Вашингтон мен Киев Украинадағы соғысты тоқтату жоспарын талқылау аясында Украинаны Еуроодаққа 2027 жылы қабылдау туралы ұсынысты қарастырып жатыр, деп хабарлайды Malim.kz.
Бұл туралы The Washington Post (WP) шолушысы Дэвид Игнатиус 9 желтоқсан, сейсенбі күні жариялаған материалында АҚШ пен Украина шенеуніктеріне сілтеме жасап хабарлады.
Оның мәліметінше, АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігі Украинаны жедел түрде қабылдауға қарсы ЕО-ға мүше кейбір елдердің, соның ішінде Венгрияның қарсылығын еңсеру мүмкін деп санайды.
Вашингтонның ойынша, Еуроодаққа мүше болу Украина экономикасының дамуын ынталандырып, сауда мен инвестицияның артуына және сыбайлас жемқорлықпен күрестің күшеюіне ықпал етуі тиіс.
Сонымен қатар Донецк облысынан Херсон мен Запорожьеге дейін созылатын атысты тоқтату сызығы бойында демилитаризацияланған аймақ құру идеясы да талқылануда.
Игнатиустың жазуынша, осы аймақтың ар жағында ауыр қару-жараққа тыйым салынатын тағы бір, неғұрлым кең аумақ құрылуы мүмкін. Ол аймақ Корея түбегіндегі Оңтүстік және Солтүстік Корея арасындағы демилитаризацияланған аймақ тәрізді тұрақты бақылауға алынбақ.
WP мәліметінше, АҚШ Украинаға НАТО Жарғысының 5-бабына тең келетін қауіпсіздік кепілдіктерін ұсынуға дайын. Киев мұндай құжат тек қол қойылып қана қоймай, АҚШ Конгресі тарапынан ратификациялануы керек екенін талап етеді. Ал еуропалық мемлекеттер өздерінің жеке кепілдіктерін беруі тиіс.
Сонымен бірге АҚШ-тың жаңа ұлттық қауіпсіздік стратегиясы Ресей тарапынан қайта агрессия болған жағдайда Вашингтонның Еуропаға әскери көмек көрсетуге дайындығына күмән келтіреді. Дегенмен Трамп командасы АҚШ Украинаны барлау деректерімен қамтамасыз етуді жалғастыратынын мәлімдейді.
WP атап өткендей, талқыланып жатқан басқа ұсыныстардың қатарында Запорожье атом электр станциясын АҚШ бақылауына өткізу мәселесі де бар.
Бұған дейін 20 қарашада жарияланған АҚШ-тың бейбіт жоспарның алғашқы нұсқасында Украина конституцияда НАТО-ға кіруден бас тартатынын, ал альянс болашақта Украинаны қабылдау мүмкіндігінен айрылатыны қарастырылған еді. Сонымен қатар Украина Еуроодаққа кіру құқығын сақтап қалуы тиіс делінген.
Сол құжатта Запорожье АЭС МАГАТЭ бақылауымен іске қосылып, ондағы өндірілген электр энергиясы Украина мен Ресей арасында тең бөлінетіні айтылған.