Алматы әсерлері

Malim Админ

  • 03.04.2020

Былайғы өмірде көп көңіл аудара бермейтін сәттер болады. Сәттер де адамдар секілді. Кей адамға тіпті назар салмайсың. Күндердің күнінде уақыт-сағаты жетіп, дәм-тұзы таусылғанын естісең де «иманды болсын» айтып, әдеттегі тіршілігіңді жалғастыра бересің. «Өлмектің артынан өлмек жоқ» десек те, қатыгез уақыттың уысынан бір сәтке сытылып шығып, бірауық өз-өзіңе іштей үңілгенде тасқа айналмаса да, жүрегіңнің тәп-тәуір қатайғанын байқайсың. Бейнебір ол адам емес, өзің өліп қалғандай. «Бұндай емес ең ғой. Неге бейқамсың? Бір кезде сен де біреуді жоқтап,  жыламап па едің» дегің келеді. Сәттер де адамдар секілді. Көп көңіл бөлмеген қаншама сәттерді күйбең тірліктің табанына таптатып, жерлеп жатқанымыз беймәлім. Жоқталмай қалған сәттер қанша екен. Өмірдің өзі сәттерден тұрмаушы ма еді?..

***

Ұлтай жұмыстан үйге дейін ауа жұтып барайын деп, Абай даңғылынан төмен қарай жаяу ілбіді. Компьютер толы кабинет әдеттегідей бар қуатын сорып алғаннан ба, өмірге деген құлшынысын белгілі бір дәрежеде сонда қалдырып шыққан. Қатты шаршағандықтан, миы ешнәрсені қабылдар емес. Айналаға қарауға зауқы соқпай, құлағына қыстырған құлаққап ырғағымен сүйретіліп келе жатыр. Бах симфониясына беріліп, Глен Гульдтің саусақтарын сүйгісі келді. Нәзік үннің құдіретінен асфальт жемірген аяқ киім ішінде манадан бері мазасын алған табанының сыздауын да ұмытып кеткен.

Алматының адамдары сияқты Ұлтайдың да кешке таман көзі қарауыта бастайды. Бүкіл әлемнің жүгін бір өзі арқалап алғандай. Бірақ бұл шаршады екен деп, табиғат реңін өзгертуші ме еді? Ғасырлардан бері жалғасқан, ешқашан жаңылмайтын мезгілдік миссиясын мүлтіксіз орындауда. Қатар тізілген қара ағаштың сарғайған жапырақтары бірінен соң бірі үзіліп-үзіліп, аяғының астына түседі. Қадам басқан сайын көнерген етігімен сұлу да нәзік жапырақтарды амалсыз таптайды. Бейнебір ағаштар көз алдында жалаңаштанып жатқандай. Табиғат-Ана да қызық. Өзінің перзенттері – тал-теректерді күн суығанда шешіндіріп, бүрсең қақтырып қояды. Бірақ күз жапырақтары жерді жапқан кезде «апыр-ау, өмір деген шынында сұлу екен ғой» деп, өзіңді кәдімгідей иландырасың. Бәлкім кәрі табиғат балаларын өмірге осылай ыңғайлағысы келер: пайдаң тисе тисін, тек зияның тимесін. Ұлтай аяғының астына асықпай құлаған жалғыз жапыраққа ұзақ қарады.

***

Әнебір ағашты көрмейсіз бе?.. Кеше ғана жапырағы жайқалып, енді ғана бойжетіп келе жатқан жас сұлудай таранып тұрған. Қазір бұтақтары сойдиып-сойдиып, кәрі кемпірдің етсіз саусақтарын еске салады. Бұл табиғат сонда нені ұқтырғысы келеді?.. Көзіңді арбаған мына дүниенің әдемі бояуының астарына үңілсең, табиғаттың бел баласы – адамның да дәрменсіз тіршілігіне көзің үйрене береді екен-ау.

Ұлтай сұлулықты сезінуден қалыпты. Өйткені уақыт тапшы. (Сұлулықты сезінуге де уақыт керек пе дерсіз). Кейде өз ойынан өзі түңілетін кездер болады. Сағаттың зымырап өткеніне таңғалуды қойғаны қашан. Анығы, оны ойлаудың өзіне уақыты жоқ. Күні кешеге дейін ай, апта, күн, тіпті минуттар да орнынан мызғымастай көрінетін. Ал, қазір бір жылы бір күндей зырлауда. Әлде өзіне ғана солай сезіле ме екен, бұны да білмейді.

***

Күз ортасында қаладағы пәтерлерге жылу беріле бастайды. Ұлтайдың қапырық бөлмеге кіргісі келмеді. Қас қарайып қалса да шаһарды жаяу аралауға бел байлады. Жалғыз жүріп келе жатып, артына ауық-ауық қарап қояды. Cоңымнан әлдебіреу түсті ме деп жүгіруге шақ тұрған. Кенет тұла бойы тітіркеніп кетті. Абырой болғанда ағаштың көлеңкесі екен. Интернет басылымдарды оқи-оқи әбден қорқақ боп алған-ау, сірә... әнебір талдың сұлбасы бір мезет басына капишон киген әлдекімге ұқсайтындай көрінді. Иә, Алматыда байқап жүрмесең, қиын. Әсіресе, ойыңда әржерден жиналған неше түрлі ақпарат болса, тіпті қиын. Оның қайбіріне сенеріңді білмей, түзу бара жатқан жолыңнан жаңылып кетуің ғажап емес.

Ойын-сауық орталықтарына Ұлтайдың барғысы келмеді. Жастардың бәрі сол жерде. Онсыз да күн сайын сапырылысып жатқан көптің жүзін көріп-көріп, ендігі тыныштықты аңсағанда құмырсқаның илеуіндей құжынаған ортаға өз аяғыммен барамын ба деп ойлады. Әрі осы кез тұрғындардың жұмыстан қайтар уағы. Метро, трамвай сияқты қоғамдық көліктерден ине шаншар орын табу қиын. Автобусты тіпті атай көрмеңіз.

***

Міне, көз алдында біріне-бірі ұқсас киінген, «бір-біріне мүлде ұқсамайтын тағдырларды» арқалап алып, тағы да бір автобус жүйткіп келеді. Іші лықа толған адам. Сырттан қарағанда кіп-кішкентай қуыршақтар сияқты. Олардың үлкен тағдырын темір көлік сезіне алар дейсіз бе. Бос бөшкедей жеп-жеңіл боп, зырлап барады. Әнебір аялдамаға сәл кідірді де жүргізуші үйренген әдетімен газға басты. Үлгергені үлгерді, үлгермей қалған біреуі ауыр сөмкесін асынып автобусты, әлде жүргізушіні тілдеуде. Жанында тұрған темір қоқыс жәшігін бір-ақ тепті. Оған бедірейе қараған көздерді елер емес. Келесі бір автобус келгені сол-ақ екен, қалай жылдам жүгіріп кіргенін өзі де байқамай қалды. Бұл да асығыс, әлденеден қап қойғандай. Автобусқа кірсе Ұлтайдың да бойында осыған ұқсас сезімдер пайда болады. Өзінен-өзі ашуланып, қасында тұрған адамдарды ешбір жамандық жасамаса да жек көріп кетуі мүмкін. Сырттағы кептелістен бөлек, іштегі қысылысқан ортаның әсерінен бе бұл, өзі білмейді. Ал жанындағы адамдар ше? Дәл осы кезде олардың да тыжырайған жүзінен бір-біріне деген әлдеқандай қаталдық табы байқалады. Жаяу жүргені ақыл болыпты. Әйтпесе автобустың кір-қожалақ терезесінен күндегідей қатар тізілген ағаш жапырақтарына көз салып, қиялымен әлемді кезіп бара жатуы мүмкін еді.

***

Әсілі өмір дегенің ең үлкен абақты. Абақтыдан адамды қиял ғана құтқарады. Қиялмен төрт мұхиттың тереңіне сүңгі, жеті құрлықты жаулап ал, он сегіз мың ғаламды таны. Әуелден солай жаратылған соң, ақыл-ойдың да ақыры болады, сезім де бір күні сөнеді, ал қиял, қиялға шегара жоқ деп ойлады Ұлтай. Ой-санаң жетпеген жерлерге кейде қиялмен ғана бара аласың. Бір сәтке болса да дүниені өзің қалағандай кейіпте көруің мүмкін.

Алматының ауасымен тыныстау да бақыт екен ғой біле-білгенге. Бұл шаһарды «ең лас қала» дейтіндердің аузы күйсін. Алатаудан соғып жатқан қоңыр салқын желге Ұлтай бетін тосып, ауаны тоя сімірді. Қандай рақат.

Жұлдыз тауып алардай аспанға жиі-жиі қарай береді. Неге олар көзге түспейді?.. Алматыға келгелі бері көкке қарап бірде-бір жұлдыз көрмепті. Баяғыда, бала күнінде ауылда аспаннан жұлдыз санайтыны бар-тұғын. Ондай сәтте Ұлтайдың осы әдетін білгендей жұлдыздар да топырлап тізіле қалатын. Жетіқарақшы, Үркер дейсіз бе, бәрі-бәрі алақандағыдай анық көрінуші еді. Ал қазір  мына қаланың алып аспаны түн қараңғылығына түр берер жұлдыздарға зәру боп, мелшиіп тұрғандай.

***

– Сізбен танысуға бола ма? – деген бейтаныс жанның сөзі Ұлтайдың ойын бөліп жіберді. Оң жағында қатар келе жатқан ұзын бойлы жігітке көзі түсті. Ол да бұнымен бірге асыға қадам басады.

– Сізбен танысуға бола ма? – деп, алдыңғы сауалын қайталады жігіт.

– ...

Ұлтай оған жауап қатқан жоқ.

– Қорқып тұрсыз ба? Қорықпаңыз, мен де сіз сияқты студентпін, –  деді ол.

– Кім айтты мені студент деп!

– КазГУ-дан шыққан жоқсыз ба?

– Аңдып келемісің?

– Жай ғана жолымыз бір екен... – деді жігіт ақталғандай.

– (Жолымыз ешқашан бірікпейді!). Ұлтай ойына сап ете қалған сөзді айтпастан, өзін әзер тыйды:

– Мен көшедегілермен таныспаймын.

Абайлап қарап еді, иығына рюкзак ілген жігіттің өңі жылы көрінді.

Бұдан артық тіл қатысқан жоқ. Ұлтай бұрынғыдан да тезірек жүрді. Осындайлар қызық, көшеде танысушы ма еді деп ойлады. Соңына бұрылмады. Жылдам басып, құтылғанша асықты. Бірталай жерді артқа тастағаннан кейін, ақырын көз қиығын салып еді, ешкім көрінбеді. (Жарты жолдан қосылғандар жарты жолда қалады).

***

Күз болса да Мүсірепов театрының алдында гүлдер қаптап тұр. Суықтан бірте-бірте бүрісе бастапты, байғұстар. Алматыда күздің қара суығы кейде қыстан өтіп кетеді. Қалың киініп алғаным қандай жақсы болған деп ойлады Ұлтай.

Иттерін киіндіріп алып, айналада орыстар көбейді. Олар итті сұмдық жақсы көреді. Алматының қай орысын алыңыз, бәрінде бір-бір иттен бар. Бұлардың иті ауылдағы Алабайларға ұқсамайды. Қаланың төбеті екенін анадайдан аңғартады. Қымбат қарғы бау, үсті-басы мұнтаздай таза қалалық иттер. Қожайыны қасында еркелетіп жүргені. Соны күш көре ме, ит бола тұрып, адамға менсінбей қарайды. Паң. Әнебір төбет басын тік көтеріп, иесін бастап барады.

Бұл шаһардағы қазақтардың көбі «сырттан» келгендер. Ауылдағы үйін аңсай ма, әлі де сыртта жүр. Қашан үйіне кірері бір Құдайға аян.

***

Ұлтай бір орында тұрып, мезі болды. Тағы да біраз серуендейінші деген оймен аяңдап басып келеді. Көше бойында тізілген электр шамдарының сәулесі түнді күндей жарық етіпті. Шыршалар жайлаған парктің іші ғана аздап қараңғылау. Жарықтан қашқан екі жас көзге түсіп қалмайық дегендей бір-бірінің құшағына тығылады. Әнебір жерде тағы бір жұп сүйісіп отыр. Бейуақта байқамай көзі түскенге ұялып, бетті басып өтіп кетті. Ал олардың бұнымен ісі жоқ.

***

Орталық көшемен жүріп, танымал алаңқайдағы қаз-қатар тізілген орындықтардың біріне жайғасты. Күн суыта бастағанымен, адам аяғы әлі басылмапты. Егделеу жастағы ерлі-зайыпты бар дүниені ұмытып, өзара әңгімелесуде. Өмір жайлы айтып жатыр ма екен? Үлкендердің әңгімесі де қызық қой. Олардың бал-бұл жанған жүзіне қарап, өмір жайлы айтып жатпағанын түсінді. Қазақтың кемпір-шалдары бұндай уақытта пәтерінен шықпаушы еді. Ал әнебір жаңадан ашылған кафенің қасында жас жігіт пен қыз тұр. Қыз кафеге кірмеймін деп бұлданады. Жігіт қыздың қолынан сүйрегендей боп, әзер көндірді. Қаладағы күнде қайталанатын тіршілік Ұлтайға жақсы таныс. Шаһар өмірін сырттай бақылағанды ұнатады. Суық өте бастаған соң, кафеге кірді. Түрік тағамдарының иісі танауына келгенде қарнының қаншалықты ашқанын сезінді. Таңнан бері нәр татпағаны енді есіне түскен. Екі шыны шәй мен тамақтың екі түрін алды. Сорпаны ішкен соң, қарны тойғандай. Екінші тамақты үйіне әкетуге ұйғарған. Әлденелерді дәптеріне шимайлап отырған қарсы алдындағы егделеу адамға көзі түсе берді. Кәдімгі қаламсаппен қағазға қолмен жазып отырған адам Ұлтайға қызық көрінді. Қасында ноутбугы болса да қағазға жазып отыр. Біраздан соң ноутбукке көшірсе керек деп ойлады. Орнынан тұрып, касса жаққа беттегенінде жанынан өтіп бара жатқан Ұлтайға қарап, әлгі бейтаныс адам:

– Балам, мынаны түсінбей тұрмын. Істемей қалған ба, қоса алмай қойдым, – деп ноутбугын көрсетті. Ұлтай ноутбукты әрлі-берлі қарап:

– Паролі қандай еді? – деп сұрады. Бейтаныс адам қалта телефонын шығарып, әлдекімге қоңырау шалды. Сосын парольді қағазына жазып, бұған ұсынды. Ноутбук қосылғаннан кейін, кетуге ыңғайлана бергенінде Ұлтайдың үстел үстіндегі шимайланған дәптерге көзі түсіп кетті. Бұл оған қызық көрінген соң:

– Не жазып жатырсыз, – деп сұраған. Әлгі адам бұған жымия бір қарады да:

– Роман ғой, – деді.

– Жазушысыз ба? – деді сосын Ұлтай оның шимайланған дәптеріне үңіліп.

– Жоқ, ғалыммын, – деді ол. – Өзің жазасың ба?

– Оқимын, – деді Ұлтай.

– Онда мені танитын шығарсың, – деді әлгі бейтаныс жан аты-жөнін айтып.

– Жоқ, танымаймын, – деді Ұлтай шынын жасырмай.

– Мына романым шыққан соң танитын боласың, – деді де бір парақ қағазды ұсынды. Онда есімі мен электронды почтасын көрсетіпті. – Сұрақтарың болса осында жазып тұр.

***

Ұлтай кафеден соң, үйіне беттеді. Қағазға шұқшия үңіліп, аяусыз шимайлап отырған бейтаныс адамның әрекеті есінен біразға дейін кеткен жоқ. Романның не, әлде кім туралы екенін сұрамағанына өзін кейіді. Оның қолмен тізбектелген сөйлемдерді қайта оқып, қайта түзегені әдемі көрінген. Қалам ұстамағалы бірталай уақыт болыпты. Ақ парақтың иісін сағынған. Бөлмеге келіп, ескі заттарды ақтарып, көнерген дәптерін тауып алды да әлденелерді, әлдебір сәттерді есіне түсіріп, ақырын жаза бастады. Саусақтары қаламсапты жатырқағандай қолы жүрмей қинады. Бөлме терезесінен сығалай түскен қала шамдарының жарығына қарап толған айды елестетті де, бірнәрселерді жазып жатты.

Нұрлайым БАТЫР 

Байланысты жаналықтар

Қазақстанның 4 қаласында ауа сапасы нашарлайды

11.12.2024

Алматыда мектеп жанынан ер адамның мәйіті табылды

10.12.2024

«Астана» - «Челси». Матчты тікелей эфирде қайдан көруге болады

10.12.2024

Алматыда автобуста оқушыны ұрған тұрғын ұсталды

09.12.2024

Алматы мен Астанадағы 8 желтоқсанға арналған валюта бағамы

08.12.2024

Алматыда Жұма намазында көшені жауып қалғандарға қатысты тексеру жүріп жатыр

07.12.2024
MalimBlocks
Қазақстанның 4 қаласында ауа сапасы нашарлайды

«Қазгидромет» РМК 11 желтоқсан күнге Қазақстанның бірқатар қаласындағы ауа сапасы жайлы хабарлады.

Алматыда мектеп жанынан ер адамның мәйіті табылды

Қазір тергеу жүргізіліп жатыр

«Астана» - «Челси». Матчты тікелей эфирде қайдан көруге болады

Бейсенбі, 12 желтоқсанда Алматыда Конференциялық лиганың жалпы кезеңінің бесінші турының матчы өтеді.

Алматыда автобуста оқушыны ұрған тұрғын ұсталды

Қыздың бетіне соққы жасап, көзілдірігін жұлып алып, сындырып тастаған

Алматы мен Астанадағы 8 желтоқсанға арналған валюта бағамы

Астана және Алматы қалаларында валюталарды: доллар, еуро және рубльді сатып алу-сатудың орташа бағамы қандай?

Алматыда Жұма намазында көшені жауып қалғандарға қатысты тексеру жүріп жатыр

Полиция ел азаматтарын заң талабын сақтауға шақырады