«Талантты тірісінде бағалайық». Елена Әбдіхалықова Тұрсынбек Қабатовқа араша түсті
Сазгер Тұрсынбектің көргенсіздіктен ада, тәрбиелі, талантты жігіт екенін айтады
Танымал композитор Елена Әбдіхалықова бес тәулікке қамалған Тұрсынбек Қабатовқа қолдау білдірді, деп хабарлайды Malim.kz.
Сазгер Тұрсынбек Қабатовты тойына шақырғысы келетін жұрттың оны табалай жөнелгеніне ашулы.
"Әлеуметтік желіні ашып қалсаң, "әзілкеш Тұрсынбек Қабатов қамауға алынды" деп, бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай, ұры иттің артындай шуылдасқан сайттар мен оған "жаны кірген" халықты көріп, ойға қалдым. Құдды бір мемлекетіміздің қас дұшпанын қолға түсіргендей, ең парақор, ең жемқор, халықты 30 жыл сорлатқан сойқандарды қолына кісен салып, қамағандай шат-шадыман. Ау, ағайын осы Тұрсынбектің өнеріне неше жылдан бері мәз-мейрам болып, оның концерттеріне билет іздеп шабылып жүрген жоқ па едіңіздер?!... Тұрсынбекті осынша табалайтындай кімнің несібесін жеп еді? Өз өнерімен, адал еңбегімен елдің ықыласына бөленіп жүрген халықтың бір өнерпаз ұлы емес пе? Тіпті, тойларыңыз болса, осы Тұрсынбек пен оның жігіттері келсе екен деп тілеймейтін бе едіңіздер?”, – деп жазды композитор.
Ол Қабатовтың жақсы қасиеттерін атап, әлдебіреуге қиянат жасағанын естімегенін айтады.
“Мен білетін Тұрсынбек көргенсіздіктен ада, тәрбиелі, талантты жігіт. Өнер ортасында жүріп, "Тұрсынбек Қабатов біреудің ақысын жепті, артық кетіпті, кісіге қиянат қылыпты" дегенді естіген емеспін. Қадірлі ағайын! Өз баламызды өзіміз өлтіріспей, қайта араша түсейік! Ең болмаса, тасада отырып тас атпай, тілекші болайық! Талантты тірісінде бағалайық! Кісіні босқа қаралау, сүрінсе табалау меніңше өте ауыр күнә. Өйткені күндердің күнінде соның орнында өзің болмасына кім кепіл?”, – деп халыққа үндеу жасады мәдениет қайраткері.
Фото: әлеуметтік желі