Көрден шыққан Рафтери (ирланд ертегісі)

Malim Админ

  • 05.04.2020

Сендерге шанахилар1 хақында ертегі айтып берем деген ежелгі уәдемнің үдесінен шығар кез жеткен сияқты. Бұл хикая күллі Ирландиядағы ең жұмбақ, ең әйгілі шанахи – Рафтери туралы. Ол жыршы, күйші біткеннің әулиесі еді. Оның бұлай атануға толық хақысы барына өзімнің де көзім жеткен...

Мен тек бұл әңгімені өз қалауым, өз пайымдауым бойынша баяндайтынымды ескертемін.

Сонымен...

***

Рафтери – тек скрипкашы ғана емес, жаны жайсаң, абзал адам да еді. Былғары етік киіп, жер басқан адам атаулының асылы, скрипкашы атаулының төресі болатын. Оның жүрегіндей жомарт жүрек, оның көңіліндей шалқар көңіл болып па екен бұл жалғанда?!

О! Оның скрипкасының шанағына тынбай сарнаған жел ызыңы, кемеріне сыймай толқыған теңіз тынысы, тал түбінде ыңырсыған банши2 өксігі, аршасы бітік сыздауытты жайлаған тауқұдірет зары, ми батпақтың құлази қарауытқан беті, дәуірлі аспанның тұңғиық қуанышы, қара торғайдың құлақ жарған ысқырығы мен бозторғайдың бейбіт әні, таң атқанша билеп, асыр салатын мың сан пері-перизаттың титімдей аяқтарының тылсым тықыры – бәрі-бәрі сыйып кететін.

Оның әуені қамыс басын тербеткен самалға ұқсап, біресе тылықси тыншып, біресе ұйтқи алыстап, қаумалаған тыңдаушы көңілін сан саққа жүгіртуші еді. Сонда ең бір қара жүрек ағарып, асқақсыған пандықтың орнын кішіпейіл парасат басатын, қасат қатыгездік мамыр айындағы қар сынды еріп жоғалатын.

Оның сазына құмартқан адамдар Ирландияның түкпір-түкпірінен ағылып келіп жататын. Төрт теңіздің қоршауындағы жердің әр сүйемі оған арнап мадақ жырын айтар еді. Оның күйіне ұйыған жұрт аштықты да, шөлді де, ыстықты да, суықты да ұмытып кететін. Оның скрипкасының үні жан жүректің ең құпия шыңырауларына бойлаушы еді. Ол осы өлкедегі ең дәулетті адамға айналар еді қаласа, бірақ алдамшы дүниені тәрк еткен күйшінің тозығы жеткен қамзолдан игі киімі болмапты.

Ол ақшаны жек көретін! Махаббат! Тек қана таза махаббат еді – табынары. Ол үшін өмір деген – махаббат, махаббат деген – өмір өзі еді.

Ертегінің аудио нұсқасын тыңдауыңызға болады

Жүрегінің жалғыз жұбанышы – махаббат қана оны көрден қуып шығып, Динни Макдермот пен Мэридің тойына бастап келген еді.

Айбынды Динни мен ару Мэридің неке қияр түнгі бар байлығы – махаббат, бір ғана мархаббат болатын. Олар шіркеуде некелерін қидырған соң, қаңыраған бос үйшікке оралған, қара судан басқа сусыны, қараңғы түннен басқа жолдасы жоқ екен.

Әйткенмен олар бұған мойымаған, жабырқап жасымаған. Мэри өріс толы сиыры, тоған толы балығы бар сараң бай Макглегнахиға тұрмысқа шығудан бас тартып еді. Ал Динни жүз фунты, жеті торпағы, сандық-сандық жасауы бар Нэнси Мурға қарамай кеткен. Мэри мен Динни махаббат үшін байлықты да, барлықты да осылай аттап өтіпті.

Енді міне, дүрілдеген той емес, жапырайған жаппада екеуден-екеу отыр. Тіпті "құтты болсын" айта келген жан жоқ! Өйткені ақылды қауым бұл екеуінің ақылға сыймас қадамдарына – өз аяғымен келген бақ-дәулетті "басқа тепкен күпірліктеріне түсінбей, әбден мінеген. "Соншама пайдалы ұсыныстарды көзге ілмеген соқырлар", – деп сөгіпті. "Қалталарында қара бақыр жоқ, үйленген несін алған?" – деп ызаланыпты.

Бірақ бұл ақымақтар Динни мен Мэридің жылусыз ақылдан отты сезімді артық санап, адам емес, алтынға жар болып, байлыққа үйленуден қашқандарын ұға да алмапты, бағалай да білмепті. Сондықтан да қадірменді жұртшылық қос ғашықтан сырт айналып, екеуін жалғыз қалдырған. Алайда олар жалғызсырамап еді, оларды қасиетті жебеуші – махаббат өз құшағына алған болатын...

Есік орнына тұтылған перде ысырылып, үйге белі бүгілген, көнетоз жасыл камзолының өңі түсіп, қарая бастаған, қолтығына скрипкасын қысқан бір қарт кіреді. "Кеш жарығын" айтып, Динни отқа тақай қойған орындыққа отырып, ентігін басады.

– Жолдың алысы-ай, таусылмастай көрініп еді, – дейді скрипкашы қарт. – Қарным да ұлып барады! Егер, қайырымды жандар, жүрек жалғар бірдеңе берсеңдер, алғысымды айтар ем.

Динни мен Мэри бір-біріне қарап күліп жібереді.

– Тамақ дейсің бе? Біліп қойыңыз, біз бүгін ғана үйлендік. Бірақ той орнына махаббатымызды талғажау етіп отырған жайымыз бар. Рас! Егер жүрек жалғар бірдеңеміз болса, сізден аямас-ақ едік, – дейді.

– Қалай! – деп дауыстап қалады қонақ. – Сендер таза махаббатпен, шын сүйісіп қана қосылдыңдар ма? Тым құрымаса қазанның түбіне тастар түктерің жоқ па?

– Бұйырмасын! – дейді екеуі қосарланып. – Шын сүйгеніміз үшін осындай жағдайға тап болдық.

– Ол үшін өкінбейміз, – дейді Мэри.

– Тіпті де өкінбейміз, – дейді Динни.

– Құдай жарылқасын сендерді! – депті екеуін қабақ астынан қадағалап отырған скрипкашы. – Шынында да өкініп керегі жоқ. Әлі-ақ сендерде бәрі болады.

Содан соң сұрапты:

– Рафтери жайлы естіп пе едіңдер? – депті.

– Рафтери? Естімей ше! Сіз бізді кім деп тұрсыз? Кереңдер мен өлілер ғана ұлы Рафтери туралы естімеген шығар!

Сонда скрипкашы қарт скрипкасы мен қияғын тізесінің үстіне қойып:

– Қане, көрші-қолаң, таныс-жұрағаттарыңа хабар айтып, үйлену тойына шақырыңдар. Сый-сияпаттарын да ұмытпасын. Ұсақ-түйек емес, тойға лайықты шашу әзірлесін. Тойда Рафтеридің өзі өнер көрсетеді дейсіңдер, – дейді.

– Рафтери?! – деп айғайлап жібереді таңырқаған жас жұбайлар.

– Иә, Рафтери. Ол – мына менмін, – дейді қарт скрипкасын оңдап қойып.

Екі ғашықтың бұл қуаныштан жүректері ауыздарына тығылып, тіршіліктің тауқыметі таудан түскен тұмандай ыдырап, сейіліп сала беріпті.

Жаңалық хабар желді күнгі өрттей әп-сәтте бүкіл өңірге таралады. Рафтери, есімін еңкейген шалдан бесіктегі сәбиге дейін білетін ұлы Рафтери, даңқты Рафтери Динни Макдермоттың тойында күй тартпақ! Жұрт есінен адасқандай болады, жұмыс қалады жайына, орындық та, күншілдік те ұмытылады, жас жұбайларға арнап тарту-таралғысын сайлап, Диннидің үйіне қарай шұбырады.

Біреу шошқаның майлы төсін, біреу қойдың тұтас санын, біреу қап тола картобын, біреу күбі тола майын, біреу қанты мен шайын, біреу тірі тауығы мен үйрегін, біреу төсек жапқышын, біреу жұмсақ жастығын, біреу көйлегін, біреу дастарханын... әкеліп, тойға жиналған шашу төбе болып үйіледі. Бұның бәрін сақтау үшін үлкен бір қойма керек еді.

Рафтери сыйлық әкелген жұртқа сыпайы бас изеп, рахмет ишаратын ғана жасап отырады. Салқын мезіретке қарамастан, әрбір адам оның алдында өзін өлшеусіз борышты сезініп еді, алғыстарын айтып жеткізе алмастай еді. Олар той дастарханы басында артық-ауыс дыбыс шығаруға батпайды. Ал той теңдессіз болатын, бұрын-соңды мұндай той бұл өңірде өтпеген екен. Халық төрде отырған Рафтеридің әрбір сөзін, әрбір қалжыңын жаттап алуға тырысады. Оның өткір әзілі түйрей шаншып, күйдіре әжуалап, жанды жерге дәл тиіп, маңдай тершіткенімен, ешкім өкпелемепті, рахаттана күлісіп, мәз болысыпты.

Дәл осындай аста-төк мол дастарханды, шат-шадыман думанды Ирландияның жер жаралғалы жасап келе жатқан жасыл таулары да көріп-білмеген екен. Сол себепті де Динни мен Мэри бақыттан бастары айналып, ішпей-жемей мас болады. Кейіннен әлгі тойға қатысқан әрбір қонақтың баласы өзінің баласының баласына әкесінің немесе шешесінің кіммен дастархандас болып, кімнің күйін тыңдағанын мақтана әңгімелесіпті деседі.

Қонақтар асқа тойып, шарапқа қанып, дастархан жиналған соң, Рафтери өзінің орындығын стол үстіне қойып, соған шығып отырады да, скрипкасын иығына тіреп, қияғын сызылта шалады. Барша қауым сілтідей тынып, демі бітіп қалады: скрипкадан желдің ызыңы, теңіздің тынысы, тал түбіне тығылған баншидың өксігі, тауқұдіреттің зары естіліп, төбе құйқаны шымырлатады. Дәуірлі аспанның тұңғиық қуанышы, ми батпақтың көңіл құлазытар қайғысы, бозторғайдың бейбіт әні, түн жамылып сауық құрған мың сан пері-перизаттың биі күйге айналып, скрипка шанағынан тасқындай құйылады.

Қамыс басын тербеген самал сынды сазы бірде тыншып, бірде ұйытқып, демін ішіне тартқан тыңдаушы жұрттың жан-дүниесін алай-түлей етіп, мың құбылтады. Ең бір қара жүрек ағарып, паңдықтың орнын парасат алмастырады, қатыгездік мамыр айындағы қардай ериді. Отырғандардың қай-қайсысы болсын, ғажайып күйдің тәтті сиқырына мәңгілік арбалуға, өң мен түстің арасындағы осынау дел-сал қалыптарыңда мәңгілік қатып қалуға даяр еді.

Скрипкашының жойқын өнеріне алғыс білдіріп, төлемін өтер шақ туып, бас киімін алып, алқақотан қауымды аралайды, – бұрын ешбір скрпикашы мұндай қылық көретпейтін, ақы сұрап, кісі алдына бармайтын...

Дәулескер күйшінің өнеріне тәнті жұрттың бақыр тастамақ болғандары күміс, күміс беруге бекінгендері алтын теңге ұсынғандарын аңдамай қалыпты. Рафтери бір айналып шыққанда жиналған ақша бас киіміне сыймай кетіпті.

Содан соң әсем әуенге әсерленген күллі қонақ Диннидің қолын қысып, Мэридің ернінен сүюге жапатармағай лап қойысып, жас жұбайларға бақыт тілеп, қоштаса бастайды. Рафтери де абдыраған Диннидің қолын алып, Мэриді елжірей сүйіп, жас жұбайлардың бақытына баян тілеп, ескі скрипкасын қолтығына қысып, тарауға бет алған жұртқа ілесіп, үйден шығып кетеді. Екі ғашық тіл қатуға шамалары келмей, ауыздары аңқайған күйі қала береді:

Қарттың алтын-күміс лық толған бас киімін көргенде ғана Мэридің буылған тілі шешіліп:

– Ол ақшасын ұмытып кетіпті! – деп дауыстап жібереді.

– Қазір, шақырып келейін! – деп Динни есікке тура ұмтылады.

Сол сәтте үйге бақалшы Пэт сөйлей кіреді:

– Құдай жар болсын! – дейді.

– Таста қабыңды, Пэт! – деп айғайлайды оған Динни. – Жаңа ғана саған қарсы жолыққан скрпикашы қартты қайтар!

– Қайдағы қарт? – дейді Пэт.

– Ол Рафтери ғой! Сен жаңа ұлы Рафтеримен кездестің! Ол біздің тойда күй тартып еді, ақша толы бас киімін қалдырыпты. Жүгір тездеп!

– Рафтери? – деп қайталай сұрайды Пэт. – Сен жынданған шығарсың, Динни?! Мен осыдан үш апта бұрын Рафтериді жерлеуге қатысқам. Байғұс кезбенің сүйегі Голуэй өлкесінде қалды...

– Иә, Рафтери... – депті Пэт төбелерінен жай түскендей сілейіп тұрған Динни мен Мэриге қарап сөзін жалғап. – Ол асқа бай болар еді қаласа, ал о дүниеге жыртық көйлек, үш қара бақырмен ғана аттанды. Рафтери! Топырағы торқа болсын!

***

Айтары жоқ, Рафтери скрипкашы ғана емес, адам атаулының асылы еді ғой! Былғары етік киіп, жер басқан жанның ішінде оған теңдесер адам, оның жүрегіндей жомарт жүрек жоқ енді.

О! Оның скрипкасының шанағына тынбай сарнаған желдің ызыңы, кемеріне сыймай толқыған теңіз тынысы, тал түбіндегі банши өксігі, аршасы биік саздауытты жайлаған тауқұдірет зары, ми батпақтың құлази қарауытқан беті, дәуірлі аспанның тұңғиық қуанышы, бозторғайдың бейбіт әні, мың сан пері-перизаттың нәзік аяқтарын тыпырлатып, талмай билеген биі бәрі-бәрі сыйып кететін, бәрі-бәрі күй болып қайта-қайта лықситын.

Қамыс басын тербеткен самал сынды сазы бірде талықси тыншып, бірде ұйтқи алыстап, тыңдаушы көңілін сан саққа жүгіртетін. Сонда ең бір қара жүрек ағарып, асқақсыған пандық басын ие кішірер еді. Шемен боп қатқан қатыгездік балауыздай еритін еді.

Оның скрипкасын естуге күллі Ирландия халқы жиналатын. Даңқы төрт теңіздің қоршауындағы өлкенің түкпір-түкпіріне тегіс таралып еді. Таңғажайып күй көңілді көншітіп, қайғы-қасіретті толайым ұмыттыратын, сол күйді тыңдаған адамның жан жүйесі қосыла жырлап тұрғандай болатын. Көзі тірісінде ен дәулетке кенелер еді, – бірақ оның көнетоз қамзолдан игі киімі жоқ-ты.

Ол ақшаны жек көретін! Махаббат! Кіршіксіз махаббатты ғана мойындап, соған ғана бас ұратын. Күй, Сұлулық, Махаббат, – міне, оның баға жетпес байлығы, өзі дүниеден көшкенде адамзатқа қалдырған мұрасы – осылар еді. Көрге үш қара бақырмен, жыртық көйлекпен кірген Рафтериден баймын деп кім айта алар екен?! Қайран Рафтери!..

шанахи1 – Ирландиядағы кезбе күйші, жыршы

банши2– көне ирланд нанымы бойынша, әйел бейнесіндегі аруақ. Оның өксігі өлім шақырса керек

Аударған Ғалым ДОСКЕН,

«Алтын сырнай» ертегілер жинағы, 1992 жыл.

Тағы қараңыз:

Ертегі аудармашының рұқсатымен, сайт редакциясында қайта теріліп, жарияланды.

Көшіріп басуға болмайды!

Байланысты жаналықтар

Зеленскийдің сұхбаты, Ресей депутатының Алматыны орыс салғанын еске салғаны

02.06.2024

Қазақстанда «Шешім журналистикасы лабораториясы» жобасы басталды

28.10.2023

Алматы. "Қуатты өңірлер" бірнеше бағытта дамиды

21.09.2022

Тарысы піскеннің тауығы: Боранбаев «асыраған» әртістер

09.04.2022

Дәулетжан МАХМҰТ. Сырға

16.06.2021

Бекен ЫБЫРАЙЫМ. Қала шетіндегі үй (Жалғасы)

03.04.2021
MalimBlocks
Зеленскийдің сұхбаты, Ресей депутатының Алматыны орыс салғанын еске салғаны

Неге Ресей элитасы Қазақстанға ақпараттық шабуылын күшейтті?

Қазақстанда «Шешім журналистикасы лабораториясы» жобасы басталды

«Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоғамдық қоры Ұлыбритания үкіметінің қаржылай қолдауымен «Шешім журналистикасы лабораториясы» жобасы жүзеге аса бастады.

Алматы. "Қуатты өңірлер" бірнеше бағытта дамиды

Тарысы піскеннің тауығы: Боранбаев «асыраған» әртістер

Олар Қайратты «Құдай берген таланттың ұшқынын көруші» дейді.

Дәулетжан МАХМҰТ. Сырға

Кинозалдың есігін ептеп ашып ішке кірдім, сабақ басталып кетіпті.

Бекен ЫБЫРАЙЫМ. Қала шетіндегі үй (Жалғасы)