Жалпыұлттық карантин режимі алына бастады
Әлем елдерінің арасында коронавирус анықталмаған санаулы елдермен қатар бірқатар карантин жарияламаған да елдер болды. Дегенмен, әлемге ортақ басты шара – карантинге жабу. Еуропа елдерінің ішінде қатаң карантинге алғашқы мемлекеттердің бірі болып жабылған Чехия бүгіннен бастап карантиндік шектеулерді алып тастады. Бұл туралы Malim.kz сайты Азаттық Радиосына сілтеме жасап хабарлайды.
Наурыздың ортасынан бері карантинге жабылған Чехия – карантинді алып тастаған алғашқы мемлекеттердің бірі. Енді (24 сәуірден бастап) Чехия тұрғындары еркін жүре алады, шетелге шыға алады (Қайтқаннан кейін екі аптаға созылатын карантиннен өтуі тиіс). Он адамнан аспайтын топ болып жинала алады. Және 27 сәуірден бастап аумағы 250 шаршы метрден аспайтын орталықта орналаспаған дүкендер ашыла бастайды. Бұған дейін мұндай дүкендер мамыр айының соңында ашылады делінген еді. Фитнес-орталықтар, зообақтар, жоғары оқу орындары қайта ашылады. Бұдан ары 11 мамырда сауда орталықтары, шаштараз, массаж салондары, музейлер жұмыс істей бастайды. 25 мамырда дәмхана, мейрамханалар жұмысын қайта бастайды.
Дегенмен, шетелге шығуға рұқсат берілгенмен, шетел азаматтарының елге кіруіне қашан рұқсат берілетіні әлі белгісіз.
Чехияда бұған дейін 7 мыңнан астам адам коронавирус жұқтырып, 2 мың адам жазылып шықты. 210 адам қайтыс болған. Соңғы уақытта ауру жұқтырушылар саны азайып, жазылып шыққандар саны артқан. 23 сәуірдегі көрсеткіш бойынша вирус 6 адамнан анықталған.
Айта кету керек, Қазақстандағы карантиндік режим сәуірдің соңына дейін жалғасады. Президент Тоқаев «бұдан арғы шешімді жағдайға қарап шешетінін» айтқан.