Алтынбек Мерсадық. Күзгі әуен
Түс көру
Бүгін менің түсіме Жайығым енді,
Жайықта жүзген желкенді қайығым енді...
Боз бала шақтың бұлыңғыр елесі сынды –
Санада қалған самарқау сөздерді аңсадым,
Жағада қалған аңғалдау кездерді аңсадым...
Айыбым ба еді?..
Қираған үйлер, тар жолдар түсіме енді,
Түсіме енген бейнелер кішіре берді...
Баянсыз бақтың жылт еткен жебесі сынды –
Орманды кезіп, адаспай жолсыз жүргенім,
Қарақат терген қайғысыз, қамсыз күндерім,
Бақытты сәтті есіме түсіре берді.
Үйіме ескі қоршаулы жиі түнедім,
«Көршіме кейде қисынсыз кейитін едім...»
Қасіретімнің шынайы үлгісі сынды –
Ауылдан ұзап, дөң жаққа қарағанымда,
Білмеймін, жаным жазықсыз жараланды ма...
Әкем мен атам жерлеулі бейітін көрдім.
Қиялға шомып, қызықтап жүр едім маңды.
Көтеріп жердің жусанын білегім талды.
Сағынышымның сап-сары белгісі сынды –
Басыма қайғы байқатпай таңылғанында,
Сары уайым меңдеп, ауылды сағынғанымда,
Шұрқырап түзде жылқыдай жүрегім қалды.
Шұрқырап түзде жылқыдай жүрегім қалды...
Мекен аңсау
Анау мақтадай ақ бұлттардың арасында періштелер жүр деймін...
Қардан да үлбір бұлттарға сияды санам.
Мүмкін, кейде періге келіскен өңі.
Бұл – тек менің қиялым ғана.
Менің балалық армандарымның іздері осында қалған.
Құшағын жайып, алыстан алдайды сағым.
Менің ересек ессіз кезіме қосылмай қалған,
Қайдасың, аңқау солмайтын шағым?
Анау жап-жасыл далада жұмақтың гүлі бар деймін.
Мүмкін, тозақтың қып-қызыл оты бар шығар.
Топырақ тиген алақаныма,
жүрегім жылынар деймін,
Сағынсам сені, санамда оқылар дұғам...
Анау көкшулан өзенде...
Су шашып ойнаған бақытты сәттерім қалған.
Мүмкін, тереңдіктен қорқып, қиналған шақтарым жатыр.
Өзеннен арғы бетке өтер өткелім болған,
Өткелден өтіп, «Өмірге» аттадым батыл.
Суынан туған өлкемнің қылғытып алдым,
Бәлкім, қан болып ыстық денеме құйылар дегем.
Менің кіндігім шіріген мекеннен
бір күні мәңгі,
Топырақ дәмі бұйырар ма екен?..
Бетховен. Ай сонатасы
Қайтадан, тағы қайтадан,
«Ай сонатасын» қой, панам!
Талғат Ешенұлы
Әуенін естіп, иілсем меңіреу Айдың,
Болмыстың арғы шетінен көрінер қайғым.
Түн болып сөзден бүрлесе естеліктерім,
Мұң болып көзден ып-ыстық төгілер айдын.
Кірпік ұшына ілініп бозамық сәулем,
Топырақ- жаным, ұялса сазарып жерден.
Шомылып Айдың мөп-мөлдір шұғыласына,
Мертіккен ойдан айығар, тазарып кеудем...
Көл толқып, тербеп... түйсігім ымдаса маған,
Жамалын Айдың жанарға ұрласа санам.
Қажыған... бір сәт көңілдер нұрланар ма еді?
Бетховен үнін жүрекпен тыңдаса Ғалам.
Көктегі тәнім зерлі аспан төсінде жатса,
Балқиды жаным жұлдыздар көшіне батса...
Елесін кезем осылай ессіз сұлбаның,
Жабырқау көше жарығын өшірген шақта.
Назды саз елтіп, құлаққа төгілген тұста,
Қолымды созам қанатсыз көрінген құсқа.
Кеудеде жатқан тереңнен өрілген бұл үн –
Өлімнен биік болғанмен, өмірден қысқа...
Тұманды ойлар тұмшалап, торықтырғанда,
Жалғыздығымды жолдағы жолықтырғанда.
Тыңдағым келе береді «Ай сонатасын»,
Төбемнен сары уыз Ай төніп тұрғанда...
Апперцепция
Өмір, Өлең, Өлім – менің тағдырым!
Тағдырымнан кейде теріс айналдым.
Басқа түскен сордың санап әрбірін,
Көз ұшында өткен жолға байландым.
Ойсыз жаны мейірімге қанбаған.
Сұм ғасырдың балын, уын жұтқам мың.
Мені, сені – бәрімізді алдаған,
Өмірімнің «өтірігін» ұққанмын.
Қанды жастың қасиеті ұмыт қап,
Тексіздерге бәлкім, текке кектендім.
Күнә басқан Ойларымды құлыптап,
Қара жерге көміп тастап кеткенмін.
Аққан тамшы – бәз біреудің тағдыры...
Тамшы-ғұмыр тылсымын да кезгенмін.
Көктен жауған «нұр» дейді жұрт жаңбырды,
Мен жаңбырдан Ажал иісін сезгенмін.
Сезіп мәнін, кезіп бәрін Ғаламның,
Өзімді-өзім «өлтірмеуге» ұмсындым.
Зор сенімін артып бойға Адамның
Ар алдында ауық-ауық күрсіндім.
Келген жолдан енді кері қайта алмай,
Өмір бойы өлең жазып өтермін.
«Ақын болам» деп жүргенде байқамай,
Жерден ауыр жебір мұңды көтердім.
... Мен бір бейбақ екенмін.
Ақталу
Өткенім,
Бүгінім,
Болашақ сен үшін...
Жүрек, Ми, Түйсігім... Бәрі де келісім.
Ақиқат – Құдайдың кіршіксіз бейнесі,
Тағдырым, таңдауым... таяқтың тең ұшы.
Топырақ – тәнім де, ойларым – сүйегім,
Арымның өлшемі рухымдай киелі.
Қайғысын жанымның тапжылмай көтерген,
қарызым «қаныммен» өтелген,
Жұмыр Жер жүрегін...
сүйемін!
Vasumitra
Сырға толы сөзінен Түн ағардай,
Мұңға толы көзінде күнә бардай.
Жан сыздаған жүрегі іштей ұлып,
«Арсыз тәнін қара жер, Құдай алмай»,
Ол кетті...
Заңдылыққа жазылған бағына алмай,
Азапты ойдан, үрейден арыла алмай.
Жаңбыр болып құйылған көз жасында,
Тағдырға айтар наласы, зары қалмай,
Ол кетті...
Көп ішілген, шегілген қасіреттей,
Қартаюға, сүюге жасы жетпей,
Өзегіне қан құйған қасиеттей,
Дүниеге айтылған өсиеттей,
Ол кетті...
Ол кетті Өмірден...
Сағыныш
Белгісіз жақты... бейуақта сағына берем,
Белгісіз жырлар жазылар жадыма менің.
Сағынышымның куәсі – тағы да Өлең.
Тағы да Өлең... бұйырды бағыма менің.
Ойлардан қашқым келеді өзімді жеген
Барлығына да себепші – айыпты арман.
Тамшыдан ауыр мұң жоқтай сезілді неге?
Аруды аңсап жүрмін бе Жайықта қалған?
Санамды кезген сұрақтан жаңылмас едім,
Кетсем де ұзап жыраққа... алжасып ардан.
Тағдырға өкпе айтқанмен, табылмас емі...
Жаңбырда жанның жаралы көз жасы қалған.
Сезсем де қалай бітерін сезімнің соңын,
Мөлдіреп көзге көрінер көктегі мекен.
Өзіңді сүю – өз бағым, өзімнің сорым,
Өзіңе жаным, қалайша кектенед(і) екем?
Есімде қалған естелік сынықтары еді,
Өртегім де келмейді өзегімді өшпен.
Зулаған жылдар зымырап... ұмытсам сені,
Тулаған Жүрек соғысын сеземін іштен.
Күзгі әуен
Көңілсіздік жаулаған сиқым күзгі,
Түн ішінде құлазу...
ұйқысыздық...
Бүгін тағы біреуде өшім қалып,
Сәл мұңайдым өткенді есіме алып.
Кейде мұңым жанымнан үркігендей,
Айна алдында отырмын кірпік ілмей...
– Тәңір, кімді жаратқан мұңсыз етіп?
- Бұ Жалғаннан кетем бе үнсіз өтіп?
Көзім сүзіп күмән мен ақшыл ойға,
Терезеден телмірем тақсыр Айға.
Түннен ауып, сезімге тұнады ішім,
Өлең ғана – өмірлік жұбанышым.
Мейірлене тарайды көзімнен нұр,
Ғашық жанның бәрі де – сезімге құл.
Түйсік сезіп, бір ғана білетінім:
– Ести алады екенмін «жүрек үнін»
Жанарымның ішінде аласарып,
Шақырады қай жаққа қала шамы?..
Жиегіне жасырын Өлең қонған,
Үнсіз қолын бұлғайды керең жолдар...
Эксперимент
Таяздау санамның,
шексіз кеңістігі ішінде... қап-қара нүкте жатыр.
Мен оған жақындаған сайын, ол менен алыстай түседі.
Менің оған оралғым келеді...
Өткенге «қайта оралу» секілді,
Алдымнан шұбырған балалар жүгіріп шығады.
Күлкісі риясыз, шаштары кекілді.
Уақыт табы... Бәрібір, дегенін жасайды,
Көзімнің алдында көлбеңдеген елестерге тек сағынышпен қараймын.
Өзімнің дәрменсіз кейпіме күйіп,
Өзімнің өткерген тәтті естеліктерімді жиып,
Жасаған күнә мен сауапты Ар сотына салып,
Ұятыммен өлшеймін һәм санаймын.
Мен қаласам да, қаламасам да...
Адамдардың хайуандығы немесе хайуаннан да бетер тіршілігі жалғаса береді.
Кейде содан жүрегім айнып, құсқым келеді.
Кейде содан жындана жаздап, ішкім келеді...
Бәрібір, қап-қара нүктеге қол созып... үңілгім келеді.
Жеткім келеді Сана түкпіріндегі нүктеге.
Өмірдің менсіз- ақ жалғаса берерін білсем де,
Уақыттың қайталанбайтынын, сағаттың бір бағытта сырғитынын көрсем де,
Өзгерткім келеді өзімді, сосын Дүниені.
Мен солай бақытты болғым келеді,
Түсімде де көрмеген сезімдерді кешіп,
Шетсіз де шексіз теңіздерден өтіп,
Мен солай Бақытты болғым келеді,
Бастапқы нүктеге жетіп...
***
Дөңгелек тағдырым...
Сусыған ақ мамық бетінде,
Ол кезде...
Мендегі балалық аңсар-ай, ақылы – он сегіз, арманы – жетіде.
Жүрдім көп, жанымды қоярға жан таппай,
Тұрдым кеп, уақыттың шеңгелін бұзатын
Үскірік боранның өтінде.
Тәп-тәтті сөздер-ай...
Арбалған, алданған тым аңғал досымдай,
Ол кезде...
Өзгеге ермеуші ем, ездерге қосылмай.
Алдымнан жарқырап шығады өткенім,
Жадымнан жоғалып барады сәттерім,
Қап-қара түндегі жұлдызды қосындай.
Кеңістік ішінде тербелген уақытым...
Ең асқақ ойларға бастамай, ең асқақ қиялым үшін де ұша алмай.
Ол кезде...
Мендегі жүрексіз сезімдер санама салынған тұсаудай.
Тәнімнің жасанды қылықтан шаршауы,
Жанымның балалық қылықты аңсауы,
Өмірден алынған
өлшеусіз ең ұлы мысалдай.
Ол кезде, ол кезде..