Сапарбаевтың бұл сөзіне сенгіміз-ақ келеді...

Malim Админ

  • 24.11.2020

Сапарбаевтың бұл сөзіне сенгіміз-ақ келеді. Бірақ 4-5 жыл бұрын газ құбыры тартылғанымен, әлі газбен  қамтылған ауылдар бар екенін әкім мырза ұмытпаса екен. Үкімет отырысында Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев: «Алдағы 2 жылдың ішінде Жамбыл облысы тұрғындарының 95 пайызы газбен қамтамасыз етіледі» деп қалды.

«Қазіргі таңда өңір халқын газбен қамтамасыз ету жаман емес. Бүгінгі есеп бойынша облыс тұрғындарын газбен қамтамасыз ету 88,6 пайызды құрайды. Тек осы жылдың өзінде 14 млн теңге бөлініп, соның арқасында 45 елді мекен газбен қамтамасыз етілді. Қордай ауданында 2 жоба іске асырылып жатыр. Оның бірі Масаншы, Қаракемер, Ауқат сынды 10 елді мекенді, екіншісі Отар, Кенен сынды 12 ауылды қамтиды. Осы жобаның арқасында Қордай ауданында халықты газбен қамту 95 пайыз болады. Жалпы тұрғындарды газбен қамтамасыз ету бақылауымызда тұр. Үкімет қолдауымен алдағы 2 жылдың ішінде өңірдегі тұрғындардың 95 пайызын көгілдір отымен қамтамасыз етуді мақсат етіп отырмыз», - деді Бердібек Сапарбаев.

Осыдан бір жарым ай бұрын Үкімет отырысында Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев газ экспортының былтырғы жылмен салыстырғанда төмендеп кеткенін айтып қапаланған.

«Тауарлық газды ішкі тұтыну көлемі 11,1 млрд текше метрге жетті. Бұл  9 айлық жоспар 100 пайыз орындалды деген сөз. Экспортқа шығарылған газ көлемі 10,3 млрд текше метр. Бұл есепті ай жоспарының 78,6 пайызына тең. Газ экспорты көлемінің өткен жылғы осы кезеңінің көрсеткіштерінен артта қалуына Қытай Халық Республикасының газ импорты көлемін төмендетуі себеп болып отыр», – деген Нұрлан Ноғаев.

Бірақ министр елімізде газдандырылған аймақтар 100 пайыз көгілдір отынды тұтынып отыр деген еді. Бұл сөзі шындыққа жанаспайтын болып шықты. Мәселе Алматы облысы Іле ауданы Жетіген ауылында газ құбыры тартылғанына екі жыл болды. Басында әнші-күйшілерді шақырып, газ келді деп тұсауын кескеніменен, облыс басшылығы кеткеннен кейін-ақ газ сап тыйылған.

Жамбыл облысының Шу, Рысқұлов аудандарында да осы жағдай. Шу ауданы Төле би ауылының  тұрғындары газ тартудың қымбаттығын айтып шағымданған.  Ауылға газ құбыры бірнеше жыл бұрын тар­тылған, бірақ кей тұрғындар әлі қосыла алмай отыр. Себебі үйге газ тарту жұмысының құны 2016 жылы 420 мың теңге болса, биыл 520 теңгеге дейін өсіп кеткен. Төле би ауылында 4200 отбасы тұрса, қазір соның 35 пайызы ғана газ қолданып отыр.

Рысқұлов ауданы Құлан ауылының да тұрғындары ауылға келіп тұрған газды пайдалана алмай отыр. Себебі бір көшеге тартылған газ құбыры екінші көшеде жоқ.

Мұндай мысалдарды күнделікті жаңалықтар легінен ондап, бәлкім, жүздеп кездестіруге болады. Жамбыл облысындағы осы газ мәселесі бұрынғы әкім Асқар Мырзахметовтің кезінде де шешілмеген. Қазіргі әкім Бердібек Сапарбаев та шеше алмай отыр. Ал Алматы облысы Іле ауданы Жетіген ауылының газ мәселесі облыс әкімі Амандық Баталовтың құлағына әлі жетпесе керек.

Сонда Ноғаевтың жүз пайыз орындалған жоспары қай жоспар? Сол қалпы түсінбеп едік. Енді Бердібек Мәшбекұлының сөзіне сенгіміз-ақ келіп отыр..

MalimBlocks