Жарымес

Қаз-қалпында

Malim Админ

  • 14.08.2021

Атының өзі бір түрлі ызғар шашып тұратын бұл мекенде жатқаныма біраз болды. Бұрын тұсынан өткенде денем түршігіп, жүрегімді қорқыныш пен аяныш қатар қысып, ауруханада ауласында көлеңкедей жылжып жүрген адамдарға аянышпен мүсіркей қараушы едім. Бейне мұнда мен емес әлдебір басқалар жатуға тиіс секілді көрінетін. Пендешілік-ай десеңші!..

Қаланың қақ ортасында тұрған осы мекеннің сырты жасыл ала жарқын бояулы болғанмен, іші мұңды, сұрқай. Кім жоқ мұнда? Әнші де, ақын-жазушы да, суретші де, тіпті бір атақты спортшы да жатыр. Өрімдей қыз-жігіттер тіпті сәбилер жатыр. Осыларды көргенде, өз мұңым түк еместей сезілді. Дауасыз дертке шалдыққанын біле тұра, ақыл-есінен адаспай, адамдық қасиетін жоғалтпай, өлімді өмірдің жалғасындай қабылдап жатқан ерік-жігері мықты адамдарды да көрдім. «Енді маған бәрібір» деп араққа салынып, азғындап кеткендерді де көрдім. Пенде – тозақтың түбінде де пенде екен ғой. Осы жерде алуан түрлі тағдыр, алуан түрлі мінез, алуан түрлі адам көрдім.

... Операциядан кейін бір палатаға әкелді. Жатқан үш әйелдің де жағдайлары мәз емес-ау. Ешқайсысы қозғалмады, басын көтермеді. Тек анда-санда ыңқыл мен ыңырана қиналғандары естіледі. Қарсы төсекте жатқан қартаң орыс әйелі әлдебір кітапты сыбырлап оқып жатыр. Библия ғой деймін. Содан басқа еш нәрсеге назар аудармайды. Бір кезде палатаға шынардай сымбатты, шашы, көзі, қасы қап-қара әдемі жас жігіт кірді. Бұл жаңағы орыс әйелдің ұлы екен. Келе, шешініп, анасын аймалап, сулы мақтамен бет-аузын сүртіп, шашын тарап, астынан дәретін алып, аузына қасықпен тамағын тосты. Әлсін-әлі анасын аялап сүйіп қояды. Күніне үш уақ келеді. Анасы ол келген кезде ыңқылын доғарып, сауығып кеткен адамдай жасанды кейіпке түседі. Тек баласы қанша өтінсе де тамақ ішпейді. «Жаңа ғана медбике ішкізіп кетті» деп өтірік айтады. Мен жігітке қайран қалдым. «О, Алла, орыста да құдайға қараған, адал сүт емген бала болады екен-ау» деп таңдандым.

Бірде мен сол балаға: «Сен кино-актер емессің бе, бір түрлі жүзің таныс» деп едім, ол күлімсіреп: «Онда сіз «Модалар журналын» қарайтын болдыңыз ғой» - деді. Иә, әрине, енді есіме түсті. Үнемі сол журналдан түспейтін еді. Сөйлесе келе білдім, ұлты – украин, қайбір жылы «Мисс Қазақстан» болған қыздың сіңлісіне үйленіпті. Яғни, қазаққа күйеу бала. Бірақ осы сұлу жігіттің өзін сүйген, тиген қыз жігіттің ауру анасына бір рет те келмеді. Бірде әйелден: «Не үшін тамақ ішпейсіз, не үшін балаңызға іштім деп өтірік айтасыз» деп сұрадым. «Библия маған қуат береді, қарнымды ашырмайды. Жалғызыма масыл болғым келмейді. Әйтеу жазылып кетпегесін бұл өмірді несіне соза беремін», - деді. Мен әлгі әйелдің тәуекелі мен қайратына таңғалдым. Міне, баласы үшін неге барады ана! Мен жылап жібердім. Ал әлгі әйел титтей де босамай, ары қарай дұғасын самбырлап оқи берді... Осы бір ғажап мықты әйел мен оның тәрбиелі, ақылды ұлы әлі көз алдымда.

Бірақ баланың бәрі осындай болса, кәнекей? Мені біраз күннен соң басқа палатаға ауыстырды. Құдайым, мұнда да әлсіз ыңыранып ауыр науқас әйел жатыр. Бас жағында жарбиып біреу отыр. Тегі күтіп қрайтын адамы. Мұнда ауыр науқастарға қарау үшін бір адам алады екен. Тек оған төсек те, тамақ та берілмейді. Менің келгеніме бірнеше сағат болды. Әйел қайта-қайта қинала ыңыранып «су, су» дейді. Мен қасындағы күтушісіне қараймын. Ол ештеңе естімегендей меңірейіп отыр. «Су бер анаған» деп ымдадым. Ол мағынасыз меңірейіп қарайды. Тегі ақыл-есі кемдеу сияқты. Жатқан әйел тағы да ыңырсып: «Толик, су, су» деп еді, әлгі міскін атып тұрып әйелді қойып-қойып жіберді. Әйел жым болды. Бірнеше минуттан соң науқас әйел тағы жалынып, зарланып су сұрады. Жарымес атып тұрып, оның басын қос қолдап ұстап, қабырғаға соға берді, соға берді. Тұратын күйім болса, тұра қашар едім. Жан дауысым шығып: «Медбике!» деп айғайлай бердім. Жүгіріп кірген медбике әлгіні әрең ажыратып алды.

Мен айғайға бастым. «Тапа-талтүсте кісі өлтіртіп қоясыңдар ма? Жүрегіміз жарылып өлетін болдық қой, түге. Тіпті аурулар палатасына жарымес адамды қалай кіргізесіңдер? Ол басқа біреуімізді де қылқындарса кім көреді? Шақырыңдар бастықтарыңды. Мен қазір журналистер шақыртам, Алматы дейміз. Жанына шипа іздеп жанұшырған адамдар облыстан Алматыға келеді. Сөйтсек бассыздықтың бәрі Алматыда екен ғой» - деп дірілдеп-қалшылдадым.

– Апай-ау, мұндайлар көп. Қайсы біріне үлгереміз. Негізі операциядан кейінгі

күтіміне өздері жауап береді. Қасында туған сіңлісі отыр. Бай бизнесмен ұлы бар. Дұрыс күтуші жалдаса болар еді ғой. Мұның жынды екенін біз қайдан білейік, - деді біреуі. «Бір жағышы, - деді  манадан сағызын шайнап беймарал тұрған толық ақсары медбике, - бұларға обал да жоқ. Бір-ақ бала табады. Оның өзін қуып жіберіп, өздері ішеді, қыдырады. Қартайғанда қалады өстіп».

Медбикелердің еті өліп кеткен сияқты. Жүздерінде шошу да, таңдану да, аяу да жоқ. Науқасқа су жтқызып, жарымеске зекіп ұрысты да шығып кетті. Мен енді ғана жарымеске зер сала қарадым. Шашын еркектерше тақырлап алдырған. Үстінде әбден тозығы жеткен еркектің костюмы. Түрінің сары не қара екені де белгісіз әлгі міскінді бір қарап әйел не еркек екенін ажырату қиын. Науқас әйелдің бас жағында бір орындықта ағаш басындағы қарғаша жарбиып қалғиды да отырады. Бұл да ештеме ішкен жоқ. «Жылы-жылы сөйлесең, жылан інінен шығады» деуші еді. Мен Жарыместі сөзге тарттым. «Айран, тоқаш, колбаса ұсынып, «же» дедім. Ол маған ашумен жалт қарады, торала бетіндегі алақандай жасыл көздерінен ызғар шашып тұр. Әбден жұлмаланып мезі болған мысыққа ет тастасаң, бірден бас салмай, анадай жерде арқасын күжірейтіп, ызғар шаша пырылдап тұрушы еді. Бұл да сол секілді. Менің жылы сөздерімнің шындығына сенбей, маған өшіге, жауыға қарап, көпке дейін тамаққа жоламай қойды. Жарымес болса да бір сәт бойында қалған бір мысқал адами қасиет – тәкаппарлығы оянды, білем, кішкене тақыр басын кекжите көтеріп, мойнын әрі бұрып әкетті. Бірақ асқазан кекірлікті қайтсін. Екі көзі еркінен тыс тамаққа ұрлана қарап, жұтынып қойды. «Же, же!», - дедім тағы да. Тамақ деген естіге де, есерге де үстемдік құратын құдірет қой. Жарымес те содан аса алмады. Жасқана қол созды. Біркезде айналасын түгел ұмытып, ашқарақтана сұғынып кетті. Тойып алған соң көңілденді ме әлде менің залалсыз пенде екеніме көзі жетті ме – әңгімелесуге ыңғай берді. Бұл саған кім болады? – дедім. Әпкем, - деді ол.

– Ол үнемі «Толик, Толик» деп жатады ғой, ол кім?

– Ұлы.

– Неге су сұраса бермейсің?

– Толик берме деген. Жүрегім зырқ ете түсті. Сорлы әйел атын аузынан

тастамай жатқан ұлы осылай деген бе? О, адамзат, қайда барасың!

– Ал сен ауырсаң саған кім қарайды?

– Толик айтқан. Сен ауырсаң қараймын деген. Өлсең жерлеймін деген. Сол үшін

үйімді өз атына жаздырып алған. Мынаның да үйін жаздырып алған. Бұл үйде үш ай жатты. Мен қарадым. Әбден шаршадым.

– Қашан өледі? – деп маған қарайды Жарымес. Осы кезде науқас тағы ыңырсып  «Толик, су, су» деді де, айналасын қолымен қармалап қолына ілінген орамалды аузына тықпалады. Умри, дура! – деп зығырлана жекірді Жарымес. Әйел жым болды, әбден запы боп қалған. Жарыместің тілегі қабыл болып, науқас әйел комаға түсті. Ей, сорлы, осының дұрыс болды дедім.

Кешке қарай жүзінен тоқтық пен саулықтың, барлықтың буы бұрқыраған, қарынды, құйрықты, семіз қызыл сары жігіт келді.

Мен оған анасының соңғы сөзі «Толик»болғанын айтып, тымғұрыса есі бар кезде неге келмедіңіз, - деп ұрсыңқырап айттым.

– А, да, түсінесіз бе, жұмыс. Оның үстіне бәріне өзім жүгірем. Тіпті уақыт жоқ.

Енді жерлеуге де өзім жүгірем. Дұрыстап жерлеу керек. Дос-дұшпан бар дегендей, - деп, жалғыз ұлы әлі жаны кеудесінде жатқан анасының жерлеу қиындығын айтып кетті. Сонан соң маған қарап: әлі қанша жатар екен? – деді. «Екі-үш ай» дедім жыным ұстап. Жігіт түнеріп кетті. Бірақ онысын сездірмей тез құбыла қалды. Шу шығарып, журналистер шақырам деген соң ба, бір кезде аға медбике келіп мені басқа палатаға ауыстыратынын айтты. Мен кете бардым. Көңілім әлем тапырақ... Адамзат, қайда барасың!

Әмина Құрманғалиқызы

Байланысты жаналықтар

Асу Алмабаев UFC рейтингінде 7-орынға көтерілді

22.10.2024

Әйелдердің сөзін сөйлейтіндердің қатарынанмын - Елдос Сметов

22.10.2024

Жәнібек Әлімханұлы келесі жекпе-жегін кіммен өткізетіні анықталды

21.10.2024

Асу Алмабаев UFC-де төртінші қарсыласын жеңді

20.10.2024

«Қалжыңымды түсінбесе, менікі дұрыс болмағаны». Черчесов айтқан сөзіне түсініктеме берді

19.10.2024

«Барыс» легионерлерден бас тартты

18.10.2024
MalimBlocks
Асу Алмабаев UFC рейтингінде 7-орынға көтерілді

Бұған дейін ол 14-орында тұрған.

Әйелдердің сөзін сөйлейтіндердің қатарынанмын - Елдос Сметов

Спортшы әрдайым анасын қорғауға дайын тұратынын айтты

Жәнібек Әлімханұлы келесі жекпе-жегін кіммен өткізетіні анықталды

Асу Алмабаев UFC-де төртінші қарсыласын жеңді

Ол жалпы карьерасында 16 жеңістен тұратын сериясын жалғастыра түсті

«Қалжыңымды түсінбесе, менікі дұрыс болмағаны». Черчесов айтқан сөзіне түсініктеме берді

Ол қазақша сұрақ қойған журналиске қалжыңдаймын деп дауға қалған болатын

«Барыс» легионерлерден бас тартты

Елорда клубы енді легионерлерге мұқтаж емес.