Жолдарды мақтайтын блогерлерге миллиондар бөлінбек
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі автомобиль жолдары комитетіне қарасты "Ұлттық жол активтері сапасы орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны блогерлерге арналған көшпелі баспасөз турына бюджеттің 10 миллион теңгесін жұмсақ. Министрлікке қарасты кәсіпорын ақпанның 25-і күні мемлекеттік сатып алулар порталында блогерлердің көшпелі баспасөз турын өткізуге тендер жариялаған.
Тендердің техникалық ерекшелік құжатына қарағанда, блог-турға республика және облыс журналистері, рейтингі жоғары басылымдар, ақпараттық порталдар мен телеарналар тілшілері мен көп оқылатын блогерлері қатысады. Блог-тур 4 рет өткізілмек, екі күндік әр блог-турға кемі 8 блогер мен журналист қатысады.
Блог-турға баратын блогерлер мен тілшілерге қаламақы, қонақ үй мен ас-суы төленеді. "Қонақ үй жайлы және бөлмелері таза болуы керек. Бір бөлмеде екі адамнан артық тұрмауы керек. Нөмірлер телефонмен, ваннаға қажетті жарақтармен жабдықталуы тиіс. Бөлмеде ыңғайлы төсек, тоңазытқыш, теледидар, душы бар ванна болуы керек", - делінген техникалық ерекшелік құжатында.
Блогерлер өздері баратын елдімекендердегі жолдар жайлы ақпараттық материалдар дайындайды. Instagram-да блогерлер жеке аккаунтынан кемі 30 пост жариялайды, оны stories-ке хэштегтермен шығарады. Ал Facebook-та әр блог-турдан кемі 30 пост шығуы тиіс. Telegram желісінде блог-тур жайлы 5 жарияланым шығуы тиіс. Барлық жарияланымдардың мазмұны тапсырыс берушімен алдын ала келісіледі.
" Іс-шара кезінде блогерлер әрбір объектіге барғаннан кейін камераға өз әсерлері мен пікірлерін жазып, сондай-ақ облыс қонақтары мен тұрғындары жайлы оқиға орнынан бейнерепортаж жазуға, әлеуметтік желілер мен ақпараттық порталдарда материалдарды одан әрі жариялау үшін фотосуреттер, жол жазбаларын түсіруге міндетті", - делінген құжатта.
Әрбір блог-тур жайлы облыстық және республикалық, баспа, электрондық БАҚ -та кемінде 5 жарияланым, танымал пабликтерде кемі екі жарияланым шығуы тиіс.
Тендерді ұтып алушы блогерлерді алып жүретін көліктерді тауып, блогерлерге кофе-брейк ұйымдастырып, футболка, папка, қойын дәптер, қарындашқа дейін беруі керек.
Осылайша бюджет есебінен салынған жолдарды блогерлерге бюджет есебінен мақтатпақ. Қазақстан автомобиль жолдарының сапасы рейтингінде төменгі орындарда. 2020 жылы аталған рейтингіде 141 елдің арасынан 98-орынға жайғасқан. Салық төлеушілердің 10 миллион теңгесіне шұрық-тесік жолдарды блогерлерге мақтатқанша, сол жолдарды неге жөндетпеске?
Материалды көшіріп басуға болмайды.