Шекара. Зауыт-фабрика қаптап тұр. Жұрт көшіп кетіп жатыр
Шекара бойында зауыт, фабрика салынып, халық қалың нөпір боп келіп, жаппай қоныстанып жатыр. Шекара бойында мектеп, мәдениет үйі, спорт алаңдары салынғалы жатыр. Онсыз да қатары сирек жұрт болса, ол жерден қашып жатыр.
Шығыс Қазақстан облысындағы Тарбағатай ауданына қарасты Қамысты ауылына жол түсті. Аудан орталығы Ақсуаттан 130 шақырым жерде ғана. Жергілікті өлшем бойынша алыс та, жақын да емес. Елдің шеті, желдің өтіндегі Қамыстыда бір ғана жерде жұмыс бар. Ол - мектеп. Ал ол мектепте бар-жоғы 30 бала ғана оқиды.
«1996 жылға дейін бұл мектепте 250 бала оқыпты. Кейін Ақжар аудан орталығы статусынан айырылғаннан кейін, жергілікті тұрғындар үдере көшті. Соған байланысты бала саны да азая бастады»,- дейді мектеп директоры Серік Хамитжанов.
«Алдағы жылдары бала саны көбеюі мүмкін бе?». Директор үнсіздікпен жауап берді. Сабақ оқымаған баладай. Сабақ оқымайтын баланың өзі Қамысты үшін, осындағы жабылуға шақ тұрған жалғыз мектеп үшін аса қадірлі.
Қамыстыда кезінде жүзден аса үй болыпты. Қазіргі таңда үштен бірі ғана қалған. Осы ауылдың байырғы тұрғыны Асқар Жақиянов көшіп кеткен ағайындарын жазғырмайды. Бірақ, үй орнында қалған үйіндіні көрген сайын көңілі құлазып кететінін айтады.
«Шекара шебіндегі ауылмыз. Халық басқа өңірге көшіп кетіп жатыр. Өйткені жұмыс жоқ. Зауыт-фабрика жоқ. Ауылда мал ұстайтындар ғана отыр. Төрт түліктің өзін пайда үшін емес, күнделікті қажеттілікке әрең ұстап отырмыз.
Балаларының болашағын ойлап жылдан жылға адамдар көшіп жатыр. Тұрақтау үшін жағдай жасаса»,- дейді Асқар Жақиянов.
Жағдай жасауға келгенде облыс әкімі Даниал Ахметовтің өз жоспары бар.
Шығыс Қазақстан облысындағы шекаралық 5 аудан халқының өмірін жақсартуға 2020-2024 жылдарға жоспар әзірлеп, оған 218 млрд теңге еншілеп те қойған. Даниал Ахметовтың сөзімен айтсақ, «шекаралық аудандардың шырайын кіргізіп, тұрғындардың жағдайын жақсарту үшін атқарылатын шаралардың нақты жоспары жасалған. Шекаралық бес ауданда спорт модульдер, тұрғын үйлер, денсаулық сақтау, мәдениет нышандары, мектептер салынуда».
Алайда, шекара шебіндегі ауыл тұрғындары арғы бетке бір қарап, бергі беттегі уәделі тірлікке, әкім сөзіне селсоқ қарайды. Неге десеңіз,
Қытай үкіметі шекара бойына жол салып, завод, фабрика тұрғызып жатыр. Ішкі Қытайдан халықты көшіріп әкеліп жатыр. Ал Қазақстанның шекарасы бойынан халық керісінше, көшіп жатыр. Оларға өкпелеудің реніші же жоқ. Өйткені қазақ жерінде отырып, Қытай ұялы байланысына тәуелді боп қалған жұрт көшпегенде не істейді?
Шекаралас аудан орталығынан 200 шақырым шалғайда жатқан, жаһанданудың жаңғырығы жетпеген Жаңаталап ауылы бар. Әлі күнге дейін интернеттің не екенін білмейді, ұялы байланыс атауымен жоқ. Есесіне телефоныңа көрші елдің операторы әп сәтте кіріп, қалтаңды қағып, бірлігіңді жұтып қояды.
Интернеттің жоқтығынан коронавирус індеті кезіндегі қашықтықтан оқуда осы ауылдың студенттері айдаладағы қаладан пәтер жалдап, білім алған. Бұл шығын онсыз да жұмыссыз, азын-аулақ төрт түліктің бетіне қарап отырған ауыл тұрғындары үшін біраз қиындық туғызыпты.
«Ұялы байланыс болмағандықтан, балаларымызды еріксіз қалада тұрғызып оқыттық. Айына пәтерге 50 мың теңге төледік. Ал ауылда ғаламтор болған жағдайда елдің балалалыр сияқты өз үйінде жатып, оқитын еді»,- дейді Күлшайхан Нұрахметова.
Шекарадағы ауылдар бүгініне емес, ертеңіне алаңдайды. Жыл сайын адам санының азаюы халықтың арқасына аяздай батады. Өйткені ауылдан бір отбасы көшсе де мектебі ойсырап қалады. Ал ауылдардағы жалғыз жұмыс орны мектеп қана. Білім ошағы жабылса, ауылдың келмеске кеткені дей беріңіз. Шығыстағы шекара шебіндегі Күршім ауданына қарасты Марқакөл ауылында да жыл сайын халық саны азайып келеді. Әр түрлі жағдайлар елдің көшіп кетуіне әсер етіп отыр. Бұрын аудан орталығы болған Марқакөлдің жағдайы да қазір мәз емес. Табиғаты әсем, сұлулығы көз тартатын өңір иесіз, бос қалуда.
«Елімізде жабылған аудандарды қайта жаңғырту бойынша Алматы облысында сәтті іске асқан болатын. Оған дәлел төрт жылдан астам уақыт бұрын шекаралық Нарынқол қазіргі Райымбек аудан статусына ие болып, бүгінде жағдайы жақсарып, біртіндеп оңалып келеді. Ал Шығыстағы Тарбағатай ауданының бүгінгі таңдағы геосаяси маңызы өте зор. Бірақ ол жақтан халық көшіп жатыр. Көшті тоқтатудың бір амалы сол жердегі инфрақұрылымды қалыпқа келтіру және ширек ғасыр бұрын таратылған аудандарды бұрынғы статусына қайтару. Мемлекеттік дәрежеде ойлау деген осы болар»,- дейді мәжілісі депутаты Ерлан Сайыров.
Шекара шебіндегі жұрт әкімнің де, депутаттың да айтқандары дұрыс, бірақ, мұндағы тірлік мүлдем басқа дейді. Расымен де, жанын әрең бағып отырған шекара бойындағы халықтың мемлекеттік дәрежеде ойлауға, мемлекеттік дәрежеде шешім шығаруға шамасы жоқ қой. Ал олар үшін мемлекеттік дәрежеде ойлайтындардың бүгінде сөздері ғана әдемі болып тұрғандай.
Сәке Әкімбай