Өмірзақ Қожамұратов өлеңдері

Өмірзақ Қожамұратов (1936-1983) – Өзбекстанның Бұқара облысы Тамды ауданында туған. Алғаш еңбек жолын мектеп мүғалімі, аудандық ерікті спорт қоғамының төрағалығынан бастап, аудандық газеттерде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі болып жұмыс істеді. Қызылорда қаласында Халық шығармашылығы үйінің әдіскер маманы қызметін атқарды. Елуінші жылдардың аяғында аудандық, облыстық, республикалық мерзімді баспасөз беттерінде өлеңдері жарық көре бастаған. «Жазушы», «Жалын» баспаларынан жарыққа шығарған «Жиделі Байсын» (1966), «Таңғы дауыс» (1971), «Жол аяқталмайды» (1981), «Ой кешу» (1989), «Күн астында – құдірет» (1998), «Суреттегі жүмбақтар» (1998) жыр жинақтары жарық көрді. Өзбек-станның қазіргі Науан облысы, Үшқұдық қаласының №4 қазақ орта мектебіне Өмірзақ Қожамұратов есімі берілген.

Malim Админ

  • 02.09.2024

АР АЙНАСЫНДА
1. Сен ақшаңа қарадың,
Көңіліңде бар алаң.
Мен бақшаға қарадым,
Гүл шоғынан нәр алам.

Сен сауданы мақтадың,
– Біле білсең пайда, – деп,
Мен тауларды мақтадым:
– Таудай болу қайда, – деп...

Білерсің:

Ақылдан адасқандардың

Ажалдан адаспайтынын.

Тақ үшін таласқандардың

Табытқа таласпайтынын...

2. Сен: « Жұмыстан қудырам », – деп киліктің.
Биліктің барына сендің.
Мен: «Жаңалық тудырам», – деп түйліктім.
Арыма сендім.

Сен бастығыңа сендің,
Жағынып жалпаңдайтұғын.
Мен жастығыма сендім,
Тауларды талқандайтұғын!

3. Қол ұзындығыңа қарап,
Бар малыңды айттың.
Мен қобызыма қарап,
Арманымды айттым.

Өнеріме қолыңды сіліккесін,
Білдім.
Бақи басымыз бірікпесін.
Қобызыма қосылып жүре бердім.
Байлық тірлік,
Ит тірлік – Құрып кетсін!

***
Сен менен де сыр тарттың:
Бас амандығын көздейтініңді айттың.
Мен кейінгі ұрпақтың
Сөгетінін сезбейтініңді айттым.

Шыбындай жаның үшін
Жауыңа сатылып кеттің.
Аққудай арым үшін
Алдымен атылып кеттім...

 

ӨМІР
Өмір – мұхит, бітіспейтін арпалыс,
Білгің келсе дауылымен бар, таныс!
Толқындардың жағасын жырт, арпалыс.
Өмір – қайрат, толқыныңды тарт алға,
Тұншықсыншы өлім деген қартамыс.

Өмір өзі – пәк жаралған махаббат,
Жанарынан жан сырын да бүкпеді.
Бірді шыңдап, біреулерді бүктеді.
Қинаса да өз ойын ол ірікпеді
Қоя алмаймын өмірге мен нүктені!

 

АНА ТІЛІМ
Сенде менің бар қазынам, байлығым,
Сен боп туды жарық жұлдыз, ай, күнім.
Сен арқылы шалқып жатыр айдыным,
Сен тұрғанда серпем бұлтын қайғының.

Ана тілім! Айналайын, ардағым,
Сен арқылы қай қиырға бармадым?
Гүлстанда сайрап тұрған бұлбұлым,
Тас ғасырдан талмай жеткен тарланым.

Суретіңе ел сүйенген арусың,
Құдіретіңе ер сүйенген қарусың.
Қажетімнің барлығы бар бойыңда,
Дертім болса – бір ғана сен дәрусің.

Бұл фәниде мөлдір болса – мөлдірсің,
Ғашық жандар мен сияқты телмірсін.
Арман айым, айналайын, алдыңда,
Өліммен тең – мүләйімсіп көлгірсу.

Сенсің менің ар-ожданым, намысым,
Өрт боп тиші арман үшін, ар үшін.
Шеше тілін білмей жүрген шерменде,
Танымайтын әкесін, бір танысын.

Ана тілім! Сен барыңда гүлдеймін,
Жыр алауын шалқытамын, гүрлеймін.
Сен жоқ болсаң жана-жана таусылып,
Жер ошақтан жел айдаған күлдеймін.

Жаса мәңгі, ана тілім, жан тілім,
Жаса мәңгі, дана тілім, жарқыным.
Көкірегімнен көтерейін Ар туын,
Мәңгілікке нұрландырсын жарқылың!

 

АЛДЫМЫЗДА ЖОЛ ЖАТЫР
Алдымызда көк сүңгі шың... көл жатыр,
Тым биікте... тұңғиықта олжа тұр.
Күнде шығып жүрген белең жон жатыр,
Жон қойнында оқылмаған том жатыр.
Ойлан, құрбым, болғың келсе сапарлас,
Алдымызда біз өтпеген жол жатыр.

Алдымызда кең даланы қар тыстап,
Ақпан бізбен табан тіреп тартыспақ.
Сенім – серік, жеңем деген шарт ұстап,
Ауырды ойдан аударамыз тартыссақ.
Ойлан, құрбым, болғың келсе сапарлас,
Бу беліңді, жүрек сөзін мәрт ұстап!

Ұзақ жолда бірімізден кетер мін,
Қателеспей өз борышын өтер кім?!
Жолдасыма жаным пида етермін,
Бәрін жуып, қуанышты жетер күн!
Алдымызда біз өтпеген жол жатыр,
Не көрсек те нар тәуекел көтердім!

 

АВТОГРАФ
Ей, ағайын,
Кітапшамды қолдан-қолға жеткеріп,
Тұрасыңдар шабыт беріп, от беріп.
Өз қаныңды тулатпаса,
Шулатпаса өлеңім
Өртеп жібер,
Кетсін мүлде жоқ болып.

Қолтаңбада қолға ұстарлық жоқ белгі,
Жолықтырсаң қаңтарларды, көктемді.
Арып-ашып
Әрі ғашық мен келем,
Сағынышым самғап ұшып кеткен-ді.

Бал мен зәрі тамшылаған тілінің,
Мұнда Өмірзақ Қожамұратұлының,
Жүйкесінде жыл керуені жүріп тұр,
Ал жүрегі кеуде керіп
Ұрып тұр!

 

ӘЛЕМ АЛДЫНДА
Жапон, үнді, ағылшын да, негр де,
Өз көгім деп жыр оқиды елінде.
Аспан жайлы өлеңім бар менің де,
Бір аспандай айтып жүрміз, тегін де.

Француз да, немістер де, негр де,
Жыр жазады өз жерім деп елінде.
Дала жайлы дастаным бар менің де,
Мына әлемді жырлап жүрміз, тегінде.

Жұмыр жердің қай тұсында көз ілдір,
Тынысым бір, тірлігім бір, сөзім бір.
Ей, адамдар!
Ойланатын кезің бұл,
Бір ауаны жұтып жүрміз көгілдір.

Өз көңілім шәк-шүбәсіз сеніп тұр,
Жер - жиhанға былай дегім келіп тұр :
Арамызды алакөңіл бөліп тұр,
Әйтпесе біз түбіміз бір туыспыз!
Мен барайын немесе өзің келіп тұр.

Аруағын дана Гомер бабайдың
Тірілтейік
Отауында Абайдың.
Ғазалдарын жатқа оқыңдар, бауырлар,
Рудаки, Низами мен Науаидың.

Омырауы от Назрулдар өксіп жүр,
Көнбес жүрек көкіректі тепсін бір!
Ғасырларды саты қылып,
Атылып,
Пушкин, Байрон, Мицкевич төксін жыр!

Дінің басқа, тілің басқа, ділім бір,
Өздеріңе жетсін достық үнім бұл!
Дүниені дүркіретсін өлеңім,
Қазақшалап оқиын мен бүгін жыр!

ТУҒАН ЖЕР
Маған Мекке, Мәдине,
Венеция,
Париж не?
Туған жердің шөліндей ыстық емес, әрине!
Жан анамдай қадірлі менің туған байтағым,
Жердің жәннәт - жұмағы Қызылқұм деп айтамын.

Осы аймақтың тұзы емес пе алғаш рет татқаным,
Осы аймақтың қызы емес пе алғашқы тіл қатқаным.
Осы аймақта қалды балғын, шырын, шәрбат шақтарым.
Шапағатым,
Махаббатым,
Аппағым.

Осы өлкеде бастым тұңғыш қарыңды,
Осы өлкеде аштым тұңғыш дарынды.
Осы өлкеде шаштым байлық барымды,
Осы өлкеде шақтым мұңым, зарымды.

Ей, туған жер, жаратушы тәңірім,
Өзіңмен бір соғады қан тамырым.
Аттап өтіп кете алмаймын ешқашан
Атажұрттың қабірін.

Сенсің мәңгі қар шалмайтын жоталым,
Сенің зарың сияқтанар боздағаны ботаның.
Сенен ғана басталады мынау әлем, тіршілік,
Сенен ғана басталады менің шексіз Отаным.

Көтерісіп тұрсың ұлы тірлікті,
Сендегі ұлы тірлік құтты,
Бірлік құтты,
Жыр құтты.
Жұмыр жерге жүрек болып, от беріп,
Қуанышын,
Қайғысын да тұрсаң бастан өткеріп.

От, дауылын,
Қар, боранын, таң нұрын
Жұттық бірге, жұттық жұпар жаңбырын.
Жұмыр жермен бірге сенің,
Менің - дағы тағдырым.

Ей, туған жер,
Бір пұшпағы құрлықтың,
Мен кішкентай болғаныммен,
Менен ұлы жыр күттің.

Сені ойласам, өлген бабам тіріліп,
Саған қарай жол бастайды бұрылып.
Еш жерде жоқ саған біткен ірілік,
Еш жерде жоқ саған біткен ұлылық!

ТАМДЫБҰЛАҚ
Ашып тастап қазына жиған сандығын,
Әр тасына тіл бітіп тұр Тамдының.
Ақ лағыл мен ақ мәрмәрдің аймағы,
Тамдыбұлақ – таңдай қағар ән бүгін.

Жер бетіне шұғыла құяр жарқылы,
Мұрынтаудың мың құбылған алтыны.
Жұлдыздарға зулап бара жатырмын,
Қиял жетпес осынау байлық арқылы.

Тұңғиық сыр тұнып тұрған құшағы,
Ақтау әйбәт, ақ лайнер боп ұшады.
Адамзатқа арман болып қалар ем:
Ақын болмай, Ақтау болсам, мысалы.

Менделеев кестесіне сыймаған,
Мен Тамдыға теңеу таппай қиналам.
Мүмкін емес,
Мұратына жетпеуі...
Туған жердің топырағын сыйлаған.

ДАСТАРХАН ЖЫРЫ
Жөнің қалай, жолаушым, жолың болғыр!
Сабылғаным бар еді менің де бір.
Ат маңдайын тірепсің ауылыма,
Танымайын,
Таниын
Кел, үйге кір!

...Қайыршы деп жанымнан ысырмаймын,
Төре екен деп бағыңнан қысылмаймын.
Қонақ болсаң,
Қош келдің,
Төрлете бер,
Басыңнан кеткенше құс ұшырмаймын.

Қаза болса намазы қаза болған,
Дастарқаны қазақтың таза болған.
Дәм-тұзымды келген жұрт қасиеттеп,
Иттік қылған жан болса жазаланған.

Қонағына қой сойып, төрін берген,
Күте алмаса мейманды өлім көрген.
Атам қазақ ешкімге тарынбаған,
Еншісі әлі ешкімнен бөлінбеген.

Табақ-табақ алдыңа ас тартамын,
Сый қонаққа сыбаға - бас тартамын.
Мейман келсе ауылымыз мәз - мереке,
Мерекемді өзіңе басқартамын.

Дәм ал, досым, арада шапан жүрер,
Ат жүрер, алтын жүрер, атан жүрер.
Дәм - тұзымның қадірлеп қасиетін,
Қол жаямын, жолаушым, батаңды бер!

Бата тілеу - бабамның наз, арманы,
Сақал сипау емес бұл базардағы.
Батагөй бабам жайлы жазам деген,
Кей жігіт келістіріп жаза алмады.

Емес маған ат қайғы, киім қайғы,
Ас қайырмай дастарқан жиылмайды.
Атажұрттың алмасаң ақ батасын,
Ешқашан да, еш бақыт бұйырмайды.

***
...Ұшырғандармыз пырағын,
Фәнидің кеңістігінен.
Өлмеген ешкім, шырағым,
Есебі кемістігінен.

Өлмей де жүрген жоқ ешкім,
Ақылы асқандығынан.
Өліп те жатқан жоқ ешкім,
Албасты басқандығынан.

Біле кет!
Ақылдан адасқандардың,
Ажалдан адаспайтынын.
Тақ үшін таласқандардың,
Табытқа таласпайтынын!

***
...Ғұмырыңды ұрлап тонаған,
Зырлауық ай, күн тозбайды.
Қасыңда жатқан моладан,
Бабаң да қолын созбайды.

Рақым етпес бір өлік,
Арудың құшқан ай төсін.
Ақынмен бірге шіреніп,
Ұры да жатыр, қайтесің?...

 

***
Өмірге артар өкпем жоқ,
Ешкімге есем кеткен жоқ.
Жеткізбей жүрсе біреулер
Біреулер маған жеткен жоқ.

 

***

Биік деймін,
Биік менің не теңім?
Ұлы таудың жайласамшы етегін.
Шың-құздардың сымбатына бір қарап,
Ойда тұрып,
Шырқасам да жетеді үн.

Шыңырау деймін,
Шыңырауды мен не етемін?
Балбұлақтың маңы емес пе мекенім.
Маңдай терді тамшылатсам, тасты да
Бау-бақшаға айналдырып кетемін.

 

СЕН ЖЕТІМ ЕМЕССІҢ
Күндерімнің кейі шат, кейі мұңды,
Өмір өзі үйретті кейінуді.
Махаббатсыз жандарда шапағат жоқ,
Мен олардан күтпеймін мейірімді.

Әкең сенің ешкімге табынбаған,
Шешең сенің ешкімге шағынбаған.
Жетімсіреп жүргенде жек көремін,
Қорламай жүр жастықты жалындаған.

Айтпа маған екінші жетіммін деп,
Айт одан да тартыспен жетілдім деп.
Әлі қанша бітпеген шайқасың бар,
Майданға шық! Бел буып, бекіндім деп.

Бір келген соң өмірге дұрыстап жүр,
Арың үшін отқа түс, ұрысқа кір!
Серуен құрып сенімен кетер едім,
Өлең буып, өн бойым құрыстап жүр.

Құдіреттей әр адам дара туған,
Өз кешің өз жолыңа қаратылған.
Болса да әкең саған жан бермейді,
О баста, шыбын бөлек жаратылған.

Ұлылық – кісілікте, даралықта,
Жетпейді әркім қолы даналыққа.
Нелер жоқ аспан жердің арасында,
Ұшасың сен де осы екі аралықта.

Байланысты жаналықтар

Белгілі журналист Өмірзақ Ақжігіт өмірден озды

21.02.2025

Дидар Амантай – Жоқ іздеген жазушы

18.02.2025

Ақын Ұларбек Дәлей өлеңдері

18.02.2025

Мағжан - Күн перзенті

17.02.2025

Дидар Амантай. Қызыл іңір

17.02.2025

Ырысбек Дәбей. Әкелеріміз айтатын әңгіме

12.02.2025
MalimBlocks
Белгілі журналист Өмірзақ Ақжігіт өмірден озды

Ол бірқатар республикалық, аймақтық басылымдарда жемісті еңбек еткен

Дидар Амантай – Жоқ іздеген жазушы

Ақын Ұларбек Дәлей өлеңдері

Мағжан - Күн перзенті

Дидар Амантай. Қызыл іңір

Ырысбек Дәбей. Әкелеріміз айтатын әңгіме