Тарих бізге күнде керек

«Біздің тарихымызда біз ұялатындай ештеңе жоқ»

Malim Админ

  • 29.06.2021

Қазақстанның тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Біздің тарихымызда біз ұялатындай ештеңе жоқ» деген болатын. Бұл аса терең, мағыналы сөз. Себебі біздің тарихымыз өзгелерді ұялтады. Біз өз тарихымызды білу арқылы болашақтан ұяламыз. Себебі кешегі арыстарымыздай еңбек етуіміз керек. Олардың қиындығын көріп жүрген жоқпыз. Сол сияқты Құдай алдында да – бір парызымыз тұрғандай. Бұрынғылардың қиындығын көрмеген соң, алдыңғылардай еңбек ету міндет сияқты.

Біз тарихты тек кезеңдерде ғана емес, мерейлі даталарда, я қуғын-сүргінге ұшырағандарды еске алу күнінде ойламауымыз керек. Тарих бізге күнде керек. Сәт сайын керек. Тарихпен бірге тарих жазамыз. Өткенді түзей отырып, бүгінді жөнге саламыз. Бүгінді дұрыс жаза алсақ, болашақты қиындыққа қалдырмаймыз. Осы себепті де президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев тарихқа мән беріп отыр. «Ана тілі» газетіне берге сұхбатында да ұлт үшін тарихтың маңыздығына ерекше тоқталған еді. Біздің тарихымыздың сонда бір аяулы беттерінің бірі – қуғын-сүргін жылдары. Ол жылдары тек арыстарға қиын болған жоқ. Олардың жарлары мен балаларына да тағдырдың ауыртпалығы түсті. Мен «АЛЖИР-ден» соны көрдім. Бұл музей біздің халықтың тарихы үші аса қажет ғимарат.

Қуғын-сүргін мәселесі қоғамда орын алмаған, ашық айтылмаған кезде,  Малиновка ауылында /қазіргі Ақмол ауылы/ - 1989 жылы  саяси қуғын-сүргін құрбандарына арнап «Қақ айырылған жұлдыз» атты тұңғыш ескерткіш  ашылған. Себебі сол жылдары Ақмола маңындағы ауылдың шетінде  «Алжир» тұтқындары мен олардың балаларының жерленген орындары  анықталған екен. Осы арада 2007 жылы «АЛЖИР» мемориалды мұражай ғимараты бой  көтерген. Тарихтан тағылым алар сәт. Егемен еліміздің еңсесін тік ұстау үшін аса қажет мұражай. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі тарихқа аса мән беру керегін айтқан. Тарихқа мән бере отырып, тарихи тұлғаларымызды жас ұрпаққа үлгі етуді тапсырған. Бұл мұражай соның бір айқын көрінісіндей еді.

Таяуда астанамыз – Нұр-Сұлтан қаласында болғанымда «АЛЖИР-ге»  арнайы  соқтым. Енді міне,  музейді  аралап, бәрін өз  көзіммен  көргенде – ең  алдымен өзім  үшін қатты ұялып, осы  уақытқа дейін осынша қаперсіз жүргеніме – қатты қысылдым.

Жаппай  қуғын-сүргін жылдары  алаштың  аса  көрнекті тұлғаларымен қатар көптеген қарапайым жандар да жазықсыз жапа шекті. Қызыл террор ешбір кәнісі жоқ әйелдер мен балалардың, бір сөзбен айтқанда, мыңдаған жазықсыз жандардың өмірін қиды. «Алжир» тұтқындары болған Гүләндам Қожанова, Зүнфүн Нұрмақова, Фатима Османова, Мағрифа Қазбекова, Рахиль Плисецкая, тағы басқаларының  қолындағы балалары – аналарымен бірге лагерь өмірінің бар азабын бастарынан кешті. «АЛЖИР» тұтқыны болған  Мәриәм Есенгелдинаның екі жастағы жалғыз ұлы да  анасының  бауырынан жұлып алынып, Саратовтағы балалар үйіне жіберілген. Мұндай азапқа шыдай алмаған сәби сол жақта жан тапсырған. Тек бір ғана 1940 жылы  «КарЛагта»  226 бала қайтыс болыпты. Олардың өлімінің негізгі  себептері, құжаттар бойынша – дистрофия, туберкулез, аштық  деп көрсетілген.

Ал әйел адам үшін азаптың ең ауыр түрі – ол баласының қиналғанын  көру, соның тартқан азабының куәсі болу дер едім. Міне, «АЛЖИР» тұтқындары  азаптың  тура осы түрімен де жазаланды. Шырылдаған нәрестелер жас ерекшеліктеріне қарамастан аналарынан  аулақтатылып жатты... Тағы бір  сорақысы, сөз ұға бастағандарына «сендердің аналарың сатқын, опасыз, халық жауы, сендер олардан бас тартуларың керек» деген жойқын  сұмдықпен «тәрбиеленіп» отырды. Әйтсе де, ешкім туған анасынан бас тартқандарды таба алмаған көрінеді....

Қалың оқушы Тұрар Рысқұловтың әйелі Әзиза Рысқұлованың «АЛЖИР» түрмесінде 10 жылға жуық  отырғанын біледі.  Ал Н. Нұрмақовтың жұбайы Зүнфун Нұрмақова (тұңғыш заңгер Жақып Ақпаевтың қарындасы) әуелі Мәскеудегі Бутырка түрмесінде, одан соң Карелия, Ақмола («АЛЖИР)  лагерьлерінде, жалпы алғанда 17 жыл айдауда болды.

Сондай-ақ Бейімбет Майлиннің әйелі Гүлжамал Майлинаның да «Халық жауының» әйелі ретінде тартқан азабы  аз емес. Одан жауап  алғанда: «Бейімбетпен жиырма жыл бірге болдым. Он жетімде қосылдым. Осы жиырма жылда маңдайымнан шерткен емес. Қатты  сөз айтып  көрген  жоқ.  Бейімбет суға түссе – суға, отқа түссе – отқа түсем. Ол қайда жүрсе, мен  сонда болам »  деп өз шешімін  анық  айтқан.  Сол Гүлжамал шешей  тек 1945 жылдың аяқ кезінде ғана лагерьден босап шығады...

Қалай десек те, ана жүрегі тастан да мықты емес пе, әйелдердің  жеңімпаз болатыны – олардың ер-азаматтарына, балаларына деген шексіз  махаббатынан, оларға деген сенімінен күш алатынында, бәріне қашан да тірек, пана болғысы  келетін қамқорлығы мен жауапкершілігінде болса керек. Сондықтан болар, лагерьдегі тұтқын әйелдер қанша ашыққан,  жаураған, күйзелген, торыққан  болса да, сол сәттердің бәрін жеңіп шығуға ұмтылған...  Лагерьдегі тұтқын Валентина  Шевченко сол бір  кездері  мынандай  өлең жазған екен:

                «Мы глину  месили, сушили  саман      

                  И  строили клуб за зоной.

                  Такая  уж доля  выпала нам,

                  Осужденным за то, что мы «жены».

                  Дрожали ноги и ныла  спина,

                  Но мы завершали дело...»

Иә, тұтқын әйелдер сары топыраққа су мен сабан қосып, оны жалаң  аяқтарымен илеп, қалыпқа салып сүйреп, шикі кірпіштер құйған. Сол кірпіштерден  өздері «тұратын» тапал барақтарды  соққан....

Бұл «азап лагерьлері» елімізде тек көсем өлген соң ғана жабылған. Бірақ сол  күндердің ауыр ескерткіштері  бүгінгі  «АЛЖИР»  музейінде және  Долинка  жеріндегі Карлаг орындарында әлі сақтаулы.

«АЛЖИР»  тұтқындарының бірі - Мария Минкина 1938 жылы ұсталып,  қайда әкетіп бара жатқанын білмеген күйде, жолда  жылап отырып, артында қалған туыстарына бір жапырақ қағазға хат жазып сәлем жолдайды. Хабардың туыстарына жетер-жетпесі де неғайбіл болатын. Себебі тұтқындар  хат-хабар беретін  құқықтан айырылған болатын.

Әйтсе де Тәңірдің қолдауымен Марияның тілегі жерде қалмаған екен... Хат сан күндер бойы ескі вагондағы еденнің тесігінде тығулы қалпында  тұрыпты. Оны бір жолы теміржолшылар кездейсоқ тауып алып, адрес бойынша иелеріне жеткізіпті. Сөйтіп, әйелдің жетімдер үйіне жіберілген  ұлы мен қызын туыстары іздеп тауып алып, бауырларына басып асырап-баққан екен...

Ажал жетпесе адам тамұқтан да аман шығады емес пе. Жеті-сегіз жыл отырып, шүкір, ол жақтан аман оралғандар да аз болмаған. Көпшілігінің  тірі  қалған балалары бүгінде әр түпкірлерде аман-есен тіршілік етіп жатыр. Талайы әупірімдеп оқып білім алып, ерінбей еңбектеніп жүріп, өздері балалы-шағалы болып, бүгінгі қоғамда өздеріне  лайықты орындарға, қадір-құрметке ие болған. Кешегі азап шеккендердің бүгінгі үрім-бұтағы кезінде шама-шарқынша көмек көрсеткен жергілікті қарапайым тұрғындарға, қазақ  халықына ықылас-пейілдері мен қамқорлығына зор алғыс білдіреді. Көпшілігі «АЛЖИР» тұрған жерге  барып, музейдің  тарих үшін, әділеттілік үшін жасап жатқан бүгінгі жұмыстары мен қызметтері үшін шын  көңілдерімен рахмет  айтып жүр.

Осы тұрғыда, музей қызметкерлерінің «АЛЖИР» тұтқындарының бала-шағасын кешегі кеңес одағы көлеміндегі жерлерден талмай іздестіріп, тапқандарының естеліктерін жинастырып, «Ұрпақтар ұмытпайды» деген  атпен көлемді, деректі кітап шығарғанын атап өту керек болар. Естелік  кітапта елуге жуық автор өздерінің жүрекжарды ойларын айтып, шынайы тілектерін жазып қалдырыпты. Музей оны қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде кітап етіп басып шығарып отыр.

Маған осы кітаптағы (жоғарыдағы мысалдарға қосымша) Алаш ардақтысы  Әлихан  Бөкейхановтың немересі – Евгений Бөкейхановтың қазақ еліне, өз ата-бабаларына арнап  жазған өлеңдері ерекше әсер етті. Сондықтан  сол  өлеңдерден үзінді келтіргім  келіп отыр.

         ...Я – правнук тех, что здесь топтали,

         Полынь копытами коней,

         Родились, жили, умирали,

         Став жизнью нынешней моей..

 

         Я прожил жизнь свою в России,

         А эта  степь, она из снов,

         Где я – частица неба сини

         И этой желтизны холмов...

Осы жолдарының өзінен-ақ автордың жан-дүниесінің қазақ даласымен жақындығын, түсінде көргендей жадында сақталғанын ұғыну қиын емес. Ал  «Дед Алихан» деген  өлеңіндегі  мына бір жолдар  да ерекше толғандырады...

                ... И вот, я  степь у Каратала.

                    Впервые  в жизни  увидал,

                    И это больше мне  сказало,

                    Чем я  узнал и прочитал.

                    Она  лежала без предела,

                    В скупой, суровой красоте,

                    И вот тогда  я понял деда –

                    Нас с ним объеденила степь,

                    Та степь, откуда   все  мы    родом,

                    Чьим сыном был мой дед –

                    Степняк...

Міне, мамандығы инженер, Ресейде туып, Мәскеуде білім алған, орыс  әйелден туған, Қазақстанның абақтыларында бұрын болмаған, бірақ есейгенде атасының туған топырағына тұңғыш рет іздеп келіп, рухына тағзым еткен , өз ұлын осы  сапарында  ерте  келген жігіт ағасы Евгенийдің – жүрегін жарып шыққан, шынайы сезімге шүпілдеп тұрған мына өлеңдеріне қалайша риза болмассың! Оның алпыс екі тамырында атасы, мұқым қазақтың  ардақтысы болған Әлихан атасының қаны тулап жатқаны қандай ғанибет! «Қанына тартпаса қараң қалсын» деген нәрсе лағнет емес, үлкен тілек пен үміт басым мұнда... Негізі «Атадан ұл туса  игі, ата  жолын  қуса  игі» деп  тілек тілеген  халықпыз ғой.

Тұрсын Жұртбайдың «Ұраным – Алаш» кітабындағы Әлиханға арнаған бөлімде осы немересінің қазақ даласына алғаш аяғы тиген сәтін суреттейді. Сонда шын мәнінде Ресейде жүріп өзінің кім екенін білмеген, кімнің ұрпағы екенін сезінбеген жанның қазақ ортасына келгенде өзін танығаны баяндалады. Евгенийдің өз естелігі бойынша, жас кезінде мүлде атасы туралы естімеген екен. Тек есейе келе анда-санда әкесі айты қалады екен. Бірақ толық, ашық айтпаған. Атасының атақты адам екенін білген, бірақ қазақ ұлты үшін аса қадірлі, маңызды тұлға екенін сезбеген. Тек Әлиханның мерейтойына келген жылы ғана шын атасын таныған. Бірақ оған Евгенийді еш кінәлай алмайсыз...

Біз бүгін ешкімді кінәламаймыз, кінәлілер де - белгілі. Енді өзіміз кінәлі болмауды ойлаймыз!                                        

                                       Кәмила  Құдабаева

Байланысты жаналықтар

Бүгін – Геннадий Головкиннің туған күні

08.04.2024

Жыл басынан бері спорт саласында 39 жемқорлық қылмысы тіркелген

03.04.2024

«Шахтер» футбол командасының бас бапкері қызметінен кетті

02.04.2024

Miami Open: Елена Рыбакина финалда жеңіліп қалды

31.03.2024

Спаррингтік кездесуге шақырту алған боксшы қыздардың тізімі жарияланды

29.03.2024

«Оқжетпес» футбол клубы өз қызметкерлеріне 400 млн теңгеден астам қарыз

29.03.2024
MalimBlocks
Бүгін – Геннадий Головкиннің туған күні

Ол кәсіпқой бокста 40 жекпе-жек өткізіп, 38-де жеңіске жеткен. ҚР спорт шебері.

Жыл басынан бері спорт саласында 39 жемқорлық қылмысы тіркелген

Жыл басынан бері спорт саласында 39 жемқорлық қылмысы тіркелді. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметте агенттік төрағасы А. Жұмағалидің басшылығымен өткен ведомствоаралық мәжілісте айтылды, деп хабарлайды Malim.kz.

«Шахтер» футбол командасының бас бапкері қызметінен кетті

Футболдан Қарағандының «Шахтер» командасының бас бапкері Игорь Солошенко өз еркімен қызметінен кетті, деп хабарлайды Malim.kz команданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Miami Open: Елена Рыбакина финалда жеңіліп қалды

Әлемнің төртінші ракеткасы Елена Рыбакина Майамидегі WTA турнирдің финалында Даниэль Коллинзді (53 WTA) жеңе алмады. Кездесу 7:5, 6:3 есебімен аяқталды, деп хабарлайды Malim.kz.

Спаррингтік кездесуге шақырту алған боксшы қыздардың тізімі жарияланды

Сәуірдің 8-і мен 10-ы аралығында Астанада өтетін спаррингтік кездесулерге шақырту алған боксшылардың құрамы бекітілді. Бұл туралы Қазақстан бокс федерациясының баспасөз қызметі хабарлады, деп мәлімдейді Malim.kz.

«Оқжетпес» футбол клубы өз қызметкерлеріне 400 млн теңгеден астам қарыз

Көкшетау прокуратурасының мәліметінше, «Оқжетпес» футбол клубы 160 қызметкерінің жалақысын төлемеген, деп хабарлайды Malim.kz.