Жаңаөзенде жұмыс сұрағандар аштық жариялайтынын мәлімдеген соң әкім үндеу жолдады
Жұмысқа тұрғызуды сұрағандар алған бетінен қайтар емес
Бүгін Жаңаөзенде түс кезінде бір топ адам қала әкімдігіне барып, мұнай компаниясына жұмысқа орналастырмаған жағдайда аштық жариялайтынын мәлімдеді. Аталған жағдайдан кейін қалалық полиция бөліміне 17 адам жеткізіліп, прокуратура және әкімдік қызметкерлері түсіндіру жұмыстарын жүргізгені белгілі болды. Жиналғандар ескертуге қарамастан наразылық акциясын өткізетіндерін жеткізді. Талап қоюшылармен профилактикалық әңгіме жүргізіліп, кейін үйлеріне қайтарылған.
Сәуір айынан бері Жаңаөзенде мұнай компаниясына жұмысқа орналастыруды талап еткендер әкімдіктің мазасын алып-ақ жүр. Қала әкімдігі оларға бұл мәселені шеше алмаймыз деп ашығын айтқанына қарамастан, жоғары еңбекақы төлейтін жұмысқа тұрғызуды сұрағандар алған бетінен қайтар емес. Бүгінгі жағдайдан кейін жаңа қызметке тағайындалғанына көп болмаған Жаңаөзен әкімі Айдос Қосуақов үндеу жолдады.
«Бұрындары айтқанымдай барлығын бір уақытта мұнай-газ саласына жұмысқа орналастыру мүмкін емес. Мемлекет ұсынатын жұмысқа орналасудың барлық мүмкін нұсқаларын пайдалану қажет. Өкінішке қарай, біздің кейбір азаматтарымыз мұны тыңдағысы да, мемлекет берген мүмкіндікті пайдаланғысы да келмейді. Біз қолданыстағы алгоритм бойынша жұмысқа орналасу кезегін күтіп отырған адамдарға қиянат жасай алмаймыз. Әкімдік алдына наразылық білдіруге шыққандарды кезексіз жұмысқа орналастыра алмаймыз. Бұл әділетсіздік болады», - деді Айдос Қосуақов.
Оның айтуынша, әкімдік жұмысқа орналасудың басқа баламасын ұсынған. Яғни, жұмыс іздегендерге "Жұмыс жасаймын" жобасы құрылып, жалақысы 140-тан 280 мың теңгеге дейінгі бос жұмыс орындарының тізімі берілген. Бір айта кетерлігі, олардың көпшілігі үшін жоғары білімнің болуы міндетті емес көрінеді. Сондай-ақ, бұл жұмысқа орналасу мұнай-газ секторындағы кезегін күтуге ешқандай кедергі келтірмейді.
«Меніңше бұл ұсыныс – жұмыссыз жүргеннен жақсы, отбасыңызға қолдау болары анық. Жаңаөзенде өз шешімін талап ететін бірқатар мәселе бар. Әрине, оның бірі - халықты жұмыспен қамтамасыз ету. Бірақ көбінесе әріптестерімізбен бірге бар уақытымызды қаламыздың өзекті мәселелерін жүйелі шешуден гөрі митингілер мен ереуілдерге жұмсауымызға тура келеді. Біздің есігіміз сіздерге әрдайым айқара ашық. Көптеген қоғам белсенділері әртүрлі мәселелер бойынша түрлі комиссияларымыздың жұмысына араласып, қатысып келеді. Сіздердің көмектеріңіз әрдайым қажет және бірге одан да жақсы істерді атқара аламыз. Ортақ күш-жігерімізді халық мүддесіне жұмсай отырып, қаламыздың және оның азаматтарының өмірін жақсартатынымызға бек сенімдімін», - деді Жаңаөзен қаласының әкімі.
Әкім осылай дегенімен, «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның штатына жұмысқа алуды сұрағандардың ары қарай не істейтіні белгісіз. Себебі, бұған дейін бұл ұсыныс наразылық білдірушілерге бірнеше рет айтылған. Алайда компания басшылығы мен қала әкімдігі кезекте тұрған 9 мыңнан астам адамның құқығын таптай алмаймыз деп отыр.