«Ресей ұрлаған астық» тиелген Қазақстан кемесі Түркияда тұр
"Ресей туын ілген" аты шулы "Жібек жолы" ақыры ұсталды. Ендігі тағдыры не болады?
Түрік кедендік қызметі «Украинадан» ұрланған астықты тиеп бара жатқан ресейлік жүк кемесін тоқтатты. Бұл туралы жексенбі күні Украинаның Түркиядағы елшілігі хабарлады.
Ресей туы ілінген бұл кеме соңғы күндері ақпарат кеңістігінде жиі атала бастады. Және қазақстандықтар үшін де үлкен қызығшылық тудырды. Өйткені, бұл кеменің аты «Жібек жолы», екіншіден, оның Қазақстанға тиесілі екені де айтылған. Артынша, ҚТЖ бұл кемеге байланысты мәлімдеме жасап, оның тиеп келе жатқан жүгінің заңды болатынына сенетіндерін айтқан. Артынша ресейлік Green Line ЖШҚ компаниясына (кемені жалға алушы) ҚТЖ «барлық растаушы құжаттарды (келісімшарттар, куәліктер және т.б.) қоса бере отырып, мән-жайды жедел түрде егжей-тегжейлі түсіндіруді сұрап хат жолдағанын» да хабарлаған.
Бұл кемеге тиелген жүктің заңсыз екенін, басып алынған Бердянск портынан тиелген жүктің Украинадан тоналған, ұрланған астық екенін айтып, Украина тарапы Түркияға жүк кемесін тоқтатуды сұраған.
«Бізде толыққанды әріптестік орнаған. Қазіргі уақытта кеме порттың аузында тұр, оны Түркияның кедендік қызметі ұстады», - деп хабарлады Түркиядағы Украина елшісі Василий Боднар ұлттық телеарна арқылы.
Кеменің жағадан 1 шақырымдай жерде, Қарасу портында тұрғанын Reuters агенттігі журналистері көргенін, оның айналасында өзге кеме жоқ, қозғалыссыз тұрғанын жазды.
Кеше ұсталған кеменің тағдыры бүгін, дүйсенбі күні тергеушілердің отырысында шешілмек. Украина тарапы астықтың кәмпескеленіп, кері қайтарлатынына сенеді.
Украина Ресей басып алған аймақтан астық тонады деп бұған дейін де айтқан, бірақ, ресми Мәскеу бұл ақпаратты жоққа шығарып келген. Ал, өткен аптада Украина Ресей оккупациялап алған аймақ Бердянскіден 4500 тонна астық тиелгенін хабарлады.
Әзірге Ресей тарапы да, порт әкімшілігі де, Түркия кедендік қызметі де бұл ақпаратқа қатысты нақты мәлімдеме жасаған жоқ. Тек Қарасу порты әкімшілігі кеменің ұсталғанын растап, одан ары қандай шара қолданатыны жайлы ешқандай ақпарат бере алмайтынын айтқан.