін жасырмады.
«Мемлекеттің бірінші адамы ғылыми адам болу керек! Ең болмаса жанында ғалымдар жүруі керек. Екінші депутаттарды сайлағанда (міне осындағы отырған біз сайлаймыз) осы нәрсені ескеруіміз қажет. Біздің [ғылым] академиямызды жойды. Онымен қалай күрестік кезінде. Міне осында отырған Сейдахмет Құттықадам айтсын. Осы кісіге де барып жалындым, «мына мәселені жазып беріңіз, сіз жақсы жазасыз, мен осыны халыққа жеткізгім келіп тұр» деп. Бұл не деген Конституция? Бір кісіге жазылған [арналған] Конституция. Ол кісі [Сейдахмет Құттықадам] маған жазып берді. Ол кезде мен қазақша аса сөйлей алмайтынмын. Жазып бергенін мен үлкен ұжымның алдында сөйлеп, [көпке] жеткіздім. Содан кейін бәрінен шықтым, бәрінен кеттім. Осында отырған бәріміз ғылым жағында жүрміз. Қазір Ұлттық құрылтай жиналса, осы мәселені көтеруіміз керек», – деді ғарышкер Тоқтар Әубәкіров.
Аталған жиынға алғашқы экс-сенат төрағасы Өмірбек Байгелді, саясаттанушы Сейдахмет Құттықадам, экс-дипломат Сайлау Батыршаұлы, экс-депутат Ирак Елекеев және тағы басқа бір топ зейнеткер қария жиналып қоғамдағы қордалы мәлелерді көп талқылады.
Сурет ашық дереккөзінен алдынды.