АҚШ-та Ямайкаға гуманитарлық көмек апара жатқан америкалық ұшақ Флорида штатында жеке тұрғын үйдің артқы ауласына құлады, деп хабарлайды The Mirror.
Beechcraft King Air жеңіл моторлы ұшағының Корал-Спрингс қаласында құлаған сәті бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Кадрларда оның тұрғын үйге соғыла жаздап, ағаштар мен қоршауды бұзып өткеннен кейін көлге құлағаны, ал қалдықтардың жерге шашылғаны көрінеді.
Ұшақ 7-9 жолаушыға арналған. Басылым журналистерінің мәліметінше, құтқарушы сүңгуірлер қазір көлден пилот пен жолаушыларды іздеп жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, әзірге зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ.
Айта кетсек, шағын авиация борты Ямайкаға «Мелисса» дауылы айтарлықтай залал келтіргеннен кейін гуманитарлық көмекті алып бара жатқан. Ұшақ Форт-Лодердейл әуежайынан ұшып шыққан.
Еске сала кетсек, бұған дейін Дағыстанда туристерді тасымалдаған тікұшақ апатқа ұшырап, бірнеше адам қаза тапқан еді.