Дәрігер кезегінен цифрлық технология құтқарады
Аурухана мен емханадағы кезек, дәрігердің қағазбастылығына қатысты елде наразылық көп.
Ұзын-сонар кезекті қысқартып, дәрігердің қабылдауына тез жетудің түрлі амалы бұған дейін де жасалған. Бірақ, айтарлықтай нәтиже бермеді. Денсаулық сақтау вице-министрі Бейбіт Есенбаев енді бұл міндетті цифрлы технологияға артып көрмек.Вице-министр бұл ойын Астана қаласының нөмірі 10-емханасына барғанда дәрігерлерге ашық айтты.
«Денсаулық сақтаудағы цифрлық технологиялар дәрігерлерге жүктемені біртіндеп азайтуға және көмекші міндеттердің бір бөлігін орта медицина персоналына беруге арналған»,- деді ол емхана ұжымының алдында. Бұған дейін ортақ порталдары ашылмай, деректер қоры толықтырылмай, цифрлы кезектері жүрмей қалып, науқастардан талай арыз-шағым естіген емхана ұжымы вице-министрдің бұл сөзінен үміт кезекті күткендей.
Бейбіт Есенбаевтың айтуынша, Астанадағы медициналық осы ұйымда жалпы практика дәрігерлерінің жұмысын жеңілдету жолында пилоттық жоба іске асып жатыр.
Оның мақсаты мен жүзеге асу жолы қарапайым. Науқастардың алғашқы дәрігерге дейінгі қабылдауын мейіргерлер жүргізеді. Яғни, пациенттің аты-жөнінен бастап, басқа да қосымша ақпараттарын дәрігерлер бұрынғыдай жазып отырмайды. Ол жұмыс мейіргерлерге өтеді. Олар ақпараттық жүйеге қажетті мәліметтерді енгізеді және елеулі шағымдар болмаған кезде қабылдауды аяқтады. Сондай-ақ, диспансерлік есепте тұрған науқастарға дәрі-дәрмектерге рецепт жазуды мейіргерлердің өздері ақпараттық жүйенің деректерін қолдана отырып шешеді. Бұл дәрігердің біраз уақыты мен күш-қайратын үнемдейді.
Вице-министр пилоттық жобада сынға түскен цифрлық технология дәрігердің күнделікті жұмысының 40 пайызын жеңілдеткенін айтады.
«Техникалық» жұмысқа уақыт кетірмей, пациенттерге көбірек көңіл бөлуге мүмкіндік береді, бұл медициналық көмектің сапасын айтарлықтай арттырады»,- дейді ол.
Сондай-ақ, цифрлық технологияны дәрігер жүктемесіне азайтуға қолданатын болса, онда алдағы уақытта мейіргерлердің мәртебесі мен жұмыстарына қатысты стандарттарды нақтылау қажет болады.