Трамптың штабынан ұрланған ақпарат Байденге жіберілген

Федералды тергеу бюросы бұл ирандық хакерлердің әрекеті екенін айтты

Мадина Қайнарова

  • 19.09.2024

Ирандық хакерлер Дональд Трамптың сайлау штабының қызметкерлерінен ұрланған ақпаратты Джо Байден штабының қызметкерлеріне берген. Бұл туралы кеше Федералды тергеу бюросы мен АҚШ-тың барлау қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды BBС.

- Бұрынғы президент Трамптың штабынан жұртшылыққа арналмаған электронды хаттар президент Байденнің сайлау штабындағы адамдарға жіберілген. Мұны хакерлер жасаған, - делінген ФТБ, АҚШ Ұлттық барлау директорының кеңсесі мен киберқауіпсіздік және инфрақұрылым қауіпсіздігі басқармасының бірлескен мәлімдемесінде.

Арнайы қызметтің мәліметіне қарағанда, Байден штабының қызметкерлері аталған хаттарға жауап бермеген.

Бұл жағдай маусым-шілде айларында, яғни, Байден сайлаудан өз кандидатурасын алып тастағанға дейін болған. Оның орнына өз кандидатурасын Камала Харрис ұсынған болатын.

Сонымен қатар мәлімдемеде ирандықтардың Трамптың штабынан ұрланған ақпаратты маусымнан бастап америкалық баспасөздерге де таратқаны айтылған. 

АҚШ-тың ресми тұлғалары бұл жағдайға қатысты тамыз айында мәлімдеме жасаған еді. Олардың айтуынша, қарашада өтетін президенттік сайлаудың алдында Иран АҚШ-та алауыздықты күшейтіп, азаматтардың мемлекет институтына деген сенімін кетірмекші. Америка билігінің сол мәлімдемесіне сүйенсек, ирандықтар Республикалық және Демократиялық партиялардың штабына тікелей жол ашпақшы болған. Осы мақсатта олар «әлеуметтік инжиниринг» тәсілдерін қолданыпты.

Дональд Трамптың сайлау штабының баспасөз хатшысы Кэролайн Ливитт Федералды тергеу бюросы мен барлау қызметінің мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді. Ол бұл мәлімдеме Иранның Камала Харрис пен Джо Байденге көмектесуге ниетті екенін көрсетеді дейді.

- Себебі олар Трамптың қатаң санкцияларды қайтарып, олардың террорына қарсы тұратынын біледі, - деді Ливитт.

Айта кетсек, 2018 жылы Дональд Трамп президент болған кезде АҚШ-ты Тегеранмен үш жыл бұрын жасасқан «ядролық келісім-шарттан» шығарып алып, Иранға қарсы санкцияларды қалпына келтірген болатын.

Байден мен Харрис өздерінің қызметкерлеріне жіберілген материалдар туралы айтып беруге тиіс деп санайды Ливитт.

АҚШ Трамп пен Харристың штабтарына жасалған кибершабуылдардың артында Иран тұр деген пікірде. Бірақ Тегеран мұны жоққа шығарып отыр.

Камала Харрис штабының баспасөз хатшысы Морган Финкельштейн өз кезегінде бұл жағдайдан кейін штаб құқық қорғау органдарымен бірге жұмыс істегенін мәлімдеді.

- Бізге қандай материал жіберілгенінен хабардар емеспіз. Спам немесе фишинг әрекеті секілді нәрселер бірнеше адамға келген болатын, - деді Финкельштейн.

БҰҰ-дағы Иран миссиясының ресми өкілі «Иранның АҚШ сайлауына араласуға себебі де, ниеті де жоқ және мұндай айыптауларды үзілді-кесілді қабылдамайды» деген мәлімдеме жасады.

Фото: bbc.com

Байланысты жаналықтар

Трамптың Путин мен Зеленскийге көңілі толмай отыр

01.04.2025

Илон Маск Ақ үйден кететін болды

01.04.2025

Пентагон 76 мың қызметкерді жұмыстан босатады – БАҚ

30.03.2025

АҚШ USAID агенттігінің таратылатынын ресми түрде хабарлады

29.03.2025

АҚШ антиизраильдік акцияларға қатысқан 300 студенттің визасын жойды

28.03.2025

Трамп «АҚШ тарихындағы шындықты қалпына келтіру» жарлығына қол қойды

28.03.2025
MalimBlocks
Трамптың Путин мен Зеленскийге көңілі толмай отыр

Илон Маск Ақ үйден кететін болды

Пентагон 76 мың қызметкерді жұмыстан босатады – БАҚ

АҚШ USAID агенттігінің таратылатынын ресми түрде хабарлады

АҚШ Мемлекеттік департаменті Конгреске АҚШ-тың Халықаралық даму агенттігі (USAID) таратылатыны жөнінде ресми түрде мәлімдеді,

АҚШ антиизраильдік акцияларға қатысқан 300 студенттің визасын жойды

Трамп «АҚШ тарихындағы шындықты қалпына келтіру» жарлығына қол қойды