Заманбек балаларын билікке жолатпады

Олжас Қасым

  • 10.11.2020

- Жұмаш аға, биыл Заманбек Нұрқаділовтің дүниеден өткеніне он бес жыл болды. Аттарын атағым келмейді. Бірақ біраз азаматтарға хабарласқанымда ешқайсы сұхбат беруге ықылыс танытпады. Қазір неге Зәкеңмен араласқан адамдар ол кісі жайлы айтудан қашқақтайды?

[caption id="attachment_9322" align="alignleft" width="1024"] Жұмаш Кенебай[/caption]

-Қазіргі саяси жүйенің салтанат құрғанына отыз жыл болады екен. Осы жылдар ішінде қазақ зиялылары, биліктегі шенеуніктер құл болып біткен. Өйткені жоғарыға қарайды. "Жап аузыңды" десе, жабады. Құлдық психологиямен өскен ұлтта кім шындықты айта алады дейсіз. Зәкең оппозицияға кеткенде қасында болған, қарамағында істегендер сәлем бермейтін болды. Шеттерінен қашты. Мен оны өз көзіммен көрдім. Бұның бәрі құлдық психология. Бәрі құл болып қалған. Құл басқарған мемлекетте жағдайдың қандай болатынын өзің білесің ғой. Бір жағынан бұған саяси жүйе кінәлі. 1991 жылдан бері ешнәрсе өзгерген жоқ қой.

-2005 жылы 12 қараша күні Заманбек Қалабайұлы үйінде белгісіз жағдайда көз жұмды. Бір айдан кейін Алматы қалалық ішкі істер департаменті марқұм өзіне-өзі қол жұмсады деген қорытынды жасады. Демек, бұл саяси террор емес. Онда неге билік Зәкеңнің туған күнін, мерейтойын атаусыз қалдырады. Ол кісінің мемлекеттің қалыптасуына сіңірген еңбегі бар емес пе?

-Зәкең «өзін-өзі үш рет атты» деген сөз шыққалы ол кісі жайлы әңгімелер билікке ұнамайды. Айтса өтіріктері шығып қалатын сияқты. Немесе бір жерден ши шығатын сияқты. Сондықтан осы бәледен аулақ болайық дейтін көрінеді. Әйтпесе Зәкеңнің осы Алматының көркеюіне қосқан үлесі көп қой. Бір көшені бермей ме атына.

-90-жылдардың басында сіз Алматы қаласы әкімдігі Ұлтаралық қатынас және қоғамдық саяси ұйымдары бөлімінің басшысы болдыңыз. Зәкеңнің қарамағында істедіңіз. Қандай еңбектерін бірінші кезекте атап өтер едіңіз?

-Баспанасыз жүрген талай адамға үй берді. Шаңырақ пен Думанға ауылдан қалаға босып келген мыңдаған отбасыны қоныстандырды. Алматының негізгі көшелерінің барлығын ауыстырды. Бөгенбай, Қабанбай, Абылайхан, Ахмет Байтұрсынұлы аттарын жаңғыртты. Біздің бөлім Фурманов көшесіне Әлихан Бөкейхан атын берейік деп ұсыныс жасадық. Оны Заманбек ағамыз қолдады. Бірақ жоғарғы жақ өткізбей тастады.

-Кім өткізбеді сонда?

-Президент Назарбаев.

-Ол кісінің басқа әкімдер мен министрлермен қарым-қатынасы қандай еді? Кімдермен араласты?

-Мен Семей облысының әкімі Кешірім Бозтаев ағамызбен жақсы сыйласқанын білемін. Кешірім аға Зәкеңнің азаматтығын үнемі айтып жүретін. Зәкең он тоғыз облыстың басшыларының басын қосып Алматыда қонақ еткені бар. Ол кезде Алматы - астана. Бәрінің бала-шағасы Алматыда оқиды. Аймақтағы әріптестерінің өтінішін жерге тастамайтын.

-Қай шенеуніктердің өсуіне, карьера жасауына көмектесті?

-Қызығы, Заманбек Нұрқаділов команда жинамаған адам. Қасындағы жігіттерді жаңа қызметке көтеру, карьерасын жасауға жағдай жасаған емес. Әркім өз еңбегімен өсуі тиіс деп отыратын.

[caption id="attachment_9321" align="alignleft" width="750"] З. Нұрқаділовтің балалары. Фото: Азаттық радиосы[/caption]

-Бізде шенеуніктердің балалары дәулетті болып келеді. Ол тіпті жасырын да емес. Жұрттың бәрі біледі. Мысалы ШҚО-ның әкімі Даниал Ахметовтің отыздың ішіндегі ұлы Форбс журналынан бір-ақ шықты. Зәкең балаларына жағдай жасады ма?

-Зәкең саясатта жүргенде жақын туған-туыстарын, балаларын билікке жолатқан жоқ. Ұлын қызметте өсірген жоқ. Қызын миллионерге айналдырмады. Панаргүл деген әпкесі бар еді. Ол кісіні де еш нәрсеге жақындатпады.

-Ағайынның реніші болды ма?

-Болды ғой. Ол кезде жекешелендірулер басталды ғой. Барлығы қарпып жатты. Және тегін алып жатты. Зәкең еш нәрсе алмады. Туыстарына да алып бермеді. Ол кісі байлыққа қызыққан жоқ. Қазағын сүйді. Қазағым аман болсын деп отыратын.

Қоғам қайраткері, ақын Жұмаш КЕНЕБАЙДЫҢ «Жаңа Алаш» Youtube каналына берген толық сұхбатын төменнен көре аласыз.

https://www.youtube.com/watch?v=Rnc6YbDzocU&t=1046s

MalimBlocks
Заманбек Нұрқаділовтің бірінші әйелі өмірден өтті

Бұл туралы Құралай Нұрқаділова хабарлады.

Қайрат Нұрқаділов сайлаудан бас тартып, жолын Рысбек Сәрсенбайұлына бермек

Редакция қоржынан келіп түскен видеоға қарағанда, Алматы облысындағы 11-сайлау округінде дауысқа түсіп жатқан кандидат Қайрат Нұрқаділов сайлаудан бас тартпақ