"Әжеміздің ғасыр тойында тік тұрып қызмет етеміз деп уәделесіп едік қой, Бейсаға!"
- Әй, батыр, жүр кабинетке. Екеуіміз ақылдасып, бір той өткізіп жіберейік. Ағамды Мәскеуден алып келдім. Тағы бір емін алды. Қазір өзін жақсы сезініп жүр. Осы көңілді сәтін пайдаланып, бір той жасап беру керек. Ертең алай-бұлай болып кетсе: "Көзінің тірісінде бір тойын жасап бермедік-ау", - деп өкініп жүрмейік деген ой ғой, - деп "Жетісу-Медиа" ғимаратының алдынан мені ертіп, кабинетіне қарай келе жатып, екеуіміз өткізетін тойдың жайын айтып үлгерді. Кеудесін тік ұстап, алшаң басқан жүрісімен әне-міне дегенше кабинетіне де кірдік.
- Кел, батыр, отыр. Біздің әулетті жақсы білесің. Біраз қуанышымыздың тізгінін өзің ұстадың ғой, осы жолы да саған қолқа салайын деп тұрмын. Той көкемдікі болғанымен "АНАҒА ҚҰРМЕТТІ" көрсетуіміз керек. Көкем мен тәтем қонақтардың арасында жүре береді ғой. Төрде шешем үлкендермен отырады. (Өзі шал-кемпірге табиғы болғандықтан, шешем деп отырғаны әжесі еді). Сенің тарапыңнан негізгі внимание шешеме болсын. Жетпіс жылдық жайлы қонақтардың бәрі айтады. Бұйырса, түскі бірде бастаймыз, бес жарым, алтыларда аяқтаймыз. Өзің де шаршамайсың, өзгелер де шаршамайды", - деп тойдың жобасын түсіндіре келіп: "Азғантай информация бергенім ғой. Әйтпесе, саған той басқаруды үйретейін деген ойымда жоқ", ~ деп сөзін аяқтап, Абай ағамыз жайлы біраз әңгіме айтты. Бірер мәрте Мәскеуге апарып келгенін, алған емінің нәтижесі жақсы болғанын айтып, өзі де ерекше көңіл күйде отырды.
Мерзімді уақыт келіп, тойымыз уақытында басталды. Әжемізді таққа отырғызып, немерелері көтеріп кірді той залына. Абай ағам мен Ямалиға тәтем соңынан еріп отырып, төрдегі дастарқанға әжемізді жайғастырып, өздері Бейсағам айтқандай қонақтардың арасында жүрді.
Шыны керек, сол той менің де ерекше шабыттанған күнім болды. Бейсекең айтса, сыйластықтың көрінісін көрсетіп, Алматыдағы танымал әншілер де жапырыла көшіп келер еді. Талдықорған төріндегі әнші-бишілер де бірауыз сөзін жерге тастамай тайлы-таяғы қалмай келетіні де ақиқат еді. Бірақ, Бейсағам өйтпеді. "Олай етсем, мен өзімді жарнамалағандай болам. Оданда осындағы үш-төрт іні-қарындасыма айтайын, сол да жетеді. Ар жағын өзің қатырасың батыр", - деген сөзінде тұрды. Бейбіт Мұсаев бастаған, Дамир, Әліби інілері мен Гүлнұр қарындасы тойды дәстүрлі ән мен күйдің ауанында тербетіп отырды. Поззия да оқылды, би де биленді. Әсерлі әңгіме мен әдемі әзіл үйлесім тапқан той болды.
Ал қазір сол бір әсері бөлек, әдемі күн жалғанның парағымен жабылып, сағынашқа айналып барады. "Көкемнің көзінің тірісінде бір той жасап бермей, өтіп кетсе өкініп жүрмейін", - деген Бейсағамның өзі әкесі Абай ағамыздан, анасы Ямалиға тәтемізден бұрын кетіп қалды. Жалған-ай десеңізші! Кәрі кете ме, жас өте ме? Бәрі Лаухулмаһфуздағы тағдыр тақтасына әу баста жазылып қойған ғой. Өтпелі уақыт, өлшеулі өмір. Аунаған бұлттай кімнің басынан қай күні ауа көшетінін пенде баласы қайдан білсін. Әйтпесе, Бейсағам мәңгі өмірге осы жаста өте қоятын жан ба еді? Бергенінен берері, көргенінен көрері көп емес пе еді?! Жалған дүние-ай! Екеуіміздің өткізетін тойымыз көп еді ғой, Бейсаға. Әжеміздің ғасыр тойында тік тұрып қызмет етеміз деп уәделесіп едік қой, Бейсаға! Сіз ұйымдастырушысы, мен тізгіншісі боламыз деп едік қой сол тойда да.
Ойда жоқта сыр берген сырқаттың бірден өршіп, өмір-керуеніңізді ерте тоқтатады деген кімнің ойында болды десеңізші?! Қырқыңызды берейін деп жатқанда қазақтың маңдайына өзіңіздей ай маңдай ұлды сыйлаған аяулы ана жүрегі мәңгілікке дамылдады. Сізді қимай-қимай қара жердің қойнына табыстағаннан кейін төрт ай өткенде асқар тау әкеңіз де қасыңызға барып, кішкентай ғана төмпешікке айналды. Біріңіздің артыңыздан біріңіз ілесіп кете қалғандарыңыз-ай!
Жылағанды жұбатып, құлағанды сүйеймін деп жүріп, өзіңізге қарамапсыз. Бір кем дүние... "Орнында бар оңалар" деген елдің ұрпағымыз ғой. Артыңызда қалған асылдарыңызға Алланың берер жақсылығы таусылмай, көрер қызығы көп болсын!
Шаңырағыңызды шайқап кеткен қайғының бұлтын сейілтетін тойдың дүбірі қайта жаңғырсыншы. Ұясынан ұшайын деп тұрған қарлығаштарыңызға Алла ұзақ ғұмыр берсінші. Жағаңызды кірлетпеген, өзіңізді соңғы сәтке дейін "СІЗ" деп құрметтеген Гүлмира жеңешеме Алла ұзақ өмір нәсіп етсе екен. Ойда жоқта үзілген әннің жалғасын сол кісі айтса екен.
Бүгін жаңадан ғана қырық тоғызға толатын едіңіз ғой, Бейсағам! Қамшы сабындай келте ғұмыр-ай!
Мейірімді Алла мәңгі өміріңізде ЖАҚСЫ АДАМДАРДЫҢ қатарына қосса екен. Жақсы адам! Жақсы ағам!
Жұматай Оспанұлы, ақын