Ақын-жазушылар аяқ астынан драматург болды
Театр кино өнерінің негізі, шикізат байлығы – драматургия. Жазған дүниең сапасыз болса, келер істен (қойылымнан) үміт күтпе. Көптеген дүниенің нашарлығы негізі, драматургиядан басталады. Сапасыз саздан жасалған ыдыстың жасалуы қалай болса, сынуы да оңай. Өнер көзі драматургияда осы іспеттес. Нашар пьеса (кино сценарий) – ертеңгі режиссердың соры. Актер мүмкіндігін тұсайды. Мұны ұғатын драматург қалмады. Жаңадан қосылған жастарда өмірмен өнер тәжірибесі жоқ. Олардың бар көздегенімен істегені, арзан еліктеудің сыбағасы ғана. Өнер күші тәжірибеден тұратынын білген дұрыс.
Дерттің үлкені кешегі өткен 90-шы жылдардан кейінгі келген әр театрдың өз алдына жергілікті басшылыққа бағынғанынан басталды. Ата-баба аты, жершілдіктің де көркі осы кезде қызды. Әр облыс, қаланың өз айтары мен қояры бар ұран етек алды. Тарихы тасқа жазылған шынайы дерек болса бір басқа. Онда да бұл кәсіби драматургтан туған, зерттелген дүние болса өкпе жоқ. Байырғы кәсіби драматургтар шеттетілді. Бір себебі кәсібіне сай ақша талап ететіндігі. Бөліске түсуге келмейтін басшылыққа бұл қолайсыз.
Осы арада бір ескерер жәй, небір жақсы ақындардың дүниелерін кейбір режиссерлар, өздері бастап қисынын келтіріп (ақша атақ үшін) үкілеп сахналауы. Содан барып жақсы ақын-жазушылар аяқ астынан драматург болды. Оған кінәлі олар емес, бастап берген театр мен режиссерлар. Мен кімнен кеммін деп, оған ортақол ақын, жазушы депутаттар қосылды. Армандары (мүмкін дүниеден қайтқанда болар) ақын-драматург, жазушы-драматург, депутат-драматург боп өту. О да мүмкін. Театрдың әлімсақтан көпке танылар жақсы орын екенін оларда біледі. Әркімде де осындай жартыкеш бір қиял. Арғы армандарын бір құдай біледы. Ақынсымақ, жазушысымақтардың әр келер торқалы тойларын да көтеретін сахна. Шыдамасқа шара қайсы. О кезде мен де пьеса жазғам деген шикі ұғым, азда болса әспеттегенге келетіндей. Не көрмеген сахна, шыдайды.
Кешегі жақсы жазушының бірі Ш.Айтматовтың талай еңбегі сахналанса да өзін драматург деп атаудан бойын аулақ ұстады. Сондай ақ қазақтың да небір мықты ақын-жазушылары драматургияны кәсіп қылды, жазды қойды. Қалай? Драматургияның төрт тәсілін театрда режиссермен бірге еңбек ете жүріп игергеннен. Жақсы драматург өнердің өз ішінде біте қайнасып, сын пікірмен бірге қалыптасып, бір жазғанын мың түзейтін, өз жазғанына өзі емес, көрерменнің айтары мен берер бағасына тәуелді мамандық. Айналып келгенде тағдырыңды шешетін тек режиссер. Осыны иектеген драматургсымақтар арзан ой, құрғақ диалогтан құрған пьесасын сахнаға шығарып, арзан күлкі, даурықпа қол шапалаққа мәз болды, қуанды, тойлады. Бір кештік иесіз дүниеге ие болар сол баяғы театр мен ортақол дүниесін арқалайтын, сүйрейтін сол сорлы режиссер.
Мұндай мүмкіндік мәдениет министрлігіне бағынбайтын, жергілікті облыс қала басшыларының өзін қорғап, қолдайтын ақшалы мықтылардың көмегіне сүйенуіне, тағын сақтауына бұ да таптырмайтын жақсы тәсіл. Жұмсар ақша қаражат, жергілікті биліктің өз ырқында. Қалай шешсе де шешім өзінен. Театр тәуелді.
Елге түсінікті болу үшін бір айта кетер жағдай, мемлекет ұлт атынан айғайлатып айдар таққан мәдениет министріне Қазақстандағы 60-театрдың тек 9-ғана бағынады. Онда да ішінара. Қалған 50 театр жаңағы өзіміз айтқан жергілікті әкімдердің қолында. Олар үшін театр орны жиналыстар мен мықтылардың мерекесінде ғана бас сұғар ғимарат. Бөліп алда билей бердің саясаты осылай басталды. Қай әкім қай театрды қалай басқарса да – өз еркі. Керекті ақшаңды беру, бермеу де – өз ісі.
Кезінде мәдениет министрлігінен құрылған, талай сапалы дүниені саралап, талапты талантты драматургтарға жол ашқан репертуар бөлімі жабылғалы, жер-жерден жасанды жергілікті драматургтар, жауыннан кейінгі жеуге келмейтін саңырауқұлақтай құлақтары қалқайды. Олардың да айтпақ армандары сол елді мекеннің белгісіз батырлары мен би-бағландары. Кейбіреуі ақша үшін (тірі қалталы қарынбайлардың) ата-бабаларын жоңғардың жолында жоқтап, өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанып деп бір кештік пьесасымақ дүние жазып, мемлекет қаражатын қалтаға салды, шашты. Өтірік тарих, жасанды қойылымдардан көрермен тозды, шаршады. Өнердің қай саласына қарасаң да өтірік тарих жазу, кітап басу, кино түсіру ежелден келе жатқан қазақтың қазақы ауруын одан сайын үдетті. Өнерді қойып, мал баққан малшыдан, көше кезген кезбеге дейін – білгір тарихшы.
Алғаш тәуелсіздік алған кезеңде жоғары үлкен лауазымды ауыздан, өз күніңді өзің көр деген бастама басталды. Нарыққа орай дұрыс сөз дедік. Біздер кәсіби драматургтар о баста бұл істі құп көрдік. Жолын таптық жаздық, орнын таптық қойдық. Оған ат салысқан басшы, театр директорларына мың алғыс. Алды қойды рахмет. Соңы не болды? Әр қойылымнан авторға түсетін 9 пайыз еңбекқұн (гонарар) қайда? Жоқ. Берілмейді. Неге?
Өз күндерін әзер көріп отырған театр басшылары, сенен түскен ақшаны иесіз авторлардың (өлген, шетелдік) атына бөлшектеп жазып, сенен түскен пайдадан пайда көздейді, бермейді. Берсе ұтылады. Бұған нақты дәлел. Соңғы 15 жылда 15 театрда қойылған 20-дан астам пьесам, осы күнге шейін сахнада. Басы Абай, Ыбырай, Әлихан Бөкейханов бастаған алаштар тақырыбымен, балаларға арналған дүниелермен бірге комедиялар. Жұмабек Тәшенев, Есенин, Гоголь-Пушкин. т.с.с. атты пьесаларым. Осыларды 15 жылға көбейтсек кем дегенде бір миллиардтай үкіметке кіріс әкелген. Қолыңызға есепшот алып есептесеңіз де осы. Есепке кірмеген гастрольден табатын табыс кіріс өз алдына. Мен арғыны емес, соңғы 15 жылды ғана есептеп отырмын.
Ақша жинақтап беретін авторлық қоғамның жауабы жеңіл. Қай театр не аударса соны береді. Бүгінде өз басы өз қайғысынан аспаған авторлар қоғамы анау. Күнде сот, соттасу. Басында айтқанымыздай шетелде өнер солай болса, бізде неге бұлай? Авторлық құқық, жазған еңбек қайда? Кім төлейді? Өздері айтқандай өз күнімізді өзіміз көретін күндіде көрсетпеуді қалай түсінуге болады? Нарықты бастаған өздері. Жауабын беретін кез келді.
Бір менің бір миллиардтай табыстан аларым (авторлық 9 пайыз) құрығанда 100 миллиондай теңге, неге төленбейді? Президентке дәлелдеп бірнеше рет хат жазсам да жауап жоқ. Көніл үшін берген үйлерін тартып алғаны аздай, өз адал еңбегімді төлемеуді қалай түсінеміз? Мен мұны соңғы 15 жылғы еңбегімді әр облыстық театрларда (Қостанай, Семей) үйсіз-күйсіз жүріп еткен еңбегімнен айтам. Жылы орын тапқандар ай істемей, Астанадан үй алды, атаққа бөленді. Біздер елбасы қалай айтса солай жүрдік, елге еңбек еттік. Сонда қалай?
Осыны өз көздерімен көріп, естіген президент аппаратындағылардың бар айтқаны: «Масқара, бұл не сұмдық? Болды осымен». Өтірік десеңіздер әркімге сілтеген жауап хаттары өзімде сақтаулы. Тергеуге жауапқа мен дайын. Бұл жағдай бар кәсіби драматургтің басындағы ортақ жағдай. Олардыңда көрген күні осы.
Қазіргі бар театрдың қоятындары ескі-құсқы, қырғыз өзбек, орыстан қалған таяз арзан дүниелермен, әр елдің арзан аудармалары. Өйткені олар ақша сұрамайды. Одан артылғаны жергілікті жем сұрамайтын пысықай жазғыштардың жазғаны. Қорыта айтқанда сапалы ұлттық пьесалар қойылмаса, театр өнері өспейді. 30-жылғы тәуелсіздіктің театр өнеріндегі бір белгісі осындай болса, соңы не болмақ? Мұндайда драматургты жазғырма, жаздыр. Негізгі өнер иесі – драматург.
Бұдан шығудың бір тиімді жолы. Әр театр келер жылы қойылатын қойылымын шешу үшін, әрбір драматургпен жеке-жеке (бірнешеуімен) ұжым алдында кездесіп, кем дегенде екі-үш дүниесін ел алдында өзі оқып таныстырып, талқыласын. Сол кезде жақсы-жаманды жариялы түрде бар театр білетін болады. Іс таза болу үшін театрдың бар қызметкері бірдей тыңдасын. Жақсы дүние сол кезде реттеліп анықталады. Драматург театрмен бірге қызметтес болғанда ғана жақсы дүние туады. Кешегі Шекспирден бастап, Әуезов, Чехов, Брехтің аты тарихта осылай қалды. Театр өнері драматургтен басталады. Билік басқарған жасырын ұрлық дүниелерге тыйым салар кез келді.
Драматург өмір көріністерінен жинақталған өмірдің ең ұтымды оқиғаларының сұрыпталған нәрін жазады. Бұған керегі драматургияның төрт шартына сай диалогтың тәсілі, монологтың мәнімен пьеса өзегіне сай оқиғаның (кейіпкер бейнесінде) шарықтау шегінде (финал) аяқталуы. Әр нәрседен әрекет құрып, диалог құру пьесаға жат құбылыс.
Жас драматургты өсіретін – актермен режиссердің ортақ бірлігі. Ойыңды оятып қиялыңды қанаттандыратын осылар. Бірге еңбектенсең, бірге пісіп бірге өсесің. Ұлы драматургтарды өсірген театр аудиториясы өз іші. Драматургтың отырар орнымен қызметі театр екенін білейік.
Көп көрерменнің жиналар құрметті алтын ордасы қашаннан театр. Айтарымен берері, ұстар ұстанымы ұлтыңның идеологиясы ұлы өнері осы орын. Ұлт идеологиясынан әл кеткенде өнер азып халық тозат. Әлем үшін ең жойқын қару қашанда мемлекеттің ұлттық идеологиясы.
Рессей идеологиясы қашаннан Калашников автоматы қаруы. Айналдырған бес жылғы соғысты әліде ту қылып ұстауда. Сол соғыстың айтарымен көрсетері бітседе әлі жырлайды. Неге? Ұлтты күшейтіп елді біріктірер саясаты, қашанда қаруымен өткен тарихы. Америка идеологиясы кино-голливуд. Тек кино өнер арқылы әлемді атомсыз соғыссыз төстеп билеп, өнер күшімен ақ алды. Көрсетті жеңді. Көрдік табындық. Үйретті үйренудеміз. Бесіктегі баламыздан бастап, үлкен қарияға дейін тамсанып көретініміз өзіміздің емес, өзгенің сериалдарымен киносы. Осыдан келіп қазақы ұғым ұлттық сана жоюлуда. Жазғанымызды жамандап, көш бастағанды көре алмай ұлтқа қиянат жасағандар оңбас.
Біздің қазақтың бір соғыс тарихынан басқа, небір ертегі аңыз дастандарымен қоса, қаншама тарихи тұлғалары пьеса киноңа сұранып тұрған тың дүниелері қаншама. Бұған дегенде бастама болар құлық, өнерін басқарар ие жоқ. Кешегі Ілияс Омаровтың ізі, Өзбекәлі Жәнібековтей ұлтқа жан ашыр ұлдардың жоқтығы. Бар болса да, талантқа жол жоқ.
Ұлтты ұрыға айналдырмайтын ұлттық дәстүрлі идеология керек. Ұлттық идеологияның түп қазығы – ел байлығы ертегің мен аңыз-дастан, өткен тарих. Бұл айтқандарымыз болашаққа керек ұлы бастама, ұлағатты сабақ. Айтарымыз алты Алаштың айтар арманын айтқан, Алаштардың арманымен көрсеткен жолы екенін ұғынбасақ, ұмытсақ, әлем алдында ұлттығымызды жоғалтамыз. Елге керегі – тек ұлттық идеология. Оянайық. Ойланайық. Ел үшін.
Ерсайын Төлеубай, Халық әртісі
Материалды көшіріп басуға болмайды!