Алаштың айбоз ұлы Смағұл Сәдуақасов

Смағұл Сәдуақасов (1900-33) – қазақтың ұлы қайраткері, Алашорда үкіметі мүшелерінің ізбасары, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері.1900 жылы Ақмола облысы Ақжар ауданы Жарқын ауылында туған. 1933 жылы Мәскеу-Донбасс темір жол құрылысында қайтыс болды.

Malim Админ

  • 29.09.2024

Ол қамшының сабындай қысқа ғұмырын қазақтың азаттығы мен теңдiгiне, қазақ елiнiң ел болып өркендеуiне арнады. Тiрлiгiнде Алаш жұртының азаттығын аңсаған қайсар ұл қылышынан қан тамған қилы заманға, тоталитарлық жүйеге қарсы тұрды. Жасынан саясаттың өтiнде жүрдi, ұлт азаттығы үшiн отаршылдармен айқасты. Кеңес өкiметiнiң қазаққа жасаған қиянатына қарсы шыққаны үшiн елiнен аластатылды. Жұмбақ жағдайда уланып, Кремль ауруханасында қайтыс болды. Смағұлдың денесi 1933 жылдың 16 желтоқсанында арнайы пеште өртеледi. Содан берi рухы мықты қайсар азаматтың күлi 78 жыл бойы Мәскеудiң Дон қабiрстанында топыраққа көмiлмей, құмыра iшiнде сақталып келген едi.

Он жасына дейін «Ғалия медресесін» бітірген өз әкесі Сәдуақас хазіреттен тәлім-тәрбие алып, одан кейін Әбіл молда мектебінде білімін жалғастырады. 1912-1915 жылдары Павлодардағы екі кластық орыс-қазақ училищесін бітіріп, бір жыл мұғалім болады да, Омбыдағы ауылшаруашылық мектебіне түседі. 1918-1920 жылдары «Центросибирь» кооперативтер бірлестігінде қызмет етеді. 1920 жылы Орынборда Қазақстандағы алғашқы жастар ұйымының хатшысы болып сайланады.

Сол жылы жаңа құрылған Қазақ Автономиялы республикасының үкімет басшылығына қызметке алынады. 1925-1926 жылдары «Еңбекшіл қазақ» («Егемен Қазақстан») газетінің жауапты шығарушысы, әрі «Қызыл Қазақстан» («Ақиқат») журналының редакторы, 1925-1927 жылдары Қазақ АССР Халық ағарту комиссары, 1927-1928 жылдары Ташкенттегі қазақ педагогика институтының ректоры қызметтерін атқарды.

1928-1932 жылдары Мәскеу көлік инженерлері институтын оқып бітірген соң Мәскеу-Донбасс темір жол құрылысында инженер-құрылысшы болып еңбек етті.

Мемлекеттік, қоғамдық қызметпен қоса әдеби-ғылыми шығармашылықпен айналысып, сол кезде шығып тұрған қазақ, орыс тілдеріндегі көптеген газет-журналдарда саясат, шаруашылық, ел ісі, мәде­ниет, әдебиет, өнер, тарих мәселелерін сөз еткен мақалалары жарияланды.

С. Сәдуақасов «Еңбекшіл қазақ» («Егемен Қазақстан») басылымды екі рет (1921 жылы қаңтар – 1921 жылы ақпан және 1925 жылы қаңтар – 1926 жылы сәуір) басқарған кісілердің бірі.

Смағұл Сәдуақасовтың бүкіл қайраткерлік, азаматтық болмысы жарқырай танылған кезең 1925-1927 жылдар еді. Бұл кезде ол республика халық ағарту комиссары, әрі өлкелік партия комитетінің бюро мүшесі болды. Бұл кезең сонымен бірге Ф.И.Голощекиннің Қазақстан өлкелік партия комитетін басқару кезімен дәлме дәл келеді.

С. Сәдуақасов мен Ф.Голощекиннің арасындағы келіспеушілік, қақтығысты тарихшылар төрт түрлі мәселеден сабақтап жүр. Олар біріншіден, мекемелердегі іс қағаздарын қазақыландыру, екіншіден, қазақтың оқыған, көзі ашық зиялы қауымына деген көзқарас, үшіншіден, байлар мен орташаларға деген көзқарас, төртіншіден, өнеркәсіпті дамыту.

Асыл азамат 33 жыл ғана ғұмыр сүріп, 1933 жылы Мәскеу-Донбасс темір жол құрылысындағы апатта қайтыс болды.