Ерлан Жүніс. Тараз маған айтқан кезде жастық шағы туралы

"Ғасырлар тәжі" деген поэмасынан үзінді

Malim Админ

  • 22.09.2021

Тараз маған айтқан кезде жастық шағы туралы,

көшіп жатқан уақытқа қырдағы,

замандарға ой жіберіп бір жырақ,

алабұртып,

насаттанып,

тұнжырап,

кейде ызалы,

кейде момын,

кейде асқақ,

кейіпке еніп,

асау тұлпар ай астында ойқастап,

күн астында күңіреніп қалың қол,

алыстарға шақырғандай сағым жол,

бір түнеріп,

бір қабарып,

бір тынып,

дәуірлердің тозаңынан сілкініп,

ыңыранып жолбарыстай жаралы:

- Тыңда, - деді, тыңда мына даланы!

Қара жерге құлағымды тосқанда,

тіл біткендей топыраққа, тастарға,

тіл біткендей қырға, тауға, өзенге,

бір азалы әуен болып кезеңдер,

бірде асқақ, салтанатты ұран боп,

бірде ғашық жандар айтқан бір ән боп,

естіледі,

жаңғырғандай тау іші,

Шөже қаған – Тәңірқұттың дауысы,

шарпылысқан қылыш үні,

баланың –

жылағаны,

құлағаны қаланың,

содан кейін ұлы үнсіздік –

бес жүз жылдық тыныштық...

кенет, қайта ащы даусы қылыштың,

жебелердің ұшқан даусы ысылдап,

арпалысқан, азу тісі қышырлап,

адамдардың айқайлары,

шаңқ-шаңқ үні сұңқардың,

ауыздығын шықырлатып шайнағаны тұлпардың,

Мұқан даусы – тітіренткен түркіні,

әлде, күннің күркірі?!.

Көк аспаннан құлдилаған қанаттардың суылы,

тұлпарлардың тұяқтары жер апшысын қуырып,

дүрсілдеген,

дүркіреген,

зырқылдап,

ұлы майдан ұлы түркі жұртында,

жатқан шағы замандар да, қағандар да ауысып,

еміс-еміс естіледі Жегуй қаған дауысы,

әлсін-әлсін естіледі Түн-жабғының дауысы,

қанығады,

зораяды

түркі үні,

дәуірлердің құрсағында бұлқынып,

қаһарланған

қайрат – таудай,

күш – теңіз,

айқай салды Бұмын менен Істеміс!

Сол айқайдан түркі еместер түршікті,

сол айқайдан түркі еместер тұншықты,

сол айқайдан түркі жұрты оянды,

түркілердің бақыты үшін баянды,

түркілердің уақыты үшін мәңгілік,

сол бір дауыс әлі де тұр жаңғырып!

Қара жерге құлағымды тосқанда,

тіл біткендей

тау мен дала,

тастарға,

естіледі даусы анық бір көштің,

көшкен дауыс – даусы екен түргештің,

қоюланып,

жуандайды

күшеніп,

көш басында – ту ұстаған Үш Елік!

Жаңғырады Үш Еліктің жарлығы,

жаңғырады – сан мың түрік тағдыры,

сапырылып,

сабылысып

дауыс сан,

замандар да, қағандар да ауысқан,

кең даланы сан мың дауыс кезгені,

сан мың дауыс – құбылады, өзгеріп,

секілденіп ғасырлардың безбені,

Сақал мен Сұлу қаған сөздері,

естіледі Тараз топырағынан,

естіледі тұманды әуен, сағым ән,

естіледі суық даусы семсердің,

толқулардың,

абыржудың,

кемсеңнің,

беріледі топырақтан дірдегі,

қалшылдар да беріледі үндегі,

ызалар да,

айбат үні,

кек үні,

дауыстарда – халықтардың өмірі,

дауыстарда – мәдениеттер айқасы,

қақпалардың жабылғаны,

қайта ашып,

қайта ашылып көктегені өмірдің,

балқығаны болат, алтын, темірдің,

қайралғаны қайта қару-жарақтың,

 

түркілердің,

қытайлардың,

арабтың

дауыстары,

дауыстары,

дауыстар,

дауыстары халықтардың қауышқан,

дауыстары халықтардың кетіскен,

замандардың шоқ шайнаған, от ішкен!

Бірте-бірте алыстады дауыстар,

бір бірімен алыспады дауыстар,

бірте-бірте тынды,

өшті,

тыншыды,

естілді тек, гүлдің нәзік бүршігі,

тырс еткені,

қалай қауыз жарғаны,

сол қауызға көбелектің қонғаны,

сол көбелек кенет қайта үркіді,

бәлкім, тағы көк аспанның күркірі,

 

бәлкім, бәлкім...

жоқ, тағы да найзаның,

дүрк етіп кеп қадалғаны,

қай жаны

қалды мынау, қаңсыраған өлкенің,

қалай тағы қарсы алады ертеңін,

 

қалай тағы күлден қайта өнеді,

бұл дауыстар қашан, қалай семеді?!

Тіліп өтіп тымық ауа ағымын,

даусы естілді қарлұқ жабғуларының,

Жабғу даусы ғасырлармен астасып,

шығып жатты екі жүз жыл –

қос ғасыр,

жікіл,

халадж,

барсхандар,

шарұқтар,

даңқты әрі инабатты халықтар,

сөйлеп жатты ұлы түркі тілінде,

Тараз түбінде,

кешті ғұмыр мәдениеттер, дәстүрлер –

дауыстары топырақтан естілген,

қара жерге қайта құлақ төсесең,

бір ықылым замандарға көшесің,

көшесінде мына көне шаһардың –

сан жұрттармен кешесің де қатар күн,

тап боласың бұғра хандар жұртына,

дүние еркіне,

уақыттардың ырқына,

дауысына – барасың сен ілесіп,

мәдениеттер жатқан шаққа күресіп,

 

мәдениеттер жатқан шаққа туысып,

төрткүл әлем – бір Таластан су ішіп,

төрт бұрыштың төрі – Тараз болғанда,

қарап тұрған мұнараға,

 қорғанға.

даусы естілер көркем таңның алдында,

Харун Бұғра Сатұқ Қараханның да,

Таң намазын оқып тұрған дауысы...

Замандар да, адамдар да ауысып,

керуендей көш түзейді ғасырлар,

шатыр-шұтыр жарқылдайды жай оты,

ұйқыдағы ұрпақтарды оятып,

қырық құбылып жатар өмір қырдағы!..

..Тараз маған жастық шағы туралы,

айтқан кезде – заманды ойлап бір жырақ,

алабұртып,

насаттанып,

тұнжырап,

жанарында бір жалт ойнар жақұттай,

Талас ағып бара жатыр уақыттай...

 

Байланысты жаналықтар

Қазақстандық боксшы Сергей Липинец британдық Робби Дэвис-кішімен жекпе-жекке шығады

25.04.2024

Ислам Сәтбаев – Олимпиадаға қатысатын қазақстандық тұңғыш мерген

24.04.2024

Бүгін – Геннадий Головкиннің туған күні

08.04.2024

Жыл басынан бері спорт саласында 39 жемқорлық қылмысы тіркелген

03.04.2024

«Шахтер» футбол командасының бас бапкері қызметінен кетті

02.04.2024

Miami Open: Елена Рыбакина финалда жеңіліп қалды

31.03.2024
MalimBlocks
Қазақстандық боксшы Сергей Липинец британдық Робби Дэвис-кішімен жекпе-жекке шығады

Бокс 9-мамыр күні АҚШ-тың Поант-Сити қаласында өтеді. Липинец пен Дэвис бокс кешінің негізгі кездесуін жасайды.

Ислам Сәтбаев – Олимпиадаға қатысатын қазақстандық тұңғыш мерген

Ол Қазақстан рекордын да орнатты.

Бүгін – Геннадий Головкиннің туған күні

Ол кәсіпқой бокста 40 жекпе-жек өткізіп, 38-де жеңіске жеткен. ҚР спорт шебері.

Жыл басынан бері спорт саласында 39 жемқорлық қылмысы тіркелген

Жыл басынан бері спорт саласында 39 жемқорлық қылмысы тіркелді. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметте агенттік төрағасы А. Жұмағалидің басшылығымен өткен ведомствоаралық мәжілісте айтылды, деп хабарлайды Malim.kz.

«Шахтер» футбол командасының бас бапкері қызметінен кетті

Футболдан Қарағандының «Шахтер» командасының бас бапкері Игорь Солошенко өз еркімен қызметінен кетті, деп хабарлайды Malim.kz команданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Miami Open: Елена Рыбакина финалда жеңіліп қалды

Әлемнің төртінші ракеткасы Елена Рыбакина Майамидегі WTA турнирдің финалында Даниэль Коллинзді (53 WTA) жеңе алмады. Кездесу 7:5, 6:3 есебімен аяқталды, деп хабарлайды Malim.kz.